Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тігінші Әйгерім

Тігінші Әйгерім

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетіліп келеді. Елбасы Жолдауында да шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше тоқталды. Олардың өз кәсібін кеңейту үшін пайызсыз несие мен қайтарымсыз грант бөлінуде. Оларды салықтан босатуы да кәсібін жаңадан бастаған жандардың еңсесін тіктеуіне жасалған мүмкіндік. Біздің ауданда жыл сайын кәсіпкерлер қатары артып келеді. Әсіресе ауыл тұрғындарының бизнеске ден қоюы көңіл қуантады. Сондай жандардың бірі – Әйгерім Даненова.
Әйгерім Жақсықылыш кентінде тұрады. Ол мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Қазір бесінші перзентін күтіп отырған жас ана өзінің не себепті кәсіпкерлікке ден қойғаны туралы айтып берді.
– Мен медицина мамандарын дайындайтын оқу орнын тәмамдап, жалпы медбике мамандығын алғанмын. Бірақ тұрмыс құрған соң, бірінен соң бірі балаларым өмірге келе бастады. Оларды бағып, үйде отыруыма тура келді. Осылайша уақыт өтіп жатты. Менің мамандығым бойынша жұмыс істеуге мүмкіндігімнің жоқ екендігіне көзім жетті. Бірақ мемлекеттің берген жәрдемақысына қарап отыра беруге тағы болмайды. Осылайша кәсіппен айналысу керек деген шешімге келдім, – деді жас кәсіпкер.
Ол қаланың қызы болатын. Қызылорда қаласында туып, сонда өскен. Бірақ әже тәрбиесін алғандықтан, ісмерлікке жақын болды. Әйгерімнің айтуынша, әжесі бала күнінен қасына алып, көрпе құрауды үйреткен. Әжесіне қолғабыс бола жүріп, өзі де мұның қыр-сырын меңгеріп алған.
– Әжем он саусағынан өнері тамған адам еді. Құрақ көрпе, тоқыма жұмыстарының бәрін жасайтын. Ол қолөнер жұмысына кіріскенде мен жанында жібін иіріп, тауарларын құраққа дайындап, көмектесіп жүріп үйреніп алдым. Бұл кейін менің кәсібіме айналды. Бірақ тап сол кезде болашақта тігіншілікті жаныма серік етемін деп ойламаған едім, – деді ол.
Қолынан іс келгенімен, Әйгерімнің кәсіп бастауға қажетті машина, тігін құралдарын алатын қаражаты болған жоқ. Ол мемлекет тарапынан кәсіпке ынталы жұмыссыз адамдарға берілетін гранттық қаражатты алу үшін курсын оқып, сертификатын алып, бизнес жоспарын әзірледі. Ақырында өткен жылдың қыркүйек айында гранттық қаражатқа қол жеткізді.
– Қазір көп адам жанын қинап, жұмыс істеуден қашады. Мемлекет тек тегін ақша бере берсе дейді. Мен ондай ойдан аулақпын. Қазір Үкімет барлық жағынан қолдау көрсетіп жатыр. Кәсіп ашамын деушілерге қайтарымсыз ақша беру деген ғажап қой! Мен ол қаражатты алған соң, Шымкент қаласына барып, екі түрлі тігін машинасын, қиюға арналған құралдар, маталарды алып келдім. Осылайша өз кәсібімді бастап кеттім. Бастапқыда дайын көрпелер тігіп қойып, әлеуметтік желі арқылы жарнама жасап сатып жүрдім. Кейіннен біртіндеп тапсырыстар түсе бастады. Бағасын да қолжетімді етіп қойдым. Ата-анамыз бала кезден "қарғыс алма, алғыс ал" деп үйреткен. Сондықтан тігісін мұқият тігіп, мақтасын мол саламын, – дейді Әйгерім.
Әйгерімнің өзі ғана емес, жолдасы Аралбек те мемлекеттік бағдарлама арқылы мал алып, кәсіппен айналысуда. Еңбекқор отбасы осылайша тірліктің көзін тауып, балаларын бағып отыр. Балаларын да еңбекқорлыққа баулыған. Үлкендері қолғанат болуға жараған. Анасы мен әкесінің жанында көмекші болып жүр. Болашақта өздерінің шаруашылықтарын дамытуды мақсат еткен жандардың алға қойған жоспары көп-ақ.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
27 наурыз 2021 ж. 930 0