Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерлікті студент күнімнен бастағанмын

Кәсіпкерлікті студент күнімнен бастағанмын

Бүгінде кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Әсіресе жастардың кәсіпке ден қоюы көңіл қуантады. Мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған түрлі бағдарламалар әзірленуде. Мұндай қолдауларды жастар оңтайлы пайдаланып, өздерінің ойға алған кәсіптерін ашуда. Соның арқасында жұмыссыздық деңгейі азайды. Тіпті шалғай ауылдағы жастар да кәсіпкерлікке ден қойып, ауыл халқының қажетін өтеп отыр. Сондай жандардың бірі – Мергенсай ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Бағлан Қалмағанбетов.
Бағлан бала кезден теңізді өлкенің ата кәсібіне айналған балық шаруашылығының қыр-сырымен таныс болып өсті. Балық шаруашылығын басты табыс көзіне айналдырған ауылда туып-өскендіктен болар, ол үшін балық аулау ең оңай іс болды. Әкесі де, ағасы да теңіз маржанын сүзген балықшы еді. «Алма ағашынан алыс түспейді» демекші, Бағлан да теңіз төңіректеуге құмартты.
– Көкшетау қаласынан жоғары оқу орнын аяқтадым. Қазір қолда дипломым бар. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алғанмын. Бірақ дипломмен жұмыс істеген жоқпын. Мен еркіндікті жақсы көретін адаммын. Тіпті студент кезімнің өзінде үлкен бір дүкенді жалға алып, дос баламмен сол жақта кәсіпкерлікті бастаған болатынмын. Кейіннен ауылға келіп, балық аулап жүрдім. Бұл кәсіп – жанымызға етене жақын кәсіптің бірі. Мектеп жасында-ақ қайыққа мініп, ау салуды меңгеріп алғанбыз, – деді Бағлан.
Балық аулауды кәсіп етіп жүріп, Бағланға тың идея келеді. Ауылдан балық өнімдерін алуан түрлендіріп әзірлейтін цех ашуды қолға алады. Осылайша кәсіпкерлік жоспарын әзірлейді. Оның бұл бастамасы мыңның ішінен дараланып, жас кәсіпкерлерге берілетін қайтарымсыз грантты жеңіп алады.
– Балықтан түрлі өнім жасауға болады. Оның қайсыбірін алсаң да, халық арасында сұранысқа ие. Соның бәрін ескеріп, осы жобаны қолға алдым. Бастамам үздік деп танылып, 2 миллион теңге грантты жеңіп алдым. Бұл қаражатқа балық өнімдерін даярлайтын аппараттар алдым. Қазір өнімдерді заңдастыру жұмыстарын жасап жатырмын. Әзірге тәжірибе жүзінде ысталған балықты шығарып отырмын. Сұраныс жоғары, – деді жас кәсіпкер.
Бағланның бизнес жобасында ысталған, консервіленген балық өнімдерімен қоса, балықтың фаршын шығару, тұзға пісірілген балық өнімін өндіру де бар. Бірақ қазіргі күні балықтың аз шығуына байланысты бұл өнімдерді кеңінен шығаруға мүмкіндік болмай отыр.
– Шынымды айтсам, мемлекеттік бағдарламаның арқасында мен өзімнің ойға алған мақсатыма қол жеткіздім. Бұл біз сияқты жастарға жасалған үлкен қолдау деп білемін. Менің бастамам ауылдағы қатарлас достарыма үлгі болды. Қазіргі күні кәсіп бастауға ниеттілер қатары артқан, – деген Бағлан кәсіпкерлікті дамытуға жасалған қолдаулардың оң нәтиже беріп жатқандығын айтты.
Бағлан ысталған балық өнімін тапсырыспен дайындап жүр. Әсіресе Алматы, Ақтөбе, Көкшетау өңірлері Аралдың балығын алуға құмартқан. Сырттан бөлек, ішкі қажеттілікті де өтеуде. Тек шикізат көзінің аздығы қолбайлау болып отырғандығын айтады. Алдағы уақытта балық өнімдерінің алуан түрін шығаруды қолға алып отырған кәсіпкер ішкі нарықты да қамтамасыз етпек.
– Нарыққа шығу үшін өнімдердің сертификаты, заңды құжаттары болуы тиіс. Бұл халық тұтынатын өнім болған соң, мұндай заңдылықтар орындалуы керек. Сол себепті әзірге өнімді көпшілікке ұсынып отырған жоқпын. Осы мәселе шешілген соң, еркін саудаға шығаруға болады, – дейді кәсіпкер.
Ата кәсіпті жаңаша түлетіп, кәсіптің көзін тапқан жанның ойға алған жоспары көп. Ол балық өнімдерін шығаратын цехты толықтай жұмысқа қосқанда, ауылдастарының жұмыссыздық мәселесін шешіп, аудан халқының балық өніміне деген қажеттілігін өтемек. Мұндай жарқын бастамамен танылған жас кәсіпкердің алдағы жұмысына сәттілік тіледік.
Н. Маратқызы,
Арал қаласы 
06 қаңтар 2021 ж. 448 0