Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Консервіленген балық шығару қолдан келеді

Консервіленген балық шығару қолдан келеді

Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі жастар арасындағы жұмыссыздықтың артуы болып отыр. Бұл істің де қолдан келетінін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Аталған мәселені оңтайлы шешу үшін мемлекет тарапынан жастар саясатын жүзеге асыруға арналған кешенді бағдарламалар жасалып, жастарды кәсіпкерлікті баулуға бағытталған шаралар жүзеге асып келеді. Соның арқасында жастардың кәсіпке бет бұруы жоғары қарқын алды. Тіпті ауылдық жердегі жастардың өзі кәсіптің көзін ашып, өз несібелерін табуда. Сондай жандардың бірі – Ернар Қалданұлы.
Н. Бақырадин

Ернар – қарапайым ауыл баласы. Балалық шағы Ақбасты ауылында өтті. Мектеп бітірген соң, ол да өзге қатарластары секілді жоғары оқу орнына түсті. Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы тех­но­ло­гиялық университетін мұ­най-газ мамандығы бойынша бі­тір­­ді. Дипломды жас маман қала­ның шуылды қызық өмірін ауылға айырбастап, туған жерге оралды.
– Қала өміріне ешқашан құ­март­­қан емес­­пін. Қайда жүрсем де ауылды аңсап тұратын­мын. Содан да болар, оқу бітірген соң көп ойла­нып жатпай, ауылға тар­тып тұрдым. Осын­да ата-анама, бауыр­ларыма қарайласып жүр­дім. Отба­сын құрдым. Жұбайым Ақнұр­дың маман­дығы технолог еді. Ол консервіленген балық шығар­сақ деген ойын айтып жүрді. Ауылдан ондай іс бастау мүм­кін емес бо­лар деген ой келді. Бірақ ол мұның тиімді тұстарын ашып, түсіндіре баста­ған­да, қызығушылығым ояна баста­ды, – деген Ернар өз кәсібін қалай қолға алғаны туралы айтып берді.
Бүгінгі қоғам сұранысына сай кәсіпке Ернар шындап кірісті, консервіленген балық шығару жобасын бастады. Жас кәсіпкердің бұл жоба­сын ынталандыру мақсатында мемлекет тара­пынан қайтарымсыз грант тағайындалған. Осылайша ол өз кәсібін бастауға қажетті жаб­дықтарды алады.
– Бір қуантқаны, жас кәсіпкерлердің идея­ларын қаржыландырып, оның дамуына қолдау көрсеткендігі болды. Соның арқасында біз өзіміз армандаған кәсібімізді ашуға мүмкіндік алдық. Өткен жылдың қаңтар айынан бастап алғашқы өнімдерімізді шығара бастадық. Негі­зінен, қажетті консервіні Алматы қаласынан ар­найы тапсырыспен алдырамыз. Ал балықтар – өзіміздің теңізден ауланған балғын өнімдер. Бастапқыда күніге 40 консервіленген балық шығарған болатынбыз. Қазір елдегі ахуалға бай­ланысты тапсырыс азайды. Айына 1000-ға жуық өнім шығарудамыз, – дейді кәсіпкер.
Шалғайдағы ауылда тұрса да, өздерінің кәсібін ашып, тірліктің көзін тауып отырған ең­бегі қатарластарына үлгі. Қазір іскер жанның қолынан шыққан консервіленген балықтар ау­дан көлеміне кең тараған. Мұның бәрі – үлкен еңбектің жемісі. Осы табанды тірлігі арқылы ол отбасын асырап, ата-анасына қолғабыс болып отыр.
– Елдің ішінде жүрсең, қандай істі бастасаң да табысқа кенелерің сөзсіз. Көбі ауылда жұмыс жоқ дегенді сылтау етеді. Шындығына келгенде, қайнаған тірлік ауылда екен. Бүгінде алға қойған мақсатыма жетіп, өзімнен кейінгі буынға үлгі бо­ларлық іс жасағаным үшін қуана­мын,– дейді кәсіпкер.
Ернар болашақта өз кәсібін одан әрі дамы­тып, балық өнімдерін даярлайтын үлкен өндіріс орнын ашсам деген жоспарларын келер күннің еншісіне қойған. Әрине жігерлі жастың оған мүмкіндігі де жеткілікті.
17 қазан 2020 ж. 613 0