Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шұбат өңдеуден басталған берекелі кәсіп

Шұбат өңдеуден басталған берекелі кәсіп

tolqyn.kzМемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетіліп келеді. Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше мән берген еді. Олардың өз кәсібін кеңейту үшін пайызсыз несие мен қайтарымсыз грант бөлінуде. Біздің ауданда жыл сайын кәсіпкерлер қатары артып, жаңа кәсіпкерлік нысандар бой көтеруде. Әсіресе ауыл тұрғындарының бизнеске ден қоюы көңіл қуантады. Бүгін жас кәсіпкер, көпбалалы ана Әсем Бүркітбайқызы туралы айтпақпыз.
Табысқа жетудің үлкен құпиясы – еңбек. Мұны Әсем де жақсы ұққан. Ол талай жыл қоғамдық негізде жұмыс істеді. Отбасын бағу үшін ешқандай қиын істен қашқан жоқ. Сол бейнетті күндер бүгінде көрген түстей артта қалды. Ол бүгінде Жақсықылыш кентіндегі белгілі кәсіпкерге айналды.
– 2017 жылы «Өрлеу» бағдарламасы арқылы түйе алдым. Сондағы ойым – шұбат өндіру ісін қолға алу. Ойым іске асты. Қазіргі күні түйе сауып, шұбат, құрт істеп отырмын. Бұл маған берекелі кәсіп болды. Мұнан әрі кәсібім кеңейе түсті, – деп бастады әңгімесін Әсем.
Әсемге шұбат өндіру ісі табыс әкеле бастады. Оның шұбаты мен құрты Аралда ғана емес, Ақтөбе мен Атырау қалаларында сұранысқа ие. Өз кәсібін одан әрі кеңейтуді мақсат еткен жас келіншек ауылдан жастар тынығатын орын ашуды жоспарлайды. «Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламасы бойынша оқып, мемлекеттен 3 миллионға жуық қайтарымсыз грант ұтып алады. Бұл қаржыға Жақсықылыш кентінен фастфуд орталығын ашады.
– Біздің ауылымыз үлкен. Мұнда жастар да көп. Олар демалыс орнында бас қосып отырғысы келеді. Сол үшін қалаға барады. Маған ауылдан да осындай орталық ашсам деген ой келді. Бұл кәсіпті бастағаныма көп болған жоқ. Сонда да болса, келушілердің қарасы қалың. Жастар алғысын білдіріп жатыр. Көбіне донер, пицца сынды фаст-фуд тағамдарға сұраныс жоғары. Бұдан бөлек, шағын асханам шұбатхана есебінде де жұмыс істеп тұр. Арнайы шұбат ішу үшін келетін адамдар да бар, – дейді ол.

Негізі Әсемнің мамандығы бағдарламашы. Жоғары оқу орнын бітіргенімен, бұл салада жұмыс істемеді. Десе де, осы күнгі кәсібінен табыс тауып, отбасын асырап отырған жайы бар.
– Неге екенін қайдам, өз мамандығым бойынша жұмыс істеуге онша көңілім соқпады. Оның үстіне, менің таңдаған салама сәйкес ауылдан жұмыс та табылмады. Содан да болар, кәсіпкерлікке ден қойдым. Бұл үшін еш өкінбеймін. Ең бастысы, адал еңбекпен нан тауып отырмын, – деген Әсем кәсіппен айналысудың өзіне ұнайтынын айтты.
Кәсіпкер келіншекке бизнестегі бастамасы табыс әкеліп қана қоймай, оның жаңа ортасын да қалыптастырды. Ол – республика бойынша құрылған «Іскер әйелдер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Биыл аталған бірлестіктің облыста өткен форумына қатысып, кәсіпкерлік саласының дамуына қосқан үлесі үшін арнайы марапатқа ие болды. Сондай-ақ бірнеше мәрте облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
– Бізге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Кәсіп ашам деген әрбір жанға мүмкіндік мол. Менің де шұбатын өндіруден бастаған кәсібімді осы қолдаулардың арқасында аз уақыттың ішінде кеңейттім, – дейді.
Әсем 33 жаста болса да, 5 баланы өмірге әкеліп тәрбиелеп, бір отбасының ұйытқысы болып отырған көпбалалы бақытты әйел.
Ол өзінің табысқа жету жолының қыр-сырын ықыласымен баяндап берді. Жас келіншектің талпынысы мен еңбекқорлығына қызыға қарап, таңдай қағасың. Оның іскерлігінің жастарға әркез үлгі болары сөзсіз.
Н. Марат
14 қазан 2019 ж. 827 0