ҚҰС ӨСІРУДІ ҚОЛҒА АЛДЫ

Қазіргі күні, ауыл шаруашылығы бағытындағы нысанның 80 пайызға жуығы атқарылып, құрылыстың негізгі бөлігі іске қосылып та үлгерген. 3000 басқа арналған қаз фермасында бүгінде Ресей Федерациясының Башқұртстан елінен жеткізілген қаздың «Линда» түрінен 1300 бас балапан өсірілуде.
Осы орайдағы жұмыс барысымен күні кеше аудан басшысы М.Оразбаев арнайы танысып қайтты. Қаз фермасындағы тынымсыз тірлікке куә болған аудан басшысы өңірімізде дәстүрлі емес кәсіптің осы бір түрін дамытуға бел шешкен кәсіпкерге тірлігінің түлеп, ісінің ілгерілеуіне тілектес екенін жеткізді.
Ия, адам денсаулығына пайдасы зор құс етіне сұраныс та мол. Сондықтан фермер кәсібін одан әрі кеңейтуді мақсат етіп отыр. Бұл бағытта фермер өзіне тиесілі жер аумағына қаздарға қысқы мезгілге азық дайындау үшін арпа, бидай, жүгері, жоңышқа егуді де жоспарлап қойған.
Осы ретте, өз кәсібіне ерекше ықыласты Гүлнар Әлібаева:
- Бүгінде әрбір ел азаматына өз кәсібін игеруге мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып отыр. Мәселен, өз басым өңірлік орталық тарапынан несиелендіруге қатысты ешқандай әкімшілік кедергілерге кездеспей, екі апта ішінде толық қаражат алуға қол жеткіздім. Жалпы, өңірлік инвестициялық орталықтың кәсібін енді бастағалы жүрген азаматтарға тигізер пайдасы, әрі қамқорлығы өте зор, -дейді.
