Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тігіншілікпен табыс тапқан

Тігіншілікпен табыс тапқан

Көзін тапқанға кәсіптің түр-түрі бар. Себебі қазір мемлекет қолынан іс келетін жандарды демеп жіберуге дайын. Сондықтан болар, аталған саланың тамырына қан жүгіріп, еліміздің негізгі демеуші, қолдаушы күшіне айналып келеді. Қазіргі уақытта кішкентай кәсіптен басталған істің уақыт өте үлкен жобаға айналып кетуіне мүмкіндік мол. Сол мүмкіндікті пайдаланып, ертеңін бүгіннен бастап жатқан жас кәсіпкерлер қатары көп. Солардың бірі – Гаухар Жаңабаева. Ол тігін машинасының жаңа мүмкіндігін пайдаланып, кәсібін жүргізіп отыр.
Гаухар үшін тігіншілік өнер таңсық емес. Ауылда өсіп, бойжеткен қыз бала күнінен анасы мен әжесінің тігін тігіп, жіп иіріп, тоқыма тоқығанын көріп өсті. Қазақ қашанда қыз баласын аспаздық пен тігіншілікке баулып өсірген ғой. Гаухардың да анасы өзінің білген өнерін қызының бойына сіңіре білді.
– Өзім Аманөткел ауылында туып-өстім. Ес білгеннен анамның тігін тіккен кезде қасында көмекші болып жүрдім. Осылайша тігін өнерінің техникасын меңгеріп алдым. Бірақ мектеп бітірген соң, бұл салаға бет бұрған емеспін. Өзге қатарластарым сынды мен де арнаулы, кейін жоғары оқу орындарын бітіріп, диплом алдым, – дейді Гаухар.
Бір қызығы, Гаухар алғашында тігіншілікті өзіне қол көрмеген. Заңгер мамандығы бойынша білім алып, қос дипломды алған маман, оқу бітірген соң да өз мамандығы бойынша 7 жыл мемлекеттік мекемеде жұмыс жасайды.
– 2015 жылы тұрмысқа шықтым. Сонан соң балаларым өмірге келе бастады. Жолдасым жұмыс істейтін болғандықтан, толықтай бала тәрбиесімен айналысу маған жүктелді. Содан қызметтен қол үзуге тура келді. Қазір 3 баланың тәрбиесімен айналысып отырмын. Бірақ тек бала бағып, үй шаруасын жасап отыру мен үшін еріншек әйелдің сылтауы сияқты көрінді. Оның үстіне, қазір от жағып, су тасымаймыз. Бәрі жеңілдеген заманда бір нәрсемен айналысу керек болды, – деді жас кәсіпкер.
Осыны ойлаған Гаухардың түпкі ойын түсінген жолдасы Сұлтанбек оған жазуға арналған тігін машинасын алып береді. Бұл машинаның бір ерекшелігі, өзіне орналасқан құрылым арқылы кез келген сөзді мата бетіне жазып шығуға болады. Тек функциясын дұрыс келтіріп отырсаң болғаны.
– Бірақ ол машинаның тілі ағылшын тілінде болды. Қазақ қарпі бар машиналар өте қымбат тұратын. Сонан "Атамекен" кәсіпкерлерді қолдау орталығының жас кәсіпкерлердің ісін бастауға қолдау көрсетіп жатқандығын естіп, 2 ай осында оқып, бизнес жоспарымды тапсырдым,– деді ол.
Осылай Гаухар жас кәсіпкерлерге берілетін мемлекеттік грантты жеңіп алды. Аталған қаражатқа тігін машинасын сатып алып, өз кәсібін одан әрі кеңейте түсті. Қазір машинаның мүмкіндігін пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп отырғанына да үш жылға жуық уақыт болыпты.
– Халықтың сұранысы жоғары. Қыз ұзату, тұсаукесер, сүндет той сынды дәстүрлі мерекелерде қолданылатын бұйымдарға, жайнамаздарға, жаңа туған нәрестелердің көрпешелеріне есімдер жазып беремін. Есім жазудың ерекшелігі, тек сол адамға арналған сый екендігін айшықтап тұрады. Сондықтан менің қызметіме жүгінетіндер қазір көп,– деген кәсіпкер, өзінің жұмысының қандай екендігін айтып берді.
Расында, қазір мемлекеттің қолдауымен өз кәсібін бастап, табысқа жетіп жатқан жандар жетерлік. Гаухар – отбасында бала тәрбиесімен айналысып, үй шаруасын жасаумен қатар, қолы қалт ете қалса, тігін машинасына отырып, табыс тауып жүрген еңбекқор жандардың бірі. Алдағы уақытта үлкен шеберхана ашуды да мақсат етіп отыр.

Назерке  МАРАТ
16 наурыз 2021 ж. 891 0