Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік көшін түзейді

«Бастау Бизнес» кәсіпкерлік көшін түзейді

«Бастау Бизнес» кәсіпкерлік көшін түзейді
Тігін цехы, наубайхана, сән салоны немесе шаштараз... Шағын болса да пайдасы шаш етектен осындай бизнес-жобалар бүгінде халық сұранысына ие. Сондықтан қолдан келетін істен пайда табуды ойлаған көпшілік мемлекет мүмкіндігін пайдаланып, өз кәсібін бастағысы келеді. Алайда бизнестен бейхабар адамға шаруаны бастап кету оңай емес. Осындай мәселелерді шешу бағытында «Бастау Бизнес» оқыту курсы ашылып, мемлекет кәсіпкерліктің көшін түзеу үшін оңтайлы шешім қабылдаған болатын. Бүгінде бұл жемісін беріп жатыр.
Кеше «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасыАрал аудандық филиалының ғимаратында биылғы «Бастау Бизнес» жобасының алғашқы қатысушыларына сертификат беру шарасы өтті. Алғашқы лекте 49 адам сынақтан өтіп, оның 39-ы оқуды аяқтаған. Яғни, олардың курсты тәмамдағанын растайтын сертификат алдағы уақытта бизнесін қаржыландыруға мүмкіндік береді. Міне, осылайша жаңа іс бастауға берілген жолдама қатысушыларды қанаттандырып отыр.
Айта кету керек, тың бастамалар қашанда қолдауға ие. Бұрын қолға алынбаған, сұранысы жоғары жобаларға мемлекет көмек көрсетеді. Сондықтан ешкім бастамаған идеяларды жүзеге асыруға асыққан жөн. Жоба сертификатын алушы жандардың осындай бірнеше бастамасымен таныстық. Қала тұрғыны Нұргүл Басқынбаева кілт жасайтын шағын цех қалыптастырғысы келеді. Осы ісін бастау үшін 250 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант алуды көздеп отыр.
– Мұндай цех ауданда жоқ. Бұзылған кілтін қайта жасату үшін көп адам қалаға кетіп жатады немесе жаңасын сатып алуға мәжбүр. Осыны байқап, жаңа бизнес бастағым келді. Қайтарымсыз грант алсам, құрылғыларын және кілт жасауға қажетті заттарды сатып алмақпын. Меніңше, бұл – болашағы бар кәсіп, – дейді ол.
Ал Жеңісгүл Тажидинованың жобасы – тігін цехы. Өзі есепші мамандығын бітіргенімен бала кезден бергі арманы – дизайнер болу. «Бастау Бизнес» жобасына қатысу арқылы арманын жүзеге асыруды ойлап отыр.
– Кішкентай күнімнен қолөнерге жақынмын. Қазір үйден тапсырыс қабылдап, сұранысқа сай киім тігіп жүрмін. Сайт арқылы да жарнама жасаймын. Енді осы ісімді кеңейтіп, тігін шеберханасын жолға қойғым келеді. Жұмысым жүріп кетіп жатса, жұмысшы алуға да мүмкіндік бар. Ол енді уақыттың еншісінде. Күтіп тұрған алғашқы қадам – тігін машинасы мен қажетті жабдықтарды алу, – дейді жоба бастамашысы.
Сондай-ақ, жоба қатысушысы Мұрат Смановтың да ойы бізге ұнады. Орта жастағы азамат кірпіш шығаратын цехты бастауға кіріспек. Айтуынша, шаруаның біраз бөлігін өз күшімен атқарып қойған. Енді бір ізге түсіру үшін шағын несие алғысы келеді.
– Мұндай қадамға баруымның себебі бұл–көзтаныс жұмыс. Ақтөбеде жүріп, кірпіш шығарудың жолдарын үйрендім. Бүгінде өнім шығаратын орын да дайын. Одан әрі дамытуға қаржы қолбайлау болып отыр. Сондықтан мемлекеттің мүмкіндігін тиімді пайдаланғым келеді, – дейді.
«Бастау Бизнесте» арнайы оқытушылар оқу курсынан өтуші азаматтарға бір ай ішінде бизнес жоспар әзірлеуді және өз кәсіптерін тиімді жүргізудің тәсілдерін үйретеді. «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Арал аудандық филиалының директоры Қадірхан Еңсепов:
– Бизнес жоспар жасалғаннан кейін несие алуға ниетті азаматтар әуелі аудандық деңгейде құрылған комиссияның алдында бизнес жоспарларын қорғайды. Бұдан соң, ауданнан мақұлданған жоба облыстық комиссияның қарауына жіберіледі. Жолданған құжаттар облыстық комиссия тарапынан оң қорытынды алған соң, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Арал ырысы» және «Өңірлік инвестициялық орталығы» секілді қаржы ұйымдарына несиелендіру үшін ұсынылады, – дейді. Алайда ол үшін кепіл мүлкі және несие тарихы дұрыс болуы қажет.
Жалпы, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясындағы жұмыстар төрт бағыт бойынша жүргізіледі. Олар – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, бастамаларды қолдау, қалалар мен ауылдарда несиелерге кепілдік беру және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру. Соның ішінде «Бастау Бизнестің» кәсіпкерліктің әліппесін үйретіп, жоба жасауға тигізетін пайдасы мол. Ерекшелігі – ауыл халқын тәжірибелі, кәсіби маманмен қамтамасыз етіп, жеңілдікті несие түрінде бастапқы капиталды алуына көмектеседі. Сондай-ақ, тәлімгердің қолдауымен жасалған бизнес-жоспар комиссия алдында мақұлдануына ықтималдығы жоғары.
М. ҚҰРМАНӘЛІ
30 сәуір 2019 ж. 1 542 0