Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елді мекендерде есепті кездесу басталды

Елді мекендерде есепті кездесу басталды

Кеше аудан әкімі мен әр түрлі деңгейдегі ауыл әкімдерінің елді мекен тұрғындары алдындағы есепті кездесуі басталды. Қорытынды есеп алдымен Бөген ауылдық округінде өтті.
Алдымен Ш.Андызбаев елді мекеннің өткен жылғы көрсеткіштеріне тоқталды. Ауылдағы кәсіпкерлік нысандар мен шаруашылық жайын атап өтті. Мәселен, "Арал сервистік дайындау орталығы" ЖШС Бөгеннен жер учаскесін сатып алып, балық қабылдау пункті мен жатақхана салу жұмыстары бастаған. Сондай-ақ, "Мерей-1" ЖШС құны 15 млн. теңге болатын жанармай және газ құю бекеті мен көлікке техникалық қызмет көрсету орталығының құрылысын жүргізіп жатыр. Одан бөлек Ғарифолла Смағұлов 80 орындық кафе салып, тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Атап өтер тағы бір жаңалық – "Бөген-Ақлақ" автожолының 20-ға жуық шақырымының аяқталуы. Осылайша алыстағы ағайынның жол мәселесі бір ізге түсті. Есепті кездесуде өңірдегі ауқымды шараларға тоқталған аудан әкімі М.Оразбаев бұл жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Әбдікәрімов ел игілігіне бағытталған жұмыстарға алғысын білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтсақ, көне мектеп ғимараты мен клуб жөндеуді қажет етіп тұр. Аудан әкімін аталған мәселелер назарда болатынын жеткізді.
Есепті кездесу одан соң Қосжар ауылдық округінде өтті. Округ әкімінің баяндауынша, өз ісін дөңгелетіп, жеке бизнесін қалыптастырушылар артып келеді. Бұған облыс көлеміндегі кәсіпкерлікке қолдау себеп болып отыр. Әсіресе, "Бизнес Бастау", "Бизнес Кеңесші" бағдарламалары арқылы сертификат алып, несиеге қол жеткізгендер көп. Осының есебінен Нұрымкүл Шарипова шаштараз ашса, Сая Әлімбай наубайхана ісін қолға алды. Сондай-ақ, Ердос Есепбаев мал шаруашылығын дамыту мақсатында 2 млн. теңгеге жеті бас жылқы алып, жұмысын жүргізуде. Аймақ басшысы ауылдағы кәсіпкерліктің өрісін кеңейту қажеттігін үнемі айтып келеді. Қосжарлықтар осындай мүмкіндікті тиімді пайдалануда.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары ауданда жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды тыңдап, оң бағасын берді. Сондай-ақ, аудан әкіміне ұсыныс-пікірлерін айтып, көкейдегі сауалдарын жолдады.      
   Оңталап ЖОЛДАСОВ.
14 қаңтар 2019 ж. 1 099 0