Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көліктерді жайнатқан...

Көліктерді жайнатқан...

Көзін тапқанға кәсіптің түр-түрі бар. Себебі қазір мемлекет қолынан іс келетін жандарды демеп жіберуге дайын. Сондықтан болар, аталған саланың тамырына қан жүгіріп, еліміздің негізгі демеуші, қолдаушы күшіне айналып келеді. Қазіргі уақытта кішкентай кәсіптен басталған істің уақыт өте үлкен жобаға айналып кетуіне мүмкіндік мол. Сол мүмкіндікті пайдаланып, ертеңін бүгіннен бастап жатқан жас кәсіпкерлер қатары көп. Солардың бірі – Дастан Бахытұлы Бисенов. Ол бүгінде Aral.auto.chehly – көліктерге арналған EVA және 3D поликтер тігу цехының жобасын қолға алған.

Бір қызығы, Дастан осы кәсіпті қолға алған шақта тігіншіліктен мүлде хабары болмағандығын айтады. Уақыт өте келе ол өз ісінің маманына айналды. Бастапқыда кездескен қиындықтарға сағы сынбаған кәсіпкер қазір автосалон жұмысымен айналысқанына 1 жылдан астам уақыт өтті. Осыған дейін талай көліктерге жаңаша өң берді.
– Шыны керек, мен бұл кәсіпке кіріскенде тек іштей қызығушылықтан бастадым. Әйтпесе тігін машинасын маңайлап көрмеген едім. Алғашында өзімнің бар жиған қаражатымды салып, тігін машинасы мен көлік кұралдарын қаптауға қажетті маталарды сатып алып келдім. Сөйтіп жұбайым Бану екеуміз ең алғаш болып есік алдында жарамсыз болып жатқан көне машинаның орындығын қаптап бастадық. Әлі есімде, бір орындықты таң атқанға дейін әбігерленіп жасап бітірген едік. Сол алғашқы жұмысымыз қазір ескерткіш ретінде шеберханада тұр. Өзімізге ыстық көрінеді, – деген Дастан кәсібін қалай бастағаны туралы айтты.
Осылайша Дастанның қызығушылығынан туған кәсібі оған мол табыс әкеле бастады. Біртіндеп алғашқы тапсырыс берушілер легі де келді. Алғашында тек орындықтар қаптайтын болса, бертін келе полик, есігі мен төбелерін жаңалап жайнатудың да қыр-сырын меңгерді. Қаптауға қажетті матаны Ақтөбе қаласынан арнайы тапсырыспен алдырып отыр.
– Бастапқыда тапсырыс берушілердің қалтасына қонымды болсын деп арзан материалдар алып, тігіп жүрдім. Бірақ кейіннен сапалы дүние жасау керек екендігін түсіндім. Сапасы жоғары маталар алдыра бастадым. Қазір адамдардың талғамы биік. Олардың көңілінен шығатындай етіп жасағанда ғана сенің жұмысың көрінеді, – дейді.
Дастан жуырда мемлекет тарапынан берілетін 505 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Aral.auto.chehly – көліктерге арналған EVA және 3D поликтер тігу цехының жобасы ауданда алғаш қолға алынып отырған тың бастама болып табылады.
         – Жұмысым алға баса бастаған соң, үлкен цех ашуды қолға алдым. Осылайша өзімнің  қаражатыммен цех құрылысын бастап кеткен едім. Мемлекет тарапынан берілген грант осы цех құрылысына көмек болды. Цех толығымен іске қосылғанда, көлік құралдарына қажетті жұмыстардың барлығын жасауды жоспарлап отырмын. Мәселен, терезесіне перде, музыкалық қондырғылармен жабдықтау, тағы басқа мәселесі болған тұтынушылар ешқайда сабылмай, бір цехтан қол жеткізуді жоспарлап отырмын, – деген Дастан, алға қойған жоспарларымен бөлісті.
Қазір оны аудан көлемінде көптеген адамдар біледі. Жұмысын жоғары бағалайды. Өз  ісіне тиянақты шебердің қолынан шыққан көлік бұйымдары көздің жауын алады. Қазір жұмыс ауқымды болған соң, екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оларға да жалақыны тұрақты төлеп отырғандығын айтты.
         Дастан екі бірдей жоғары оқу орнын бітірген. Бұған дейін мамандығы бойынша да қызмет істеген. Бірақ қазіргі кәсібі несібесін молайта түскендігін айтқан жас кәсіпкер, адал еңбектің берекеге бастайтынын тілге тиек етті.
– Өзің сүйіп істеген ісің ғана  сені табысты етеді екен. Мұндай жұмыста кездескен қиындықтарға да сағың сынбайды. Аллаға шүкір, осы кәсіпті қолға алғалы бері ырыс-несібем еселене түсті. Өзіме  не керек екендігін енді тапқандаймын, – дейді.
Жас та болса өз ісін дөңгелетіп отырған Дастан жары Бану екеуі 5 баланы өмірге әкелген көпбалалы отбасы. Жарасымды жанұяның тірегі болып отырған Дастан өзінің адал еңбегінің арқасында отбасын ырыс мен берекеге толтырып отырған азамат.
Н. Маратқызы
07 қараша 2020 ж. 722 0