Жұмысы жанданған қожалық
Ауыл шаруашылығын өркендету саласы бүгінде басымдық алған бағдарламалар нәтижесінде жан-жақты жүргізіліп келеді. Оның ішінде мал шаруашылығымен және егін шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік мол. Бүгін сол егін шаруашылығымен айналысып отырған шаруа қожалықтарының бірі-Алдоңғар Қаныбетовтың төрағалығымен құрылған «Асхат-1» шаруа қожалығы. Жалпы, Ақирек елді мекенінің басым көпшілігі егін шаруашылығына ден қойып келеді. Жаз бойғы еңбектің жемісін көретін тұрғындар үшін тынымсыз еңбек науқаны көбіне жаз, қыс мезгілдерінде қыза түседі. Осындай еңбектің басы-қасында жүрген Алдоңғар ағамыз мемлекет тарапынан беріліп жатқан несиеге қол жеткізіп, жұмысын жан-жақты жүргізіп келеді. Атап айтсақ, бүгінде қолға алынған «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша «Ерке-Ел» шағын несие ұйымынан несие алған. Нәтижесінде тамшылатып суару технологиясы бойынша қажетті құрал-жабдыққа қол жеткізген. Сондай-ақ, айналым қаражатын толықтыру мақсатында техникаларына құрал алған. Осы сынды қолға алған жұмысын жандардырған А. Қаныбетовтың бүгінде пайдаланып келе жатқан 221 гектар жерінің құнарсызданып, сорлануына байланысты қосымша 150 гектар жер сатып алу ойында бар.
Осылайша атадан қалған адал кәсіптен нәпақа тауып, болашағы үшін баянды тірліктер жасап келе жатқан А. Қаныбетов ауыл шаруашылығын дамыту саласына өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді. Ендеше, ел экономикасын жақсарту жолында жұмыс жасап жатқан жеке шаруа қожалықтар қатары көбейіп, қарқыны қарыштай берсін демекпіз.
А. Қарасай.