Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кентте кешенді жұмыстар бар

Кентте кешенді жұмыстар бар

Жақсықылыш. Кенттегі өткен жылы атқарылған жұмыстар ауқымды. Айталық, кентте 1 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салуға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жұмысы толық аяқталды. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында кент орталығынан жеке кәсіпкер А.Сүлейменов тойхана құрылысын бастап, бүгінде құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысын салу бойынша аудандық бюджет есебінен кенттің бас жоспарына сәйкес оңтүстік жақ бетінен қосымша 60 гектар жерге мердігер мекемемен жоспар жасалып, аудандық құрылыс бөлімі арқылы инфрақұрылым жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттарын жасауға тапсырыс берілген. Ал, кенттегі халықтың көбін жұмыспен қамтып отырған ірі өндіріс ошағы «Аралтұз» АҚ өткен жылы 278 546 тонна тұз өндірген. Оның ішінде, ас тұзы-166 589 тонна, техникалық мақсаттарға арналған тұз- 63175 тонна, жалпы 400 000 тонна тұз қазылған. Бүгiнгi таңда Арал ауданының брендіне айналған тұз өнімдерін өндіруші «Аралтұз» АҚ елдегі тiршiлiк көзi болғаны өз алдына, кенттегі көптеген әлеуметтiк iс-шаралардың қолдаушысы әрі атқарушысы ретінде халық ризашылығын алып келеді. 
Қазіргі таңда кент мал-шаруашылығымен  айналысамын деушілерге де ыңғайлы өлке. Осы бағытта 29 шаруа қожалығы жұмыс жасап келеді. Соның ішінде, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Жаманша» ШҚ 121 бас қой алса, «Сыбаға» бағдарламасымен жеке кәсіпкер А.Жұмағалиева 1 бас асыл тұқымды бұқа және 10 бас мүйізді ірі қара малын алған. Бұдан өзге, кенттегі 7 шаруа қожалығы 10 қазақтың ақ бас сиыр тұқымының бұқасын алып, тұқымдық түрлендіруге қатысып, 234 бас аналық сиырға және 9 бас асыл тұқымды бұқаға субсидия алып, жүйелі жұмыс жасауда. Бұл елді мекенде білім саласы бойынша да ауыз толтырып айтарлық жақсы көрсеткіштер бар. Спорт саласы бойынша да жетістіктер жоқ емес. Кентте 2008 жылдан бастап жасөспірімдер мен балалар спорт мектебі жұмыс жасайды. Спорт секцияларында тәрбиеленген жасөспірімдер бүгінде жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Мысалы, бокстан облыс чемпионы атанған Р.Әбдісадықов, Е.Тастыбаев өткен жылы «Спорт шеберлігіне үміткер» нормативін орындаса, Шу қаласында өткен чемпионатта Ж.Баширов жүлдегер атанған.
Елдегі қылмыстық ахуал қалыпты деуге болады. Бұл жөнінде учаскелік полиция инспекторы А.Ідірісов хабарлама жасады. Жоғарыда айтылған көрсеткіштерді жан-жақты жүзеге асыруда, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуда кент әкімінің рөлі маңызды. Осы жауапкершілікті абыроймен алып жүрген кент әкімі М.Жалғасбаева жасалған жұмыстар жөнінде толыққанды баяндама жасап, алдағы міндеттерді саралады.
Тұрғындармен есептік кездесу өткізген аудан әкімі М.Оразбаев баяндама жасап, аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды тұрғындар назарына ұсынды. Кезек халық тарапынан айтылар ұсыныс-пікірлерге де келіп жетті. Кент тұрғыны Е.Сақтағанов кент ішіндегі қаңғыбас ит-мысықтардың көзін жою жұмыстарын күшейтуді, жарықтандыру жұмыстарын жалғастыруды және кенттен дәріхана ашуды сұрады. Аталған ұсыныстар бойынша жұмыстар атқарылатындығын жеткізген аудан әкімі М.Оразбаев тұзшы қауымның әлеуетін арттырар айтулы жұмыстар осы жылы да қарқынды қолға алынатындығын жеткізді. 
Алтынбек Бисенов.
30 қаңтар 2018 ж. 1 459 0