Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БӘСЕКЕЛЕСІ ЖОҚ БИЗНЕС

БӘСЕКЕЛЕСІ ЖОҚ БИЗНЕС

Сырдария өзенінің Арал теңізіне құяр тұсындағы Қаратерең ауылын көпшілік балық шаруашылығы арқылы таниды. Алайда қазір мұнда кәсіпкерлікке ден қойып, бизнеске бет бұрған жастардың қарасы қалың. Осы аптада даму бағыты жаңа арнаға түскен шалғайдағы ауылдың шаруасы шатқаяқтамай, шарықтай түскеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Ауылға барған тұста еңбегіне ел сүйсінген, тірлігі оңды, табысы құнды жас кәсіпкерлердің жұмысымен таныстық. Соның бірі – кондитерлік өнімдермен қатар түрлі тағам түрін даярлауды қолға алған Бақытгүл Демесінова.
Бақытгүл Әділбекқызы – Арал ауданындағы Қарашалаң ауылының тумасы. Көршілес Қаратерең аулына келін болып түскен ол бастапқыда жай ғана қызығушылықпен басталған кәсіптің кейін табыс көзіне айналғанын айтады.
− Негізгі мамандығым есепші, бірақ ауылдық жерде бұл сала бойынша жұмыс табыла қоймады. Оның үстіне былтыр жолдасым дүниеден озған соң,  үш баламның жауапкершілігі жалғыз өзіме артылды. Осыдан кейін «үйде отырып қандай кәсіп бастауға болады?» деп ойлана бастадым. Бұрын үй ішінде балаларыма түрлі тәттілер дайындап беруші едім, сол қабілетімді ешқандай шеберлік курсына қатыспай-ақ, ғаламтор арқылы жетілдіруді жөн көрдім. Осылайша тәттінің жаңа түрлерін аз уақытта үйреніп, үлкен қызығушылықпен әзірлей бастадым. Алғашында туыстарымның тойына, жақындарыма дәм татқызып, көпшіліктің жылы пікірін естіп жүрдім, тіпті қонаққа келген адамдар «дәмі тіл үйіреді» деп сенім білдірген соң ауыл тұрғындарынан тапсырыс қабылдаймын деп шештім. Кейін заң бойынша кондитерлік дүкеннің құжаттарын рәсімдеп, жолдасымның атымен  «Асқар» ЖК орталығын аштым. Қазір жергілікті халық түрлі тәттілерге тапсырыс берумен қатар, донер, кәуап сынды тағам түрін асханаға келіп сатып ала алады. Халықтың қолдауымен, өз қаражатыммен басталған кәсіптің  тұтынушылары күн санап артып келеді, тіпті көршілес Жаңақұрылыс, Қарашалаң, Бекарыстан би ауылдарының тұрғындарынан жиі тапсырыс түседі, − дейді Бақытгүл.
Ауылдың тағы бір сүйіншілеп айтар жаңалығы − мұнда интернет желісі біршама қиындықтарға қарамастан қолжетімді. Жас кәсіпкер де өзінің кондитерлік өнімдерін Instagram, WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы жарнамалайтынын жеткізді. Әзірге шағын ауылда өзге кондитерлік асхана болмаған соң Бақытгүлдің де бәсекелесі жоқ, сондықтан барлық өнімнің бағасы халықтың қалтасына қонымды. Күніне бес-алты, мереке күндері он бес-жиырма шақты тұтынушыдан тапсырыс қабылдайтын кәсіпкер келіншек саланың біршама қиындығы бар екенін де жасырмады.       
− Көп жағдайда ауылдың аудан орталығынан шалғай орналасқаны едәуір қиындық туғызады. Кейде өнім құрамына қажетті қоспалар ауыл арасынан табылма қоймайды, сол кезде жолдың алыстығы мен көлік жағдайы қалаға қатынауда әбігерге түсіреді, − дейді кейіпкеріміз.
Сөзі мен ісі, тілі мен тірлігі қабысқан Бақытгүл алдағы уақытта асхана аумағын ұлғайтып, бірнеше адамды жұмыспен қамтуды жоспарлауда. Ауыл тұрғындарының алғысына бөленген жас кәсіпкерге сәттілік тілей отырып, жол қиындығының  жуық арада шешімін табарына біз де сенім білдірдік.
Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ
20 сәуір 2020 ж. 403 0