Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛЫҒЫ ТАЙДАЙ ТУЛАҒАН ҚАРАТЕРЕҢДІКТЕР ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

БАЛЫҒЫ ТАЙДАЙ ТУЛАҒАН ҚАРАТЕРЕҢДІКТЕР ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Есепті кездесу мұнан әрі Сырдария өзенінің құяр сағасында, Арал теңізінің қолтығында орналасқан, аудан орталығынан 210 шақырым қашықтықта жатқан Қаратерең ауылдық округінде жалғасты. Аталмыш округ әкімінің міндетін атқарушы А.Ақкенжиев тұрғындар алдында есепті баяндамасын жасап, өткен жылы округте атқарылған оңтайлы істерге тоқталды.
Нақтырақ айтқанда, округте бүгінгі таңда 1793 тұрғын тұрады. Округі бойынша барлығы 49 жеке кәсіпкер бар. Олардың қатарында ата кәсіпті дамытып отырған ірі балық аулау, сұрыптау, қатыру, эспортқа шығарумен айналысатын «Қуаныш» ЖШС-гі, «АР-М-КОН» ЖШС-гі жұмыс жасайды. Осы орайда, өткен жылы тамыз айында осындай тағы бір үлкен балық аулау, сұрыптау, қатыру, эспортқа шығарумен айналысатын «Жалғасбай» ЖШС-гі пайдалануға берілген.
Бұдан өзге, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша округте мал шаруашылын дамыту мақсатында ауыл тұрғыны Досбол Орынбаев «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы» ЖШС-гі арқылы несиеге қол жеткізсе, Айгул Демесинова «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы қаржы алды. Сонымен қатар, жастар жылы аясында Досбол Орынбаев облыстық қайтарымсыз грант иегері атанды.
Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен Көне Қаратерең ауылының көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Есеп барысы одан әрі аудан әкімі М.Оразбаевтың 
баяндамасына ұласты. Аудан басшысы жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталып өтіп, кәсіпкерлік, білім, денсаулық, спорт, мәдениет салаларындағы жетістіктері мен өзекті мәселелерін ашық айта отырып, қолға алынған жұмыстар жайлы ақпарат берді. Сонымен қатар, алдағы уақытта жүзеге асатын ауқымды істерді де тілге тиек етті.
Жыл көлемінде атқарылған жұмыстармен жан-жақты танысқан тұрғындар жиында оң бағасын бере отырып, өздерін толғандырған ұсыныстарын жеткізді. Соның ішінде, Тастақ елді мекеніндегі оқушыларды мектепке тасымалдауға автокөлік бөлу, ауылдағы электр трансформаторының қуаттылығын күшейту аудандық маңызы бар «Қаратерең-Ақлақ» бағытындағы автомобиль жолын жөндеу жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсетуді ұсынды. Ауыл тұрғындары тарапынан туындаған сауалдарға аудан әкімі тиісінше жауап беріп, тұрғындар тілегі басты назарда екендігін атап өтті.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
22 қаңтар 2020 ж. 700 0