Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіптің көзін тапқан

Кәсіптің көзін тапқан


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламасында жастарға айрықша көңіл бөлетіндігін айтты. Сондай-ақ жастардың «Жас кәсіпкер» бизнес-бастамасын дамыту бағдарламасын жүзеге асыратындығын атап көрсетті.
Қай салада болмасын табанды тірлік еткен адамның табысқа кенелері хақ. Соның ішінде кә­сіп ашып, халыққа қалтқысыз қыз­мет етіп жүрген жандардың ең­бегі ерен. Бүгінде кәсіптің түрі көбейген. Кәсіпкерлерге мем­лекет тарапынан да қолдау жоғары. Жастардың өз бизнесін бастап табысқа жетуіне барлық жағдай жасалып отыр. Біз бүгін жас кәсіпкер Жаңагүл Алиханның өзінің ерекше кәсібін қалай ашқандығы және табысқа жетуінің ерекше тәсілдері туралы әңгімелемекпіз.
Қазақ халқы–қашанда той өткізуден алдына жан салмайтын халық. Ол ежелден қанымызға сіңген қасиет. Ал сол тойды қазіргі заман талабына сай етіп өткізу, түрлі безендірулер, қонаққа дәмді аспен қоса керемет көңіл күй сыйлау той иелері үшін аса маңызды. Жас кәсіпкер Жаңагүл осыны ұғып, өзінің ерекше кәсібін қолға алды. Ол қыз ұзату, үйлену, тілашар, тұсау кесу, туған күн сияқты түрлі айтулы күндерді қонақ айрықша әсер алатындай етіп ұйымдастырып береді.
–Өзім Ақтөбе қаласында туып-өстім. Сондағы мейрамханалардың бірінде той ұйымдастырушы болып бастадым. Осы салада 5 жылдай жұмыс жасап, өзіме тәжірибе жинақтадым. Аралға келін болып түскен соң, өзім үйренген кәсіп түрін қолға алдым. Бір жылдан асты, түрлі тойларды ұйымдастырып, халықтың ықыласына бөленіп жүрмін, – дейді Жаңагүл.
Жаңагүл үшін бұл табыс табудың көзі емес, ерекше қызығушылығынан туған. Ол той иелерінің көңілінен шығу үшін кез келген уақытта тәуекелге барып, шешім қабылдауға үйренген.
–Әрине, тойда неше түрлі адамдар бас қосады. Әркімнің талғамы әрқалай. Соны ескеріп, тойлардың алуан түрлі бағдарламаларын әзірледім. Бүгінде менде той өткізуге арналған шоу-бағдарламалар жеткілікті. Қызметіме жүгінген той иелеріне сол дайын сценарийлерді ұсынамын. Әркімнің талғам таразысына қарай ұйымдастырып келемін, – деген Жаңагүл, өзінің той ұйымдастырудағы тәсілдерімен бөлісті.
Бүгінде Жаңагүл «Той-Думан» деген шағын ұжым құрған. Мұнда әнші, биші, асаба, бейне, фото жазба мамандарынан бөлек, тойда қазақы дәстүр көрсететін 10-ға тарта актрисаны жұмыспен қамтып отыр. Әр ұйымдастырған тойларын бір-біріне ұқсамайтындай етіп өткізетін Жаңагүл өзінің кең көлемде танылуына әлеуметтік желілердің де септігі тигендігін айтты.
–Қазір адамдардың көбі үйден шықпай-ақ көп нәрсеге қол жеткізуге машықтанған. Менің де әлеуметтік желідегі парақшаларыма ұйымдастырған айтулы шараларымды салып отырамын. Сол арқылы көпшілік ұнатып, қуаныштарын өткізіп беруді сеніммен тапсырады. Қалада ғана емес, Арал ауданына қарасты бірнеше ауылдық жерлерде де өз қызметімізді көрсетіп жүрміз, – дейді.
Халықтың қуанышын арттырып, тойларын тартымды етіп өткізуді мақсат тұтқан жас кәсіпкердің  табысты  жолыжастарға ой саларлық бастама деп білеміз.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
18 маусым 2019 ж. 813 0