Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МАҚСАТЫ АЙҚЫН ҚЫЗ

МАҚСАТЫ АЙҚЫН ҚЫЗ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев 2018 жылды облыста жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жариялаған болатын. Бұл–бизнес бастағысы келетін жандарға жасалған зор қамқорлық. Өз кәсібінен береке тапқан кәсіпкерлерді насихаттау арқылы өзгелерді де кәсіпкер болуға ынталандыратын оң бастама болмақ.
...«Жас келсе іске» деген жақсы бір сөз бар. Бүгінде жастардың қай салада болмасын, өз білім-білік­терін танытуына мол мүмкіндік берілген. Соның ішінде, кәсіпкерлік саласында жетістікке жетіп жүрген жасты көргенде, олардың тың идея­ларын естігенде таңдай қағып, қай­ран қалып жатамыз. Қазақстан экономикасын көтеруде басымдық алатын кәсіпкерлік саласын дамытуға бетбұрыс жасап, табанды еңбек еткен ізденімпаз жандар шынымен де елдің ертеңі. Ендеше, біз мақалаға арқау еткен жас кәсіпкер Назым Қарарова туралы сөз етсек.
Назым–небәрі 20 жастағы кәсіп­кер қыз. Орал қаласынан жол сақшысы мамандығын тәмамдайды. Ол ауылға оралған соң мамандығы бойынша жұмыс табу оңай емес екендігін біледі. Сөйтіп, бір кәсіппен айналысуды ойға алады. Бірақ, нақты неден бастауды білмей жүргенде, анасы Фарида қыз келіншектерге қызмет көрсетудің түрін ұсынады. Осылайша, Назым тырнақ әрлеудің қыр-сырын жетік меңгеру үшін Орал қаласына барып, арнайы курстарда оқып, білікті мамандардан сабақ алады.
–2017 жылдың соңына қарай өз қаражатыма қажетті құрал-жаб­дықтар әкеліп, кәсібіме кірістім. Алғашында бәрі оңай болған жоқ. Жеке кәсіпкерлермен бірлесіп жұ­мыс жасап жүрдім. Кейде бос келіп кететін күндерім де болды. Бірақ, түбі осы жұмысымның табысқа бас­тайтынына сеніп, еш мойымадым. Ақырында, жұмысымды бірінен-бірі көріп ұнатқан қыз-келіншектер іздеп келетін болды, – деген Назым Әбді­сәметқызы ізденген мұратқа жететінін айтады.
Сапалы қызмет көрсетуді бірінші орынға қоятын жас кәсіпкер өз біліктілігін арттыру мақсатында ай сайын Орал, Ақтөбе қаласына барып курстар оқып, тырнақты жаңа үлгіде әрлеуді үйреніп келіп отырады. Сон­дай-ақ, заманауи жабдықтармен жұ­мыс жасайтын Назым тырнақ сән­деуге қажетті сұйықтықтарды, түрлі құралдарды тапсырыспен шетелдік фирмалардан арнайы алдыратын көрі­неді.
–Қазір қыз-келіншектердің талға­мы жоғары. Жұмысыңды сапасына қарап бағалайды. Безендірілуіне де, тазалау жұмыстарына да мұқият мән береді. Бұған қоса, тырнақ сәндеу­ де ерекше шығармашылық қабілетің де болуы маңызды. Олай болмаса, жасаған дүниең ойдағыдай шықпай­ды. Бұл келушілер алдында жұмысың­ ды нәтижесіз етіп көрсетеді. Олардың ойынан шығу үшін ылғи ізденіс үстінде боламын, – дейді жас кәсіпкер.
Назымды бүгінде қаладағы әйелдер қауымы жақсы біледі. Өйткені, оның қызметіне жиі жүгінеді. Әлеуметтік желі арқылы жұмысының сапалы нәтижесін көрсетіп жүрген одан көп адам сабақ алып, үйретуге де ұсыныс жасап жүргендердің де қарасы қалың. Бұл тұста кәсіпкер қыз мынадай ойымен бөлісті:
–Қазір осы салада жұмыс жасап жүргендердің көбі жұмыстың сапа­ сына емес, ақшасына қызығады. Пайдасының мол екені жасырын емес. Дегенмен де, сапа мен ынта, қызығушылығың мен құлшынысың болмаса, ешқандай жұмыс пайда әкелмейді. Бұл ойым арқылы мен көпке күйе жағудан аулақпын, әрине. Бірақ, кей замандастарымнан осы бір олқылықты байқап қаламын. Менен сабақ алғысы келетін қыздарға да осыны талап етіп қоямын,–деп, ісін алға бастыру мақсатында бірқатар жоспарлары бар екенін де жасырмады. Иә, Назымның арманы асқақ. Ол болашақта өз кәсібін кеңейтуді ойға алып жүр.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ.

18 мамыр 2018 ж. 1 232 0