СЕКСЕУІЛ КЕНТІНДЕ «ҚАРАҚАТ» ОЙЫН-САУЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Арал ауданына арнайы іс-сапармен келген облысы әкімінің орынбасары Қ.Ысқақов Сексеуіл кентінде болды. Жұмыс сапары барасында облыс әкімінің орынбасары кентте бой көтерген «Қарақат» ойын-сауық орталығының ашылу салтанатына қатысты.
- Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев кәсіпкерлікті күшейтуге үнемі ерекше назар аударып келеді. Нақты айтқанда, іскерлік мәдениеттіліктің деңгейін көтеру мен кәсіпкерлік бастаманы ынталандыруға мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар мен жеңілдетілген несиелер ұсынуда. Осы орайда, аймақ басшысы биылғы жылды Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жариялаған болатын, - деген Қ. Ысқақов аймақ басшысының аралдықтарға ыстық ықыласын жеткізді.
Айта кетейік, сауда орталығы жеке кәсіпкер Мейрамбек Таласовқа тиесілі. Кәсіпкер осы нысанның құрылыс жұмыстарына өз қаражаты есебінен 150 млн теңге қаржы жұмсаған. Оның ішінде ғимараттың екі жақ бетінде 10 сауда дүкендері, 1 қабатында балалар ойын сауық орталығы, 2 қабатында 44 сауда нүктесі бар. Нысанның алаңы 1800 шаршы метрді құрайды. Іске қосылған уақытта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.