Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тауықтан да табыс көп

Тауықтан да табыс көп

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту ол – кез келген ел экономикасының негізі. «Кәсіп ашып, еңбек етемін» деген жанға Үкімет тарапынан түрлі қолдау шаралары көрсетілуде. Өз кезегінде жастар да жасқанбай, бизнес жоспарларын ұсынып, өз кәсіптерін ашуда. Солардың бірі – жаңақұрылыстық жас Еркемай Жақыпова.Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжін жерге орналастыру мамандығы бойынша  үздік тәмамдаған ол мамандығына сай жұмыс табылмаған соң, аудан орта­лығындағы кәсіпкерлік палатасында «Бас­тау-Бизнес» бағдарламасы аясында кәсіп­керлікті жүргізу негіздері бойынша оқу курсында оқып, өзінің бизнес жоспарын жасап ұсынған. Нәтижесінде, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес жобаларды іске асыру бойынша мемлекеттік грантқа қол жеткізді.– Халқымыз «Ізденген жетер мұратқа» деп бекер айтпаған ғой. Қазір түрлі жаңалықтардан тез-ақ хабардар болатын заман. Соның арқасында елімізде «Еңбек» бағдарламасына қатысып, тұрақты жұмысын тауып, бала-шағасын асырап отырған азаматтардың  өте көп екендігін білдім. Алғашқы талабымды шағын кәсіптен бастап, инкубатор арқылы балапан өсіруді қолға алдым. Осы мақсатта Шиелі ауданынан ет бағытындағы тауық түрін сатып алдым. Одан соң инкубатор алдым. Негізі, құс өсіру шаруашылығымен айналысу көп қаржыны қажет етпейді. Бірақ бұл кәсіптің түрі өте шыдамдылықты талап етеді. Балапан өнбей қалу сияқты кедергілер тап келсе, қолды бір сілтеп, тастап кетуге болмайды. Сол үшін өзге өңірлердегі құс шаруашылығымен айналысып жүрген адамдармен байланыс орнатып, тәжірибе жинақтай бастадым. Негізгі мақсатым – тауықты ет бағытында өсіру, – деген Еркемай алдағы уақытта ірі қара малын өсіруді жоспарлап отырғанын айтты. Еңбекқор жас: «Ауыл әкімдері мен мамандар жұмыссыз отырған адамдарға халықтың тұрмысын жақсартуға бағыт­талған түрлі бағдарламалардың бар екен­дігін, кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекеттік қазынадан арнайы грант бөлінетіндігін, қысқа мерзімді курста оқу арқылы грант немесе шағын несие алуға қол жеткізуге болатындығын насихаттап отырса деген пікірім бар. Сонда қаншама жан қолдан келер кәсіп түрімен айналысып,  отбасының берекесін кіргізер еді» деген пікірін де айтты. Орынды-ақ.
Мемлекет жұмыртқа өндірісін субсидиялауды тоқтатты. Жұмыртқа қымбаттап, баға 40 пайызға дейін көтерілуі мүмкін. Енді Еркемай сынды тауық өсіргендердің несібесі артпақ.
Л. ӘЙТІМОВА
29 ақпан 2020 ж. 756 0