Атына заты сай «Мұнтаз»

«Бастау-Бизнес» жобасының 2019 жылғы түлегі Мадияр Ерсайымұлы – мемлекеттің грант иегері. Тиянақты жасалған бизнес жобасы іске асқан кәсіпкер Мадияр 2019 жылы аталған жобаның «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 505 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Оған химиялық тазалау аппаратын алды. Бүгінде жас кәсіпкердің қызметін қолданушылар саны артып келеді.
– Қайбір істе де алғашында қиындық болады. Бірден бағы жанып, қолға алған ісін жандандырып кететіндердің қатары аз деп ойлаймын. Өзім бастаған «Мұнтаз» көлік жуу орталығының мұндай жағдайға жетуі ден бірден бола қойған жоқ. Мен ол үшін бар жастық жігерім мен қаншама уақытымды сарп еттім. Қазіргі таңда Аллаға шүкір, жұмысым бір ізге түсті. Өзім жетекшілік ететін көлік жуу орталығында онның үстінде жұмысшы бар. Біз көбіне үй жиһаздары мен кілемдерге тапсырыс қабылдайтын болғандықтан, жұмыстың басым көпшілігі соған бағытталады. Тегін алып кету және жеткізу қызметі болғандықтан, тапсырыс жиі түсіп тұрады. Бірақ көлік түрлеріне қызмет көрсету ісі де назардан тыс қалған емес. Көліктің іші- сыртын бірдей жуып, ішіне арнайы аппараттың көмегімен химиялық тазалау да жүргіземіз. Осының барлығы адал еңбек пен ізденістің арқасында болып жатқан жетістіктер. Сондықтан өзім секілді жастарға қайбір істе болмасын табандылық таныту қажет дер едім,– дейді жас кәсіпкер М.Ерсайымұлы.
Арал қаласындағы Үмбет би көшесі бойында орналасқан «Мұнтаз» көлік жуу орталығы жас кәсіпкер Мадиярдың арқасында тұтынушыға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Осы бағыттағы жұмысын одан ары да жетілдіре түсуді көздейтін кейіпкер бүгінде кәсіпкерліктің ауқымды тетіктерін ой сүзгісінен өткізіп жүр. Сәті келгенде мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен бизнесін ұлғайту да ойда бар. Біз кәсіпкермен тілдесу барысында соны аңғардық. Расында, жүзеге асқан идея мен бастау алған кәсіп – біздің ортақ қуанышымыз. Нақтысы, аудан жетістігі. Бұл бағыттағы жұмыстардың көп болғаны ләзім.
А. ҚАРАСАЙ