Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Телефонның тілін тапқан Төлеген

Телефонның тілін тапқан Төлеген

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында шағын бизнесті дамыту елдің саяси-экономикалық өмірінде елеулі рөл атқаратынын ерекше атап өтті. Бұл ретте шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы қаржыландыру жүйесін маңызды жобалаларға іріктей отырып, қайта қарастыру қажет деген тапсырма жүктеді. Бұған дейін мұндай қолдау дер кезінде қабылданған және дұрыс шешім. Шағын кәсіпкерлікті қолдай отырып, барынша дамыту – мемлекеттік саясаттың басты бағыты.
Расында, мемлекеттің қолдауына ие болып, бүгінгі таңда өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар аз емес. Әсіресе шағын және орта бизнес саласында жүрген жастардың қатары көп. Жергілікті тұрғындардың сұранысындағы дүниесін қанағаттандырып, еңбегін елге арнап отырған аралдықтардың да бұл салада алар орны ерекше. Кәсіпкерлік бағытына бет бұрғандардың көптеп табылуы – аудан экономикасының өсіміне де тікелей әсер ететін фактор. Бүгін сол азаматтардың еңбегін елге таныту үшін кейіпкерімізбен тілдескен болатынбыз.
Бизнес өкілдерінің бірі – Төлеген Жоламанұлы Қабылов. Төлегеннің кәсіпке бет бұрғанына бір жыл болды. Сексеуіл кентінің тұрғыны қазіргі таңда ұялы телефонның тілін тауып, жөндеумен айналысып келеді. «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша 555 мың теңге қайтарымсыз грант алып, Арал қаласынан ұялы телефон жөндеу орталығын ашты. Төлеген Жоламанұлы:
– Қазіргі таңда мемлекет еңбек етемін дегеннің бетінен қақпайды. Оған көзіміз анық жетіп отыр. Расында, неге қолдан келер дүниені табысқа айналдырмасқа. Бәлкім, әрбіріміздің ойымызда жүрген сауал өзгелерге керек шығар деп ойлану керек. Мәселен, мен мектепте оқып жүргенде ұялы телефон жөндеуге қызығатынмын. Ол кезде қазіргідей смартфондар жоқ. Қарапайым ұялылардың бізге келгеніне де көп болмаған еді. Бірақ солардың ішін ашып, ішкі құрылғыларын жалғап, құрастырып отыруды қызығушылықпен жасайтынмын. Кейіннен осы қызығушылық кәсібіме айналды. Алғашында жақын-жуықтың, туыстардың, достардың ұялысын жөндеп үйрендім. Кейіннен, кеңірек білім алу үшін 2017 жылы Алматы қаласында «Елдос» оқу орталығынан үйреніп, арнайы сертификат алдым. Осы білімім мені кәсіп ашуға итермеледі. Көріп отырғаныңыздай, қазір осы жолда жұмыс істеп келемін. Тек Аралда ғана емес, Сексеуілде де ұялы телефон жөндеу орталығының жұмыс істеуіне көмегім тиіп отыр, – дейді.
Расында, Төлегеннің қызметіне жүгінетіндердің де қатары аз емес. Бұл алғашқы ретте маманның жұмысына байланысты. Сапалы жұмыс әрқашан сұранысқа ие болары анық емес пе?! Көп тірліктің телефонмен шешімін табатынын түсінген тұрғындар сол себепті сапалы жұмыс істейтін маманның еңбегіне жүгінеді.
Сондай-ақ Төлегеннің жеңілдіктері де өзіне келушілердің көңілінен шығады. Қолдан келген көмекті аямайтын азамат:
– Бізге мемлекет қолдау жасады. Жеңілдетілген жолмен кәсібімді бастадым. Ендігі міндетіміз – алдымызға келген адамдарға біз де жеңілдік жасау. Осыны мақсат етемін. Тұтынушылардың ризашылығына бөленіп, солардың батасын алғанға не жетсін! Жөндеу жұмысы күрделі болмас,а келушілердің қалтасына да салмақ түсіргім келмейді. Алдыма көмек сұрап келгендерге жеңілдік жасап отырамын. Кейде тегін көмек көрсетер кездер де болады. Бірақ мұның барлығы азаматтық міндетім деп білемін, – дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ Төлегеннің айтуынша, пандемия кезінде қызмет көрсетуді кәсіпкерлердің жетістігі санайды. Қашықтан оқыту кезінде телефон жөндетушілер өте көп болды. Бірақ қосалқы бөлшектерді ауыстырмай, ұялыны іске қосу мүмкін емес жағдайлар өте көп кездеседі. Ал блок-бекеттер қосалқы бөлшектерді алдыру үшін асқан қиындық тудырған. Бірақ сол қиындықтарға қарамай қызмет еткен азаматтың еңбегіне біз де жеміс тілейміз.
Иә, өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешім күшіне енді. Бұл – кәсіп бастаушыларға таптырмас мүмкіндік. Бірақ осы ретте бизнес адал әрі заңға сәйкес жүргізілуі тиістігін естен шығармау керек.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
09 қаңтар 2021 ж. 781 0