Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жедел ішек ауруының алдын алу

Жедел ішек ауруының алдын алу

Жедел ішек инфекциялары – бұл бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру. Бұл әлемде ең көп таралған инфекциялардың қатарына жатады. Жұқпалы жедел ішек ауруларының бас көтеретін мезгілі жаз айлары болып есептеледі. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, микробтары нәжіспен ілесіп, сыртқы ортаға тарайды. 
Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, мәселен, жуылмаған көкөністерден, пісірілмеген сүттен, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолдану, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішкендіктен, лас суға түскендіктен жұғады. Жаз айларында инфекцияны көп жағдайда шыбындар таратады.
Аурудың алғашқы белгілері: Іштің жиі-жиі судай өтуі, дене қызуының көтерілуі, емшектен бас тарту, асқа тәбеті болмау, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, дәретіне қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы. Науқаста қайталамалы құсық, іш өткен сайын баланың жағдайы ауырлай түседі. Өйткені, организм өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастаса дәрігерге көрінуі керек. Мұндай кезде дәрігер келгенше немесе жеткенге дейін біраз уақыт кетеді. Сондықтан, мүмкіндігінше ем жасай бастаған жөн. Ол үшін сұйықтықты мол, көбірек ішкізген жөн. Өздігінше емделу аурудың асқынуына әкеліп соғуы немесе созылмалы формаларына ұласуы мүмкін. Антибиотик қабылдау сырқаттың клиникалық сипатын өзгертеді, мұның өзі дұрыс диагноз қоюды қиындатады.
Ішек инфекциялары – кір қолдың ауруы. Оның алдын алу үшін:
— жеміс-жидектер мен көкөністерді ағынды су астында жақсылап жуғаннан кейін пайдаланыңыз;
— өнімдердің жақсылап қуырылып, қайнатылуына көңіл бөліңіз;
— жұмыртқаны шикі немесе шала қайнатылған күйінде қолданбаңыз;
— дайын тамақты пайдалану кезінде оның исіне, дәміне мұқият мән беріп, тез бұзылатын тағам өнімдерін тоңазытқышта сақтаңыз;
— арнайы көрсетілген жерлерде шомылыңыз;
— суды тұтынар алдында міндетті түрде қайнатыңыз немесе бөтелкедегі суды ішіңіз;
— балаларды әрбір тамақтандырар және тамағын дайындар алдында қолды жақсылап сабындап жуу керек, оның әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза жағдайда ұстаңыз;
— ішек инфекцияларының алдын алу үшін жеке бас тазалығын қатаң сақтаңыз;
Кей жағдайларда ауру өте ауыр түрде өтіп, өмірге қауіп тудыруы мүмкін. Сол себепті, өткір ішек жұқпаларының жоғарыда көрсетілген белгілерінің бірі Сізде немесе жанұя мүшелеріңізде байқалса, тез арада дәрігерлік көмекке жүг інгеніңіз дұрыс.
Кішкентай нәрестелерге келсек, оларды аурудан сақтау үшін қарапайым санитарлық-гигиеналық ережелерді, оларды күту кезінде: баланы әрбір тамақтандырар алдында және тамағын дайындар алдында қолды жақсылап сабындап жуу керек, оның әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза жағдайда ұстау керек.
Аурудың себептерін анықтау барысында көптеген аналар, әсіресе жас аналар, балалар қоспасына арналған бөтелкені ыстық сумен шаюдың орнына бірнеше рет қолданатындықтарын айтады. Балалар арасындағы ішек инфекцияларының басты себебіне балалар қоспалары мен шырындарын тоңазытқышсыз ұзақ уақыт сақтау да себеп болып отыр, олардың сақталу температурасы +8 0С аспау керек.
Ішек инфекцияларының алдын алуға болады және алдын алу керек. Бұл үшін алдын алудың қиын емес, бірақ өте тиімді ережелерін білу керек және қатаң түрде сақтау керек. Кей жағдайларда ауру өте ауыр түрде өтіп, өмірге қауіп тудыруы мүмкін. Сол үшін «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөздер әрқашан да өз маңызын жоймайды.
Г. Нұрдинова,
ҚР  ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы»
ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының
Сырдария аудандық бөлімшесінің СЭҚ дәрігері
16 мамыр 2022 ж. 920 0