Шұғыласын шаша алмаған...
Жексенбінің таңы да бұл отбасы үшін жайдары атпады. Мазасыз түннен меңіреу оянған Хадишаның да қыңқ етерге шамасы жоқ. Қатпарланып тереңдей түскен әжімдері уайым жүдеткен жанынан сыр шерткендей. Ана үшін баланың бақытынан асқан не бар?! Солар қол ұстасқан қосағымен бақытты ғұмыр кешсе, мұның да мұңды жүзі нұрлана түсер ме еді, кім білсін?! Иә, қуанбағанда қайтсін. Қазіргі бар тілеуі де сол ғой. Анасының таңертеңнен тықырлатып ас үйде ауқат дайындап жүргенін сезген Өркен де қалың оймен алысып, түн төсегіне кеш жатса да ерте оянды.
– Бүгін өттік қой. Мен кір-қоңды жуып, мына қыстық күпәйкелерді сандыққа салайын. Май туды, енді күн суыта қоймас. Сен қайтесің? – деп Өркенге қарады.
– Бүгін жаңа тауар келеді. Дүкенге барып, соларды қабылдауым керек.
– Тауарың құрысын, мен саған айттым ғой бұл дүкенді жап деп. Мол табысы құрысын, отбасыңда береке болмаған соң. Айтпақшы, келіннен хабар алдың ба? Не істеп жүр екен?
– Кеше ауылдағы таныс жігіттерді көргем, сол баяғы әнімен жүр дейді ғой. Қазір тіпті ішкілікке салынып кетіпті. Сау бір күні жоқ «бомжға» айналған.
– Ай, қасқа қызым-ай, қайтейін? Қайдан ғана айрандай ұйып отырған бақытты отбасыңды арам араққа айырбастап кеттің екен, – деп көз жасын бір сығып алды.
– Болды апа, жыламаңыз, балалар естіп қалар. Аналарының араққа салынып кеткенін білмей-ақ қойсын. Тағы бірде ауылға барып онымен тағы сөйлесіп көремін, – деген Өркен жанын жеген ауыр ойдан қашқандай асығыс бата қайырып, бетін сипап тұрып кетті.
Ел егемендік алып, енді еңсе көтеріп жатқан жылдар халық тұрмысына ауыртпашылық әкелді. Жалақы мен жәрдемақылардың уақытылы төленбеуі жаппай тоқыраудың азабын тартқызды. Сол кезде халықтың көбі саудамен айналыса бастады. Бірі ала дорба асынып, пойыз жағалап кетті. Бірі көшенің кез келген бұрышын сауда орнына айналдырып, қолда барын пұл қылуға кірісті. Бәрі де тіршілікте нан табуды мақсат етті. Солардың бірі – Өркеннің Шұғыласы. Табиғатынан пысық қыз өзінің нәзік жанды екендігіне қарамастан қайратты еді. Жастайынан анадан жетім қалып, жалғыз әкенің тәрбиесінде өскен Шұғыла үш ағаның кенже қарындасы болды. Ес білгеннен әйелдің тауқыметті тірлігін көріп өскен ол кез келген істің қиюын келістіріп әкететін іске де, сөзге де шебер еді. Өркен де онымен алғаш танысқанда осы жағдайын біліп, аянышпен қараған. Артынан оған деген шын сезімі пайда болды. Ұнатпай қайтсін?! Сұлу еді. Тәңір оған көрген көз тоятын бар сұлулықты аямай берген. Өркен екеуі тоқсаныншы жылдардың бас кезінде шаңырақ құрды. Бір жылдан соң тұңғыш ұлдары Аян өмірге келді. Бұл кезде Өркеннің зауыттан алатын азын-аулақ жалақысы отбасының қаржылық қажетін өтейтін. Зейнетақы да ел экономикасы тұрақтамай, бірнеше айға дейін төленбей тұр. Не керек, Шұғыла елдегі ең сұранысқа ие кәсіп түрін зерттей бастады. Сөйтсе тамақ таппай жүрген халықтың араққа деген сұранысы жоғары болып шықты. Сол жылдары халықтың басым бөлігі ішкілікке жақын еді. Оған «Алдымен шемішке сатайын. Сол үстелдің астына таза спиртке су араластырып, арзандатып сатсам» деген ой келді.
Енесімен, жолдасымен ақылдасып, ақыры өз ойын жүзеге асыруға кірісті. Ақырында арақты тығып сата жүріп, түскен табысқа кәсібін кеңейтті. Бұрынғыдай көше бойында емес, жалдамалы дүкен алып, соның ішін азық-түлікке толтырып, сауданың көзін тапты. Десе де өзіне мол пайда әкеліп отырған таза спиртке су араластырып сататын ісін қатар алып жүрді. Мұндайда дәмі мен күйін білу үшін әуелі өзі татып көретін. Бастапқыда тек сол мақсатта ішсе, қыстың суығында далада тоңған денесін қыздыру үшін екі-үш мәрте жүз грамнан татып тұрды. Осылайша оның бойы ішкілікке үйреніп жатты. Күн сайын сөмке толы ақша алып келетін Шұғыланың аузынан ащы судың иісі шығып тұрса да «тәйт» деген не күйеу, не ене болған жоқ. Тек ішімдікке әбден салына бастаған кезде ғана отбасында жанжал туды. Бұл кезде Шұғыланың екінші ұлы өмірге келген, бар-жоғы бір жаста ғана еді. Баяғы ақылды, пысық әйелдің бойын дендеген ішімдік бар болмысын бір сәтте өзгертіп жіберді. Еркінсіп кеткен ол ерінің соңғы кезде жасаған қысымына шыдамай, бар дүниеге қолын бір сілтеп, туған ауылына кетіп қалды.
Енді тіпті алаңсыз ішкіліктің жолын қуды. Өзі теңдес азып-тозған әйелдермен дос болып, көрінген бұрышта ішімдік ішіп отыратын болды. Қанша ақыл айтылды. Аға-жеңгесі де, қарт әкесі де дұрыс жолды нұсқағанымен, қайырылар қыз болмады. Ақыр аяғы оның осы күйіне де бәрі көндікті. Тек мамалап іздейтін екі ұлы ғана бар жағдайдан бейхабар еді. Хадиша да өзіне адал боп келіп, отбасының қамын ойлаймын деп өзін жоғалтып алған келінін бәрібір жақсы көретін. Бар тілегі баяғы өміріне қайта оралса екен дейтін. Шұғыла бастап берген кәсіпті Өркен айналдырып әкетті. Олар ауқатты тірлік кешіп жатты. Бірақ Шұғыласыз. Өркен де өзгеге мойын бұрмай, қайырылмай кеткен жарының соңынан көп жүгірді. Талай мәрте іздеп барып, қайтармақ болды.
Сол күні де ол келген тауарды реттеп болған соң, көлігін жолға қамдап мың шақырым алыстағы қайын жұртының ауылына басып отырды. Жол бойы "осы жолы соңғы рет барамын, келсе келді, келмесе біржола ұмытамын" деген оймен алысып келеді.
Күн ұясына батпай Өркен де Шұғыланың үйіне табан тіреді. Ойда жоқта келген соң үйдегілер де сасқалақтап қалды. Алдымен ауру меңдеп жатқан қайын атасымен амандасып болған соң, көз жанарымен үй ішінен Шұғыланы іздей бастады. Мұны аңғарған атасы
– Е-е-е, бала, біз бұл қыздан үміт үздік. Оның бар ақылы уланған. Тек сен ғана, сен ғана үміт үзе алмай жүрсің. Балам, ол енді бұрынғы Шұғылаң бола алмайды. Қазір келсе, өзің де көресің.
Сыртқы есік «тыр» ете қалды. Бойында Арыстың, өзіңмен таныстым, жайнаған гүлдей құрбым сен... таныс дауыс. Өркен дереу есікке қарай көз салды.
– О-о-о, кім келгенін қараңдар. Менің сорлы күйеуім. Әйелі алқаш болып кетсе де, ізінен қалмай жүрген Мәжнүн байым келіпті ғой.
– Қойсаңшы, Шұғыла, кел сөйлесейік.
– Не туралы, өмір туралы әңгіме айтамыз ба? Әлде бақытты отбасы туралы қиялдаймыз ба?
– Қызым, ақылға кел. Азаматың алыстан саған бола келіп отыр. Есіңді жи. Мен сендерді оңаша қалдырамын, сөйлесіп алыңдар, – деп әкесі шығып кетті. Бөлмеде некеде болса да бір-бірінен суынған екі жан. Өркен Шұғылаға өзі сүйген бір кездегі келбетті көргісі келіп қарайды. Ал Шұғыла болса Өркенде еш ойы жоқ. Беймаза көңілмен әлдебір нүктеге тесіліп алған.
– Шұғыла, не болған саған? Мына түрің не? Болды ғой енді. Ақылға келсеңші. Мені ойламасаң да неге ана сорлы екі баланы ойламайсың. "Мамамыз қашан келеді? Қайда кетті?" деп құлақ етімді жеп бітірді. Оларға өтірік айтудан шаршадым.
– Сен өтірік айтпа, шындықты айт.
– Не деп айтам?
– Өлді де.
Өркеннің тұла бойы мұздап кетті.
– Сен не деп отырғаныңды білесің бе?
– Өркен, мен қазір мас болсам да бәрін біліп отырмын. Сен маған жақсылап қарап алдың. Өзіңе керек сұлулықты да, жылулықты да көрген жоқсың. Мен түзелмес жолға түстім. Арақтың құлына айналдым. Бұл ісімнің дұрыс емес екенін білемін, бірақ қайта алмаймын. Бір кездері бар тапқан бес-он тиынына менен келіп арақ алып жатқан адамдарды көргенде, осылар неге арақ алғанша тамақ алмайды екен, ақымақ па деп ойлайтынмын. Қазір құдай маған сол адамдардың күйін сездіріп жатыр. Мен енді түзелмеймін. Араққа салынып аздым. Бірақ есіңде болсын, менің сенің алдыңда арым таза.
– Білем ғой, Шұғыла. Сол үшін ғой жаным қалмай жүгіріп жүргенім. Балаларымыз бар. Сені тіпті осы дерттен емдетуге де болады екен. Давай, жаңа өмір бастайық. Жүрші менімен.
– Жаңа өмір. Менің жаңа өмірім осы. Арақ және мен. Өркен, сен жақсы адамсың, өзіңе лайық жар тап. Балаларға қара. Бұл біздің соңғы кездесуіміз. Бұдан кейін мені жер әлемді айналсаң да таппайсың, – деді де, әндетіп келген ізімен үйден қайта шығып кетті.
Шұғыланың соңғы сөзінен кейін ойланып ұзақ отырып қалған Өркен біршама уақыттан соң тысқа жанталаса шыққанымен, жақын маңнан Шұғыланың қарасын көре алмады.
Айтқандай-ақ, содан бері арада талай жыл өтті. Міне, бүгінге дейін Шұғыладан еш хабар жоқ. Не өлі денесі, не көрдім деген кісі кездескен жоқ...
Н. БАҚЫРАН