Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Борышкерлердің болашағы қалай болмақ?

Борышкерлердің болашағы қалай болмақ?

Несие нарықтық экономиканың тірегі ретінде, экономикалық дамудың ажырамас элементін білдіреді. Оны барлық шаруашылық субъектілерімен қатар, мемлекет те, үкімет те, сондай-ақ жеке азаматтар да пайдаланады. Жалпы, несиенің пайда болуын өнімдерді өндіру аясынан емес, олардың айырбас аясынан іздеу қажет. Тауар айырбастау – бұл тауардың бір қолдан екінші қолға өтуін білдіреді десе, шынымен де, осындай айырбас кезінде несиеге байланысты қатынас туындайды.
Бірақ бұл мәселе қазіргі уақытта халық тұрмысының бір бөлігіне айналып кеткені жасырын емес. Той жасау, баспана алудан бастап ұсақ-түйек тұрмыстық заттар үшін де несиеге жүгініп, банкке борышкер болуды әдетке айналдырып алдық.
Ал бұл әрекеттің соңы қандай қиындыққа соқтырарын кім білсін?! Мәселен, несиені ай сайын өтей алмай, соның салдарынан қаржылық қиындыққа ұшырағандар саны қаншама. Мысалы, қазақстандық банктердің борышкерлері несиелерін жиі кешіктіріп төлейтін болды. Әсіресе соңғы уақытта мерзімі өткен несиелер саны артты. 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша олардың жалпы көлемі 1 трлн 369,8 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылдың көктемінен бергі ең жоғары көрсеткіш. Бұл ретте берешегін 90 күн және одан да ұзақ уақытқа кешіктіргендер қарызы 706,4 млрд теңгені құрап тұрғанын ескерген дұрыс.
«Қазіргі уақыттағы статистика бойынша борышкерлердің 19 проценті қиын жағдайды бастан кешіріп жатыр. Яғни төлем жасай алмауда. Бірақ олардың банктен қашып жүруі дұрыс емес. Одан да банкке барып, қарызды бірнеше айға тоқтата тұруды сұрауға болады. Болмаса, аз-аздан бөліп төлеуге болады» деген бірінші несие бюросының атқарушы директоры Әсем Нұрғалиеваның сөзі біз келтірген мәліметтерге нақты дәлел бола алады.
Ал бұл қарыздың қордалануына не себеп деген сұрағымызға жауап берген қала тұрғыны:
– Несие мүлде қажеті жоқ деп айта алмаймын. Бүгінгі уақытта ағайын-туыс, дос-жаранның арасынан табыла қоймайтын көлемді қаржы қажет болып қалатын жағдайлар әркімнің басында болады ғой. Міне, сондай уақытта әлбетте банктердің ұсынған несиесі арқылы қажетімізді табамыз. Бірақ пандемия кезіндегі қиындық тек менің емес, көбісінің басында болды. Жұмыс уақытша болса тоқтады дегенмен, кейіннен қайтадан қосыла алмай қалғандар да аз емес. Сол уақыттардағы қаржылық тапшылықтың соңы бүгінгідей жағдайға алып келіп отыр. Микроқаржылық ұйымдардың көмегіне де жүгінгенмін. Бүгінде сол қарыздардың барлығы өсіп, коллекторлық агенттіктерден шалынған қоңыраулар жиі мазалады, – дейді.
Бірақ бұл қиындықтан да шығатын жолды тапқан кейіпкеріміз борышкерлердің пайдасына қызмет жасайтын заңгер, кәсіпкерлерге алғысын айтып отыр.
Сондай кәсіпкерлердің бірі Айдана Оңайғалиқызы:
– Біздің қызметіміз де заң аясында жүзеге асады. Кәсіпкер ретінде тіркеліп, борышкерлердің қарызынан жеңілдеуіне заңдылықтарға сүйене отырып жұмыс істейміз. Жеке шоттары бұғаттауға қойылып, мәселенің күрделенгенін сезген азаматтар хабарласады. Бұғаттауларды шешіп, қарызды график бойынша төлейтін етіп жағдай жасаймыз, – дейді.
Бірақ бұл да ақысыз қызмет емес екені түсінікті. Оның үстіне ары тартса да, бері тартса да жетпейтін қаражатты тауып төлеу де борышкерлерге оңайға соқпайды.
Міне, бұл жағдай елдегі тұтастыққа да қауіп төндіруі мүмкін екені қаңтарда орын алған жағдайда байқалып қалды. Қымбатшылықты желеу етіп шыққан халықтың арасында кредиттік амнистия сұрағандар да бой көрсетті. Бірақ жауап қалай болмақ? Бұл жайлы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Алматы қаласындағы өкілдігінің жетекшісі Әсел Әбен:
– Қазақстанға митингке шыққан халық талаптарының бірі – кредиттері мен қарыздарын есептен шығару. 2020 жылы пандемияға және кірістен айырылуға байланысты 2021 жылдың ішінде заңды да, жеке тұлғалардың да тарапынан кредитке сұраныс артты. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, 2021 жылдың қаңтар-қазанында 16 745,5 млрд теңге кредит берілді. Бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 45,1 пайызға көп. Оның ішінде 2021 жылдың қаңтар-қазанында заңды тұлғаларға берілген кредит 16,3 пайызға, ал жеке тұлғаларға 97,4 пайызға артты. 2021 жылдың 1 қарашасындағы жағдайға сәйкес, азаматтардың тұтынушылық мақсаттағы кредиттерінің өзі 5 833,2 млрд теңгені құрады. Жеке тұлғаларға берілген кредиттер бойынша сыйақының теңгерімді мөлшерлемесі 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылдың қазанында 18,1 пайызды құрағанына қарамастан, өткен жыл бойы сұраныс 30 пайыздан астамға өсті. Бұған қоса, борышкерлер саны артып, шамамен 1 млн азаматтың банктің займдар мен салықтар бойынша мерзімі өткен берешектері бар, – деп атап өтеді ол. Сондай-ақ амнистия жайлы "Берешек деңгейі артып, рұқсат етілген нормадан асқан сыни жағдайда ахуалды біршама тұрақтандыруға мүмкіндік беретін түрлі тетіктер қолданылады. Мұндай іс-шаралардың бірі – кредиттік амнистия. Бірақ мұндай іс-шара өте сирек қолданылады. Өйткені теріс салдары болуы мүмкін. Яғни азаматтардың өз міндеттемелері бойынша жауапкершілік деңгейі төмендеп, масылдық көңіл күй қалыптасады. Қазақстанда 2019 жылы мұндай іс-шара қолданылды. Халықтың аз қамтылған санаттарының қарыздары кешіріліп, 500 мыңнан астам азаматтың шамамен 115 млрд теңге қарызы есептен шығарылды. Сонымен қатар 1,2 млн азаматтың шамамен 33,6 млрд теңге сомасындағы айыппұлдары мен өсімпұлдары өтелді. Ахуалды құқықтық аяда реттеуге және бақылауға мүмкіндік беретін, кредиттер мен салықтар бойынша берешектің шамадан тыс артуына жол бермейтін біршама өркениетті әдіс – реттеушілік және құқықтық тетіктерді жетілдіру. Мұндай қадам – Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы институтын енгізу. Бұл борышкер азаматты қорғаудың біршама тиімді әдісі саналады әрі берешектен құтылуға және бәрін таза парақтан бастауға мүмкіндік береді. Мұндай институттың басты құндылығы – азаматтарға заңды тұлғалар мен мемлекет алдында өзінің мүддесін қорғауға мүмкіндік беруінде. Азамат міндеттемелерін өтеуге қатысты қиындық туындаған жағдайда, кез келген сатыда банкроттыққа бастама жасауға құқылы болады. Түптеп келгенде, жеке тұлғалардың банкроттығы институты азаматтарға қарыздарын қайта құрылымдау немесе сот шешімімен борышкердің мүлкін сату арқылы өз төлем қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл азаматтардың, ең алдымен, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобының мүддесін қорғауға бағытталған аса қажетті әрі маңызды қадам» деді.
Түйін: Халықтың әлеуетінен бір көрініс осы. Баршаға ортақ мәселе болмаса да, қиындыққа кездескен ел азаматтары арамызда жүр. Ал әрбір қазақстандықтың мәселесі мемлекеттің басты назарында екенін еске алар болсақ, Жаңа Қазақстан бұл мәселені де шешудің жолын табады деген ойдамыз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
24 мамыр 2022 ж. 266 0