Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дарындылар дара шықты

Дарындылар дара шықты

Білім бәсекесі қашанда бірінші кезекте екені белгілі. Бәсекеге қабілеттіліктің де басты көрінісі білім бәсекесінде бәсі биік ел болашақтарының өсіп, дарындылардың топтан дара шығуы екені белгілі. Жастайынан білім мен ғылымның жолына түскен жас ұрпақ ертеңгі күні тәуелсіз еліміздің мызғымас тірегіне айналатыны даусыз.
Аудан оқушылары өткен сенбіде осындай білім мен қабілеті сыналар бәсекеде бақ сынасты. Нақтырақ айтар болсақ, №2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында  2022-2023 оқу жылына оқушыларды қабылдау емтиханына қатысып, бақтарын сынап көрді.
Талапкерлердің барлық қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып ұйымдастырылған емтихан алдын ала белгіленген кестеге сай сағат 9:20-10:20 уақыт аралығында оқу сауаттылығы және математика, сондай-ақ талапкерлердің логикалық ойлау мүмкіндіктерін тексеру мақсатында құрастырылған 40 логикалық тапсырмадан тұратын тест сұрақтарына жауап берді. Конкурстық іріктеуге әділдікті қамтамасыз ету үшін арнайы ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының педагогикалық шеберлік және психологиялық қызмет бөлімінің жетекші сарапшысы Гүлден Берденова мен Қызылорда облысы білім басқармасының "Дарын" облыстық қосымша білім беру орталығының «Дарынды балалармен жұмыстарды ұйымдастыру» бөлімінің әдіскері Мария Хамзаева, сондай-ақ «Адалдық алаңы» кеңесінің төрағасы, аудандық жастар ресурстық орталығы, аудандық "Толқын" газеті өкілдері, қамқоршылық кеңес мүшелері, ата-аналар шақырылды.
Ал талапкерлердің ата-аналар емтиханның өту барысы YouTube платформасында тікелей эфир арқылы бақылап отырды. Бәсекеге түскен дарындылардың қайсысы дара шыққанын qabyldau.daryn.kz сайтында жарияланатын қорытындыдан білуге болады.
"Толқын" ақпарат
24 мамыр 2022 ж. 388 0