15-18 жастағы жасөспірімдер жолақының 50 пайызын ғана төлейді – заң жобасы

Айта кетейік, Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымға шығарылды.
Заң жобасы Қазақстан Республикасының 4 кодексі және 16 заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
«Атап айтқанда заң жобасы әлеуметтік маңызы бар, сондай-ақ қалалық (ауылдық), қала маңындағы қатынаста автомобильмен тұрақты тасымалдауда «Алтын алқа», «Күміс алқа» мен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы аналардың, бірінші топтағы мүгедектердің тегін жол жүру құқығын көздейді. 15 жастан 18 жасқа дейінгі жастар билет құнының 50 пайызын төлей алады», – деді Қайырбек Өскенбаев.
Министрлік келтірген деректерге сәйкес, Қазақстанда 65 мыңнан астам «Алтын алқа», 137 мыңнан астам «Күміс алқа», 15 мыңнан астам «Батыр ана» иегерлері бар.
І топта – 69 444, ІІ топта – 280 965 және ІІІ топта – 264 934 мүгедектігі бар адам тіркелген.
7 жасқа дейінгі балалар саны 2 миллионнан асса, 7-15 жас аралығындағы 2,7 млн бала және 16-18 жастағы 724 мың жас бар.
Айта кетейік, елімізде 14 жасқа дейін балалар жолақының 50 пайызын төлейтін, ал Нұр-Сұлтанда 18 жасқа дейінгі бүкіл жеткіншекке жолақы тегін.
Депутаттар аталған заң жобасын бірінші оқылымда тегіс мақұлдады.
kyzylorda-news.kz