Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қант диабетінен сақтану қажет

Қант диабетінен сақтану қажет

Әлемнің барлық елдерінде миллиондаған адамдар қант диабетімен ауырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, әлемде әр 500-ші сәби мен әр 200-ші жасөспірім қант диабетімен ауырады екен. Қант диабеті ауруының әсіресе балалар арасында белең алуы жас ұрпақтың өсіп-дамуына қауіп төндіруде. Сол себепті аурудың алдын алу кезек күттірмейтін өзекті мәселеге айналып отыр.
Қант диабеті – адамзатқа көне заманнан белгілі, бұл туралы деректер көне дәуірдің 3000-1500 жылдары Мысыр папирустарында келтірілген. Ертеректе бұл ауру сирек кездесетіндіктен, оған аса көңіл бөлінбеген.  Ал қазір бұл мәселеге көзқарас өзгере бастады.
Қазақстанда ресми емес мәліметтер бойынша, 700 мыңнан астам адам қант диабетімен ауырады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде 366 млн адам қант диабетіне шалдыққан. Бұл дерттен дер кезінде емделмесе, соңы мүгедектікке, өлім-жітімге әкелуі мүмкін. Бұл ауру ең алдымен тамырлардың барлығын қатар зақымдайды. Соның зардабынан жүректің, бүйректің, бауырдың, көздің, тағы да басқа органдардың қызметін нашарлатады.
         Қант диабетінің пайда болу себептері
Мамандардың айтуынша, баланың физикалық белсенділігінің төмен болуы, таза ауаға сирек шығуы, еңбек пен демалыс тәртібінің бұзылуы, емдеу дәрігерінің бақылауынсыз көп дәрі ішу, баланың күйзеліске түсуі, жасанды немесе аралас тамақтану – диабет тудыруға себеп болады екен.
Негізінен бұл ауруға балабақшаға, мектепке баратын балалар мен жасөспірімдер жиі шалдығады. Бір жасқа дейінгі және ересек  балаларда қант диабетінің 1 түрі өте сирек кездеседі. Екінші түрдегі қант диабеті ересек адамдарға тән. Алайда соңғы кездері ол балаларда да жиі кездесіп жүргені алаңдатады. Әсіресе ата-аналар жаңа туған сәбилерге аса назар аудару керек, себебі олар қай жері ауырып тұрғанын айта алмайды. Баланы қадағалап отыру қажет, тамақтандыру тәртібін сақтап, қан талдауларын жасатып отырған дұрыс.
Дәрігерлердің айтуынша, алғаш­қысы, тұқым қуалаушылық бол­са, енді бірі сәби шақтағы ауру­шаңдығы, инфекциялық ауруларды жиі жұқтырып, әлсіреген баланың ауруға қарсы тұрар им­мунитеті әлсіреуінен ұйқы безінің жұмысы нашарлап, инсулин бөлінуінің біраздан соң тоқтап қалуы себеп. Ал үшіншісі, экологияның кері әсері көрінеді..
         Клиникалық белгілері қандай,  алдын алу жолы бар ма?
Дәрігер мамандардың пайымынша, қант диабетінің клиникалық белгілері барлық жаста көбіне ұқсас келеді. Балаларда көбіне кіші дәретін ұстамау жағдайы жиі кездеседі. Сондай-ақ ауырған баланың өсу қабілеті төмендеуі мүмкін. Біз экологиялық апатты аймақта өмір сүріп жатқандықтан, бұл жердің ауасы, топырағы, суы ластануына байланысты көптеген аурулардың асқынуы мен көбеюіне алып келуде. Атап айтсақ, қатерлі ісік аурулары, туберкулез, қант диабеті, аллергия түрлері, бүйрек, асқорыту жолдарының аурулары. Соңғы жылдары қант диабеті ауруының әсіресе балалар арасында  күрт өсуі бұл аурудың «жасарып» келе жатқанын байқатады. Еліміздің экологиялық ахуалының жақсаруына бүкіл ел болып әрекет етсе, көптеген нәтижеге қол жеткізуге болар еді.
Аурудың және диабет асқынуларының алдын алу үшін үнемі емдеу және қан құрамындағы қанттың деңгейін бақылау ұстап отыруы және науқас бала эндокринолог дәрігерде есепте тұруы тиіс. Құрамында көмірсуы көп тәтті торт, конфет, балды шектеген абзал. Фаст-фуд, майға қуырылған картоп, қытырлақ нанды да аздап жеу керек. Егер баланың аузы құрғап, көп шөлдесе, жалпы аурудың белгілері басталса бірден дәрігерге көрсеткен дұрыс. Дұрыс тамақтануды жолға қойып, вирусты жұқпалы аурулардан сақтанып, балаға ауру жұққан жағдайда дер кезінде емдетуге тырысу қажет. Дәрігер тыйым салған тағамдардан бас тартқан жөн. Науқас баланы күнделікті 5-6 шақырым жаяу жүргізіп, таза ауада серуендеткен аурудан айығуға септігін тигізеді.
Аудандағы ахуал қалай?
Ауданда қант диабетінің балалар арасында қаншалықты деңгейде екенін білу мақсатында аудандық кеңес беру-диагностикалық емханасының дәрігер-эндокринологы Ақбота Балтықбайқызы Қарабаеваға хабарласқан едік:
– Қант диабеті – ұйқы безі қызметінің бұзылысы әсерінен дамитын эндокриндік ауру болып табылады. Қант диабеті 2 түрге бөлінеді: 1 типі –инсулинге тәуелді, абсолютті инсулин жеткіліксіздігімен сипатталатын түрі балалар мен жасөспірімдерде, 40 жасқа дейінгі адамдарда жиі кездеседі. 2 типі – инсулинге тәуелсіз түрі, көбіне 40 жастан кейнгі ересек адамдарда  дамиды. Соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдердің арасында қант 1 типінің таралуы жиілеген. Аудан бойынша 19 бала қант диабетінің 1 типпен тіркелген, оның төртеуі 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Аурудың даму себептеріне ұйқы безінің аутоиммунды өзгерістері, генетикалық бейімділік, әртүрлі вирустық инфекциялар (қызылша, қызамық, герпес, цитомегаловирустар, т.б) стрестік жағдайларда дамиды. Қазіргі кезде тамақ сапасының нашарлығы және қанты көп тағамдарды көп қолдану да қант диабетінің пайда болуына септігін тигізеді.
Клиникалық белгілеріне полидипсия – шөлдеу, полиурин – кіші дәретке жиі шығуы, гипергликемия – қандағы глюкоза деңгейінің жоғарылауы, ауыз құрғауы, салмақ тастауы, жалпы әлсіздік жатады. Осы клиникалық белгілері арқылы қант диабетінің алғашқы белгілерін байқауға болады. Егер осы белгілерді дер кезінде байқамаса, жедел асқынулары кетоацидоздық жағдай пайда болуы мүмкін. Бұл жағдайда ішінің ауырсынуы, ентігу, жүрек айну, құсу, терісінің құрғауы, бас ауырсынуы, айқын әлсіздікке, аузынан ацетон иісінің шығуы байқалады. Жоғарыдағы белгілер байқалса, баланы педиатр және балалар эндокринологына көрсеткен жөн. Қант диабетінің 1 типімен ауырған науқас міндетті түрде №9 диетаны сақтауы және жеңіл қорытылатын көмірсу құрамды тағамдарды, кондитерлік өнімдерді, газдалған сусындарды шектеуі керек. Сондай-ақ күніне 5-6 рет тамақтану қажет. Инсулинотерапия тағайындалады. Егер  диета сақтап, инсулинді адекватты дозада қабылдаса, өмір сүру сапасы дені сау адамдармен тең болады. Бұл аурудың алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану, баланың күйзелістік жағдайларға бой алдырмауын бақылау, психологиялық тұрғыда баламен жұмыс жасау маңызды. Қазіргі таңда ғылымның қарыштап, ақпараттың дамыған заманында бірінші кезекте адам денсаулығын сақтау мен нығайту маңызды мәселе болып отыр. Әсіресе балалар денсаулығына көп көңіл бөлінсе екен. Өйткені балалар – еліміздің болашағы, ертеңгі күннің жалғасы, – деді.
Осы тұрғыда қала тұрғыны Аманкүл апаның сөзіне құлақ түрсек:
–Немерем 2017 жылдың күзінде қатты ауырып қалды. Баламыздың қант диабетімен ауыратынын сол кезде білдік. Ауруханадағы білікті дәрігерлер шұғыл көмек көрсетіп, баламыздың беті бері қарады. Қазір жағдайы жақсы. Осында келіп, тексеріліп, емімізді алып тұрамыз. Жасым 70-тен асса да, ешқашан қант диабетімен ауырып көрген емеспін. Сондықтан немеремнің ауырғанын көргенде қатты уайымдадым. Енді немерелерімнің жеген тамақтарын қадағалап отыратын болдым. Сабақтан бос уақыттарында далаға шығарып, дене жаттығуларын жасатамын, – дейді қамқор ана.
Қазіргі таңда елімізде қант диабетінің салдарымен күресу үшін мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Эндокринолог-мамандардың жетіспеушілігі де баса назар аудартуда. Сон­дай-ақ шетелдіктердің бала диабетпен ауырған жағдайда мамандар үштігінің – медик-пси­холог, диетолог және эндокринолог маманның көмекке келуі үлгі аларлық оң тәжірибе екен.
         Түйін. Қант диабетінің пайда болуына адамның дұрыс тамақтанбауы мен дене қимылының азаюы және күйзеліс себеп болады екен. Мұндай жағдайда адам күйзеліске түспеуі мүмкін емес. Бұл да диабеттің асқынуына алып келеді. Сондықтан психолог мамандармен кеңесіп тұруды жөн санайды дәрігерлер. Қант диабеті – адам өміріне өте қауіпті дерт.  Оған бей-жай қарамағанымыз жөн, әсіресе келешек ұрпақ қамын ойласақ, бүгіннен әрекет еткен абзал.

К. МАХСҰТ 
18 маусым 2022 ж. 1 002 0