Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамбаш көлі туристер мекеніне айналады

Қамбаш көлі туристер мекеніне айналады

БҰҰ-ның Бүкіләлемдік туристік ұйымы шетелдіктер ең көп келетін елдердің тізімін тұрақты түрде жасап келеді. Бұл тізімде Франция, Испания және АҚШ бірнеше жылдан бері көш бастап келеді. 75-80 жылына миллионнан астам қонақты қабылдайтын бұл елдерден кейін Мысыр, Того, Вьетнам Республикасы тұр. Ал Дубай мен Түркия әлем халқының арманына айналғалы қашан. Әсем табиғаты мен көздің жауын алар зәулім ғимараттарынан бөлек, жағажайларының жайлылығы келушілерді өзіне тартып тұрады.

Ал елімізде Көкше мен Алакөлден, Каспий теңізінің жағалауынан бөлек Қамбаш көлі жайлы не білеміз? Бүгін сол жайында, осы көлдің туристердің мекеніне айналуы мүмкін бе деген сұрақтарды тарқатып көрсек.
Ауданда кенже дамыған саланың бірі болса да, Қамбаш көлі тынығушыларға жан тыныштығын сыйлауға үлкен мүмкіндік тудырды. Аудан экономикасының қарқынды ілгерілеуіне ғана септігін тигізбей, Аққұмшық жағажайы келушілердің де көңілінен шығып, суға түсу маусымында тек аудан, облыс көлемінде ғана емес, республика бойынша мыңдаған тынығушының жайлы орнына айналды.
Бірақ көпшіліктің көңілінен шығып, Қамбашты көргендердің де, көрмегендердің де арманына айналған бұл орын соңғы екі жылда қиындықты бастан өткерді. Алдымен пандемия салдарынан кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап, көлдің тынысы тарылса, кейіннен Қамбаштың суы тартылып, жағалаудан күн санап алыстап барады деп ұрандадық. Бұл расында Қамыстыбас тұрғындары үшін үлкен қауіп төндірді. Бұл жағдай жергілікті жердің табиғатына да кері әсерін тигізбей қоймады.
Осыдан тура екі жыл бұрын көлдің су деңгейі жағалаудан 250-300 метрге алшақтап кетті деп Парламент депутаттары да алаңдаушылық танытты. Расында төрт түлік мал бағып, балық аулап отырған жергілікті халықтың айтуынша, бұл дабылдың белгісі болды. Себебі жақын арада көлдің тартылуы тоқтамаса, халыққа көшуден басқа амал қалмайды. Өйткені екі мыңның үстінде халқы бар Қамыстыбас ауылы тұрғындарының дені бұл жерден балық аулап, күндерін көріп келеді. Елді мекен жұртын бұл күнде көлдің тартылып бара жатқаны алаңдатады. "Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі "Арал-Сырдария бассейндік" инспекциясы басшылары да:
– Мысалы, кезінде Арал теңізі құрғады. Сол сияқты егер биылғыдай 90 мың гектар күріш егіле беретін болса, онда Қамбаш та құрғайды. Сол себепті қазір барлығын ескере отырып, күріш көлемін азайтып, мейлінше суды сол көлдер, экологиялық жүйелерге, шабындықтарға, мал жайымдылыққа жіберу өте қажет. Енді барлығын баланс қылып бірдей жіберу керек қой, бір жағын кептіріп қоймай, екінші жағын суға бастырып қоймай, – деген пікір де айтты.
Міне, осы бағытта көптеген жұмыс жүргізілді. Ауданда орын алған қуаңшылық жағдайына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде атқарылатын шаралар аясында да бұл қиындық ұмыт қалмады. Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің бастамасымен Аманөткел ауылдық округіндегі «Бұрмақұлақ» арнасын бөгеу жəне «Аспай» суағытқысын жөндеу жұмыстары жүргізілді. 1974 жылы салынған «Аспай» суағытқысының негізгі мақсаты да көлдер жүйесін суландыру еді. Облыстық бюджеттер жүргізілген осы жұмыстар нәтижесінде Қамбаштың арнасы қайта толып, қазіргі уақытта келушілерді қабылдау жұмыстарын бастап та кетті.
Бірақ осы тұста Қамбаштың қазіргі жағдайы туристік орталыққа сай ма деген сұрақ туындайды. 2014 жылы old.baq.kz ақпараттық порталында ауыл тұрғыны Нұрбай Жүсіптің "Қамбаш көлі туризм аймағына айнала ала ма?" мақаласында "Рас, Қамбаш көлі – Сыр өңірінің мақтануға тұрарлық демалыс орны, тамаша жер. Автокөлік жолына жақын, табиғаты көркем мекеннен қашан да халық үзілмейді. Әсіресе демалыс күндері жағалаудан бос жер таба алмайсыз. Тіпті алыс-жақын шетелдерден келген меймандарды да жолықтыруға болады. Десек те «Сыр өңірінің туризмін дамытамыз, Қамбаш көлін әлем елдері қызығатын аймаққа айналдырамыз» деп, аузымыздың суы құрып айтып жүргенімізге де бірталай жыл болыпты. Осы уақыт аралығында облыстың бірнеше әкімдерін де ауыстырып үлгіріппіз. Содан көкейде сұрақ туындамай қайтеді? Сыр өңірі туризм саласына қолайлы ма? Қамбаш көлінің сервистік қызметі қай деңгейде?" деген сауалға толы мақаласы жарық көрген болатын.
Осы сұраққа жауап алу үшін көл жағасындағы Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі Алдаберген Исаевпен тілдестік.
– Бүгінгі таңда Қамбаштың арнасы толды. Суға шомылу маусымы басталғалы бері келушілердің қатары көбейді. Бұл – үлкен жетістік. Бірақ қарап отыруға болмайды. Жұмыс әлі де істеліп жатыр. Көлді таңдап келген азаматтардың талабын орындау біздің міндетіміз. Осы талапты орындау үшін дәл қазіргі уақытта 17 кәсіпкер келушілерге толықтай жағдай жасап жатса, көлдің басында 7 қайық пен 1 скутер қызмет жасап тұр. Басты міндет көл басындағы тазалықты сақтау екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан қоқыс салуға арналған арнайы жәшіктер орнатылды. Екі мезгіл тазалау жұмысы жүргізіліп отыр. Бірақ істелу тиіс міндеттер көп. Алдағы уақытта барлығы шешімін табатын болады, – деді.
Түйін: "Демалуға келетіндердің ішінде туристер өте көп. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Шетел азаматтары көлімізді мақтап жатыр. Біз де өз кезегімізде оларға сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Ел абыройы бәрінен маңызды. Жыл сайын тұрақты түрде көлге түсуге келетіндер де бар. Дерттеріне шипа іздеп жүргендерге Қамбаш таптырмас демалыс орны болып отыр" дейді көл басындағылар. Расында талаптан шыға білсек қымбатшылыққа толы Түркияны емес, өзіміздің Қамбашты бетке алатындар көбейер еді. "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" күре жолының бойында орналасуы да үлкен мүмкіндік тудырып отыр емес пе?!

Оңталап ЖОЛДАСОВ
21 маусым 2022 ж. 792 0