Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақташы бақыты

Бақташы бақыты

Адамды адам еткен еңбек екені адамзат баласы жаратылғалы аян. Әке таяғын сонау 1957 жылдан бастап қолына нық ұстаған он үш жасар қаршадай бала Қайролла Айтпақовтың қолымызға сүйікті ұлы Хамит әкеп тапсырған еңбек кітапшасынан көп нәрсені ұққандай болдық.
Әкесі Айтпақ ақсақал, оның әкесі Мұстафа, оның әкесі Сартай да малжанды адамдар болған екен. Тіпті бергі атасының қолына құт, қорасына төрт түлік мал біткен дәулетті кісі екен. Тіпті қуғын-сүргін жылдарындағы халыққа төнген зұлмат бұлты бұл әулетті де айналып өтпепті. Соның салдарынан Айтпақ атамыздың үлкен ағасы Көптілеу Мұстафа әкесінің ақылымен қорада азғантай мал қалдырып, қалғанын алдына салып бір түнде Үстірт арқылы Бейнеу асып кеткен көрінеді.
Көктем елді мекенінен он-он бас шақырым жердегі "Айтпақ баз" аты айтып тұрғандай Қайролланың қашаннан ата жұрты. "Әке көрген оқ жонар" демекші, қашан ақтық демі үзілгенше ұлы еңбектен қол үзбеді, бақытын маңдай терімен тапты. Соның нәтижесінде сол бір жылдарғы еңбек көрсеткіші ұдайы ел назарында болды. Ол осы көрсеткішті 23 жыл бойы бірде-бір рет төмендетіп көрмепті.  Жылма-жыл 205 бас бұзауды аман сақтаумен қатар 222 бас сауын сиырдан алынған сүт өнімдері осыншама уақыт аудан орталығындағы балабақшалар мен денсаулық мекемелерін тұрақты қамтамасыз етіп отырыпты. "Сиырдың сүті – тілінде" деп осындайда айтса керек.
         Қолына құт, басына бақ қонған озат бақташы Қ.Айтпақов "Приарал" кеңшары №1 фермасының атақты бақташылары Қыдырбай Нұрманов, Құлпыбай Әнесов, Аймағанбет Жалғасбаев, Жақсылық Алпысбаев, Дөңес Өксікбаевпен бірге әлденеше рет "Социалистік жарыс жеңімпазы" атаныпты. Оның ішінде осылардан оқ бойы озып, аудан мақтанышы атанған бақташы облыс бойынша да озаттар сапынан көрініпті. Өмірінің соңына дейін аға бақташы болып абырой биігінен  көрінген Қайролла ағамыз еңбектен қол үзбей жүріп Қызылорда совхоз техникумын зоотехник мамандығы бойынша ойдағыдай тәмамдапты. Сөйтіп алған теориялық осы білімін мал шаруашылығы ісін өркендетуге аянбай пайдаланыпты.
         Иә, өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші, тіпті тоқсаныншы жылдарғы тоқырауға дейін аудан экономикасының әлеуетін арттыруға, балық, мал шаруашылығы және басқа өндіріс, өнеркәсіп орындарын өркендетуге лайықты үлес қосқан сол бір озаттар есімдері арамызда жүрген ат төбеліндей аға ұрпақ өкілдерінің жадында болар. Олар Қазақ ССР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, үш бірдей Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған, СОКП ХХІІІ съезінің делегаты, балықшы Нарғали Демеуов "Ленинград" балықшылар кемесінің капитаны, Социалистік Еңбек Ері, Ленин орденді, СОКП ХХV съезінің делегаты Төлеген Әлімбетов, тұз қазу машинисі, Социалистік Еңбек Ерлері Әбжәми Сарымсақов, балықшы ана Ұштап Өтеулиева, балықшы, Қазақстан Компартиясы кезекті съезінің делегаты, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Дүйшенбі Қалабаев, кеме жөндеу зауытының озат жұмысшысы Сағидулла Таласбаев, аға шопандар Қуаныш Бердімағанбетов, Баян Есқуатова, Сағынай Мерекбаев және басқаларының озық тәжірибелерін бүгінгі күндері неге пайдаланбасқа.
Жуырда ұлт ұясы Ұлытау етегінде өткен І Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек мәселесіне тоқталуы тегіннен-тегін емес еді. Өйткені қазір тамағы тоқ, киімі көк, уайымы жоқ, компьютер басты, қалта телефоннан басқаға бас қатырмайтын ұрпақ өсіп келе жатқаны және біздің өсіріп келе жатқанымыз жасырын емес. Жас ұрпақты адал еңбекке баулу халқымыздың алдындағы кезек күттірмейтін ең бір өзекті мәселе.
Біз жоғарыда аттарын атап, түстерін түгендеген атақты еңбек адамдарының ортасынан ойып орын алған бұрынғы "Приарал" кеңшары, №1 фермасының озат бақташысы Қайролла Айтпақовтың есімі ел жадында.
Қайрекеңнің әкесі Айтпақ атамыз мақал-мәтелдің мәйегін тауып айтатын тілді адам болған көрінеді. Заманында өз бақытын еңбектен тапқан бұл кісі қазақтың береке-ырысы болған және болып келе жатқан мал туралы мақал-мәтелдерді майын тамызып айтатын болыпты. Мысалы, Қайролла ағамыз әкесінің бұл жөніндегі білгенін өмірден өткенше жадында тоқып отырады екен. "Малды жақсы баққаның, өзіңе абырой тапқаның, малды жаман баққаның, келген бақты қаққаның", "Мал бітерінде кілемнің түгіндей, мал кетерінде қолдың кіріндей", "Малы бірдің – жаны бір", тағы басқа әке мақалдары құдды энциклопедия дерлік еді.
Әкенің адастырмас ақылын алдына салған, келелі кеңесін жадына тоқыған Қайрекең ірілендірген бригаданың бригадирі болып өмірден озғанша өз тәжірибесімен талайды таңдай қақтырған озат болатын. Әр жүз аналық сиырдан сексеннен бұзау алып, оны аман сақтап,  табынға табын қосты. Сол кездергі кеңшар басшылары ақылдаса келе енді әр жүз аналықтан тоқсан бұзаудан төл алуға берік бел байласты. "Кеңесіп пішкен тон келте болмас" дегендей, мал басын өз төлі есебінен көбейту, аман сақтаумен қатар бригада мүшелері сүт өндіруде де ауыз толтырып айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Сауын сауып, оның  өнімдерін қалаға жеткізу басты назарда болғаны қазір аңыз дерліктей.
Айтпақ ақсақал мал жайын бес саусағындай жетік білетін малжанды адам болатын. Ол баласынан ылғи да "Кемпір шалдың тілін біледі, шал малдың тілін біледі", "Қорада малың болсын, көшеде талың болсын", "Малыңды қойған жеріңнен іздеме, тойған жеріңнен ізде" деп мақалдап, мәтелдеп айтар ақылының әрі мен нәрін қатар  кіргізіп отыратын.
Атамыз қазақ "Әйелің жақсы болса ырысың" деп текке айтпаса керек. Қайролла Айтпақов ағамыздың асыл жары Жаңабике  жеңгеміз де шаруаның жайын жақсы білетін еді. Сол себепті ерлі-зайыпты  екеуі елең-алаңда жұмысқа шығатын. Бірі сиыр саууға асықса, енді бірі малдың бабын жасауға күнделікті кірісіп кететін.
Адал еңбек адамды абыройға бөлейді. Қайрекең өмірін осы мал шаруашылығына арнаған нағыз майталман бақташы болатын. Оның үстіне сол тұстағы кеңшар директорлары, белгілі ғалым, ғылым кандидаты Мүсілім Қазанбасов, одан кейінгі Құдайберген Нұрболатов, Аманкелді Жүгінісов, Қайролла Айтпақов тікелей еңбек ететін №1 ферманың әр жылдардағы басқарушылары Дайрабай Әбекенов, Таймас Қызылбаев, Бақыт Елмағамбетов еңбек адамдарымен етене болатын әр кезде. Бұл басшылар еңбекте оза шапқан Қайролла Айтпақовты қатарынан оздырып, қанат қақтырды. Қиналғанда жебеуші, қуанғанда демеуші бола білді.
Соның нәтижесінде бірнеше жыл аупарткомнан бастап, обкомның пленум мүшесі, аудандық кеңестердің депутаты болып, абырой биігінен  көрінді. Омырауында "Құрмет белгісі", "Еңбек даңқы" орден-медальдары жарқырады.
Қайролла ағамыздың баласы Хамит ініміз қолымызға тигізген құжаттарға көз жүгіртіп отырмыз. Бұл құнды құжаттарды Жаңабике жеңгей мұқият сақтап, балаларының қолына тәбәріктей табыс еткен көрінеді.
..."Онекінші бесжылдықтың озаты", "Қызылорда облыстық партия комитетінің мүшесі", "ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы", "Құрмет белгісі" ордендері, "Ерен еңбегі үшін", "Облыстың үздік бақташысы" медальдары мен төсбелгілері, Қазақстан Компартиясы ХІІІ съезінің делегаты, депутаттық куәліктері және қол жеткен табыстары, көрсеткіштері туралы жазылған сарғайған ескі газет қиындылары өнегелі өткен күндерден сыр шерткендей болады.
Әке ақылымен отыз жылдан астам әулеттің өткендерінің ақ таяғын сенімді серік еткен Қайролла да өзі өмірден өткенше інісі Жақсылыққа, балаларына "Мал тапқандікі емес, баққандікі", "Марапат іздегенге мал бітпейді", "Атақ қуғанға абырой жоламайды" деп оймақтай ой айтып отырудан жалықпайды екен. Сонша уақыт "Айтпақ базда"мүйізді ірі қара фермасының зеңгі баба тұқымын бригадалық әдіспен бабын тауып баққан, сүт бұлағын селдеткен азамат бейнесі уақыт өткен сайын асқақтай түседі, "Адамның өзі өлгенмен, өнегелі ісі өлмейді" деген осы да.
Осы сөзімізге ардагер журналист Шәкірат Дәрмағамбетов көкеміздің Қайролла Айтпақов жайында кезінде жарық көрген толғанысы куә болады. "Оған атақ та, даңқ та осы жылдарда келді. Алапат күш-қуат иесі, өзгелерден иығы оза туған отты азамат бар болғаны 48 жасында дүниеден озды. Елінің тәуелсіздік алған шаттығына қосыла қуанды. Тәуелсіздік деген құдіреттің құнын біліп, тыпыршып, қанатынкең сермемек еді. Әттең-ай, үлгіре алмады. 48 жылдық қысқа ғұмырының 35 жылын, иә, тура 35 жылын туған жерін өркендетуге арнады. Ойнап-күліп сайраңдайтын, 13 жасынан бастап тер төккен 35 жылдық еңбегіне өзі де, елі де бек разы еді..." Бұған біздің алып қосарымыз жоқ.
Асқар таулар алыстан көрінеді. Жылғадай жылжып жылдар өткен сайын қайраткер еңбек адамы Қайролла Айтпақовтың асыл бейнесі асқақтай түседі. Асылы, еңбекпен есейген, еңбекпен көктеп-көгерген, өз уақытының тамыры бүлк-бүлк соғып тұрғанда абырой биігінен  қарапайым еңбегімен көрінген азаматтың өнегелі өмір жолдары, игілікті істері ешқашан ұмыт қалмауы тиіс.
Еңбек туралы сөз ешқашан ескірмейтін мағыналы ұғым. Тағы да қайталап айтамыз. Ұлытау төрінде өткен І Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев еңбек туралы текке айтқан жоқ. Ендігі жерде жас ұрпақты адал еңбекке баулып, ұлттық тәрбие  негізінде тәлім беруден асқан міндет жоқ. Сондықтан аға буын ұрпақтың өнегелі істерін кейінгі жастарға үлгі тұту үшін олардың есімдерін жадымыздан жоғалтпай, жаңғыртып отыруға тиіспіз. Осыған орай айтарымыз, Қайролла Айтпақовтай өз бақытын ұлы еңбектен тапқан азаматтың есімін Арал қаласындағы бір көшеге еншілесек, нұр үстіне нұр емес пе. Сонда Жаңа Қазақстанның жас ұрпағы нағыз еңбек қадірін түсінген болар еді. Бұл әрі жастардың еңбекке деген құлшынысын, қызығушылығын туғызып, олардың жалқаулықтан, бойкүйездіктен арылуына жасалған өнегелі іс болмақ.
Ұлы Абай "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" демекші, есімі еңбекпен егіз осындай тұлғаның атына қала көшелерінің біріне беріп атақ-даңқын асқақтатуға тиісті орындар уақыт созбай құлақ асса, бұл еңбек адамына, өткенге  жасалған лайықты құрмет болған болар еді.

Т. Нұржан-Балта   
30 маусым 2022 ж. 491 0