Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арыстағы жарылыс: Комада жатқан баланың әкесі жедел жәрдем қызметкерлерінің қансырап жатқан ұлына көмектеспегенін айтты

Арыстағы жарылыс: Комада жатқан баланың әкесі жедел жәрдем қызметкерлерінің қансырап жатқан ұлына көмектеспегенін айтты

Арыстағы апат кезінде көлік қағып кеткен бала елордадағы балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оның әкесінің сөзінше, қалалық жедел-жәрдем қызметкерлері көлік астында қалып, ауыр жараланған ұлын көре тұрып көмек көрсетпеген.

Тіпті, ешқандай жәрдем көрсететін құралымыз жоқ деп кетіп қалыпты. Ал көлігімен баланы қаққан қала тұрғыны да бостандықта жүрген көрінеді. Құзырлы органдардың бей-жайлығына ызаланған әке шағымын айтқан еді.
Арыстағы жарылыс болған кездегі дүрбелеңде жол апатына ұшырап, ауыр жарақат алған 8 жастағы Аян қазіре елордадағы екінші балалар ауруханасында жатыр. Ол мұнда санавиацияның көмегімен жеткізілген. Оған емханадағы ең мықты мамандар жәрдем көрсетіп жатыр екен. Алайда "ауыр жабық бас ми жарақатын" алған бала үш күннен бері әлі есін жинамаған.  
Аянның әкесі Ербол болған оқиға әлі көз алдымда дейді. Арыстағы аласапыран басталғанда балалары үйде болыпты. Ал өзі Шымкенттен дереу жеткенде ұлдарын эвакуацияға арналған автобустан көреді. Жарылыстан жүрегі ұшқан кенжесі оның ішінен шығып, әкесіне қарай жүгірген екен. Сол кезде қатты жылдамдықпен келген көлік баланы қағып кеткен. Дәл сол уақытта жедел-жәрдем көлігі де келгенмен, ондағылар өлім аузында жатқан жеткіншекті көре тұра кетіп қалыпты. 
"Арыстың жедел жәрдемі кәдімгі адамдарды тастап кетіп қалып жатыр. Қарау жоқ, ана жерде. Ешқандай құралдары да жоқ. Адамды өлді деп менің көзімге тастап кетіп бара жатыр. Бала құсып жатыр, олар көріп тұр, аузынан қан кетіп жатқанын", - деді Аянның әкесі Ербол Шәріпбеков. 
Осыдан кейін Ербол есі кіресілі-шығасылы жатқан ұлын көлікке салып, Арыстан 50 шақырым жердегі Монтайтас ауылына алып барған. Ондағы дәрігерлер баланы Шымкент қаласына шұғыл түрде апару керегін айтқан екен. Ал жедел-жәрдем бір адамға бола Шымкентке бармаймыз деп тағы да отырып алыпты. Сосын ол баласын өз көлігімен қалаға жеткізіп, Аянға операция жасалған.  
"Баланың жағдайы өте ауыр. Тұрақсыз. Жағдайының ауырлығы сол, бас мидың жарақатына, команың үшінші дәрежесіне байланысты", - дейді жансақтау бөлімінің меңгерушісі Ғабит Исмаилов. 
Аянның жағдайы қиындап кеткен соң мамандар елордаға жеткізу керек екенін айтады. Осыдан соң арнайы санавиациямен 8 жастағы Аян Ерболұлы бас қаладағы екінші балалар ауруханасына жеткізілген. Оның әкесін тағы да қынжылтатыны, баласын қаққан адамды өздері тауып, полицияға тапсырған. Алайда оған қатысты ешқандай тергеу жүргізілмеген көрінеді.
"Ол өзі мойындап, мойындатып алдық. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Полицияға бергенбіз. Бірақ маған ешкім хабарласпады. Қазір онда не болып жатқанын да білмеймін. Қазір осында баламның қасында жүрмін", - деді әкесі.
Айта кетерлігі, Аянмен бірге санавиациямен Арыстағы жарылыс кезінде жарақат алған тағы бір 14 жастағы жасөспірім жеткізілген. Ол бүгінде есін жиған. Ал Аян әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның өмірін аман алып қалу үшін бар күш жігерін салып жатыр екен. 
"Бір Аллаға сиынамыз. Дәрігерлерге өте үлкен рахметімді айтамын. Осы халық болып, барлығы осы жанкүйімізді түсініп, балаларды осында алып келіп, жандарын сақтап қалу мақсатында көп жұмыстар жасап жатқанына үлкен алғысымды айтамын", - әпкесі Жібек Маман.
https://stan.kz
02 шілде 2019 ж. 966 0