Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арыстағы жарылыс: Дәрігерлер зардап шеккен балалардың жағдайы туралы айтты

Арыстағы жарылыс: Дәрігерлер зардап шеккен балалардың жағдайы туралы айтты

Шымкенттік дәрігерлер Арыстағы жарылыстардан зардап шеккен балалардың жағдайы туралы айтып берді. Бүгінде ауруханада алты бала жатыр.

Облыстық ауруханаға алғашқы тәуліктің өзінде 20 бала түскен. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, олардың 14-і жіберіліп, алтауы ауруханада қалдырылған. 
«Алты баланың бесеуі бас сүйек-ми жарақатын алған. Үшеуі палатада жатыр. Жағдайлары тұрақты. 1,5 айлық шақалақ жаңа туған нәрестелерге арналған жансақтау бөлімінде жатыр. Оның да жағдайы тұрақты. Тағы бір балаға ота жасалды. Оның сирағы мен көкірек қуысы жарақаттанған.  Дер кезінде диагноз қойылып, ота жасалды. Қансырау, бронхтардың зақымдалуы болды. Оның бәрін емдедік. Қазіргі уақытта бала жансақтау бөлімінде жатыр. Есін біледі, жағдайы тұрақты. Жағдайы жақсарып келеді. Тағы бір 2005 жылғы бала бас сүйек-мидың ауыр жарақатын алған. Сарыағаш аудандық ауруханасына жатқызылған. Артынша санавиация желісі арқылы бізге жеткізілді», - дейді бас дәрігердің хирургия бойынша орынбасары Әбдішүкір Егізбаев.
Сонымен қатар 14 жастағы бала үшін Алматыдан балалар нейрохирургі шақырылыпты. Түнде ол жеткіншекті тексерген. Қазіргі уақытта ем-дом жүргізілуде. 
Еске сала кетсек, 24 маусымда Арыс қаласында жарылыс болғанын хабарлаған едік. Оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірді.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде төтенше жағдай жариялады. Қала тұрғындары толықтай эвакуацияланды. 
Қаладағы жарылыс салдарынан 3 адам көз жұмды.
https://stan.kz
27 маусым 2019 ж. 819 0