Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ойы озық, өресі биік қоғамдық тілшілер

Ойы озық, өресі биік қоғамдық тілшілер

Қай жұмыстың да оңайы жоқ, десек те кейбіреулер «Осы газетке мақала жазып, оны жариялау қиын емес шығар» деп жатады. Алайда олар мұның артында маңдай тер жұмыс, ауыртпашылық, үлкен жауапкершілік жатқанын біле бермейді. Алдымен редакция жұмысына тоқталсам, аптаның алғашқы күнінен бастап редакцияда жұмыс қауырт. Неге десеңіз, жұртшылық аудандық басылымды асыға күтіп отырады. Әр аптаның сейсенбі, сенбі күндері тарайтынын білгенімен, оның бір күн бұрын, яғни дүйсенбі, жұма күндері бет­телетінін біле бермейді. Сондықтан аптаның бірінші күнінен редакция ұжымы газеттің қамына кіріседі. Жалпы, газет бетіне түсетін материалдар да халық көңілінен шығуы тиіс. Сол себепті мұның бәрі алдын ала жоспарланады. Бас редактордан тиісті тапсырмаларын алған тілшілер үздіксіз жоспар бойынша жұмыс жасайды. Ауданның тыныс-тіршілігін қамту үшін журналистер жан-жаққа шығып, жан-жақты зерттеу жүргізіп, толық ақпаратты қамтып, мақала жазады. Газет жұмысы өз-өзіңді жетілдіріп отыруды қажет етеді.
«Үйді бұзу оңай, үй салу қиын, мақаланы оқу оңай, жазу қиын» демекші, мұнда газет бетіне материал дайындауда көптеген қиын­шылықтар бар. Кей жағдайда табанас­ты мақала жа­зу керек болып қалады. Міне, осындайда журналистің жүйріктігі, оның білімділігі, тапқырлығы, табандылығы үлкен рөл атқарады. “Газет шығару оңай емес” деп, Алаш қайраткері Міржақып Дулатов айтқандай, газет шығарудың өзіне тән қиындықтары бар. Ел ішіндегі елеулі жаңалықтар, оқиғалар журналист назарынан тыс қалмай, қалың оқырманға жедел әрі шынайы хабар жеткізу де жауапкершілікті қажет етеді. Сол себепті газет бетіне ма­қаланы жылдам әрі мазмұнды етіп жазу – әр тілшінің міндеті. Оған оқырман өз бағасын береді.
Бүгінде оқырманнан лайықты бағасын алып жүрген газет тілшілері аптаның жеті күнінде де жаңалық жаршысы болып, халықты қажетті ақпаратпен құлақтандырып жүр. Сонымен бірге бүгінгі күннің толғақты мәселелерімен бөлісіп отыратын қоғамдық тілшілеріміздің жолдап отыратын мақалалары жұртшылықтың көңілінен шығып келеді. Басынан өткен тарихи қызықты жағдаяттарға тоқталып, яғни бүгінгі жаз­ға­ны ертеңгі күні елдің шежіресіне айналатындай ғибратты әңгімелерімен бөлісетін, әлі күнге қолынан қаламы түспеген, ел жанашыры, ардагер журналист Шәкірат Дәрмағамбетовті айтпай кетуге болмайды.
Иә, газетке кез келген жан қалам сілтей бермейтіні рас. Соның ішінде елдің тіршілігімен етене таныс, өмірден көрген-түйгенін қалың оқырманмен бөлісіп отыратын газет жанашырлары, штаттан тыс тілшілер Ә.Әуезов, А.Жолмағамбетов, С.Шалбаев, Ү.Қуатов, Ө.Серәлі, Ж.Төребеков, Е.Абдулла, Ж.Жолдасов, Н.Жүсіпов, Ш.Балманованы мақтан тұтамыз. Себебі аталмыш тілшілердің жазбалары мән-мағынасымен құнды әрі оқырмандарға ой саларлықтай.
Баспаның жұмысына қанық, қаламы қарымды, бүгінгі күннің толғақты мәселелерімен бөлісіп жүрген ардагер журналистер Ж.Жақып, Ж.Кемал, Т.Абылаев, А.Өткелбаев, Қ.Дәуітованың әлі күнге қолынан қаламы түскен емес.
Талабың болғанымен, тақырыбыңды тауып, оны жүйелеп, қағазға өрнектеп түсіру – бұл да бір өзінше өнер. Себебі өзіңнің шынайы ойың халық жүрегінен орын алуы тиіс. Соған сәйкес бүгінгі күні әлеуметтік желілерді қолдану қарқынды дамып тұрған сәтте қоғамдық тілшілердің тәрбиелік мәні зор мақалалары оқырман жүрегінен орын тауып жатқаны бізді қуантады. Сіздерді мерейі биік ұстаз тұтамыз.  Сондықтан мереке қарсаңында сіздерді құттықтап, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып, қаламдарыңыз мұқалмасын дегіміз келеді. 
К. ЗДЕНОВА
28 маусым 2022 ж. 320 0