Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өрісін кеңге жайған абзал ана

Өрісін кеңге жайған абзал ана

Тоқсан жылдан астам тарихы бар аудандық "Толқын" газетінің тыныс-тіршілігі оқырманның көз алдында. Тоқырау заманында да оқырмандарына уақытылы жеткен газеттің жұмысы бір сәтке де тоқтаған емес. Онда қызмет еткен білімді де білікті журналистер мен баспахана қызметкерлері жұмыла жүк көтеріп, қоғамның түйткілді мәселелерін дөп басты. Дәуір айнасына айналған басылымның әр кезеңінде қаламы қарымды, ойы ұшқыр, сөзі өткір тілшілер қалам тербеді. Өмірден өткен журналистер М.Сәрсенов, С.Ермағанбетов, Е.Кенебаев, Ө.Төлепов, Қ.Мұқашев, С.Сейітмағанбетов, Ж.Есенжоловтың бұл басылым үшін сіңірген еңбектері зор. Олардың ізін одан әрі жалғаған Ж.Жақып, Ш.Жылмағанбетов, Ж.Кемал, Т.Абылаев, Қ.Дәуітова мен А.Елешовтің де аудандық басылым тарихында қолтаңбасы айрықша.
Сонымен қатар аптаның бес күнінде қайнаған қазанның ыстық-суығына бірдей төзген баспахана қызметкерлерінің сол жылдардағы ерен еңбегін былайғы жұрт біле бермейді. Сондықтан бүгінгі әңгіме өзінің еңбек жолын баспаханада бастап, бейнетінің зейнетіне бір мекемеден жеткен ардагер Жанар Барбосынова туралы болмақ.
1966 жылы Т.Г.Шевченко атындағы орта мектепті бітірген соң, сол жылдың шілде айында аудандық баспаханаға әріп теруші болып жұмысқа орналасқан Жанар апаның өмір жолы баспасөз саласымен біте қайнасты. Ол сол уақыттағы жұмыстың қиыншылығы мен қызығын қатар көрген кезін былайша еске алады:
         – Баспахана жертөле типіндегі үйге орналасқан еді. Директоры Еңсеп Ізбасханов болатын. Менің ұстазым Дәуіт Қалқаев болды. Үш ай мерзімде сынақтан өттім. Ерлі-зайыпты Дәуіт, Күлпаш Қалқаевтар және шебер Әнәпия Ізбасханов еді. Збайда, Жамал, ерлі-зайыпты Бақытжан, Жаңыл Жолдасбаевтармен бірге үш жыл баспаханада еңбек еттім. 3-ші разрядты әріптеруші атандым.1969 жылы «Толқында» корректор болып жұмыс істейтін Киікбай деген жігіт жоғары партия мектебіне оқуға кетіп, соның орнына корректор болып редакцияға жұмысқа ауыстым. Міне, сол корректорлық жұмыста 40 жыл бойы тынымсыз еңбек етіппін.
         Өзінің жұмысына деген қызығушылығы, сүйіспеншілігі, жауапкершілігі биік белестерді бағындыруға машықтандырды. Жанар апа баспаханада жүріп партия қатарына қабылданады. Сөйтіп, 10 жыл қатарынан редакцияда партия ұйымының хатшысы болады. Редакторлар М.Сәрсенов, С.Ермағанбетов, Е.Әбілов, Ж.Әбдіраман, Ж.Жақыппен қатар еңбек етеді.
         – Ол кезде газет аптасына 3 рет шығатын. Газет мақалалары линотип машинасында теріліп, қолмен әріп теріп, бет жасалатын. Технологияның мүмкіндігі аз болғандықтан, көбінесе уақытылы шықпайтын. Кейде дайындалған бетті бет басушылар кілттемей, бұрандарын бұрамай ұмытып бет басатын машинаға салып жібергенде, бет шашылып қалатын жағдайлар да болды. Жылағандай болып бетті қайтадан құрастырушы едік. Себебі таңға дейін газеттің жаңа саны басылып, таратуға дайын болу керек. Сондықтан қайткен күнде де жұмысты аяғына дейін уақытылы жеткізу – баспахананың жауапкершілігінде болған. Кейде газеттің таңға дейін басылатын кездері болатын.
         Бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған жайым бар. Сонау бір кездергі арманым орындалып, бүгінде Сарышығанақта мал бағып, еңбек етіп отырмын. Еңбек етсең, денсаулығың да жақсы болады екен. Қазір 73 жасқа келсем де, үйде бос отырған жоқпын. Сондай-ақ газет шығарғанымыздың арқасы шығар, ауданның жаңалықтарынан алғашқы болып хабардар болуды қалайтыным. Газет қашанда халықтың үні екеніне көзіміз жетті. Поштаны асыға күтіп, газет бетіндегі әрбір мақаланы оқып, жастардың аяқ алысына риза боламын. Кәсіби мереке тұсында аға буынның өнегелі ісін, шығармашылық жолын жалғастырып келе жатқан әріптестеріме дендеріне саулық, отбастарына амандық тілеймін,   – деп ағынан жарылды Жанар апа.        
         Бүгінде қарапайым еңбек адамы, бейнетінің зейнетіне адал еңбегімен жеткен Жанар апа жолдасы Әзілхан ағамен ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, келін түсіріп, немерелер сүйіп, ата-аналық бақытқа бөленіп  отырған абзал жандар. Өрісін кеңге жайып, балаларының тілеуін тілеп отырған Жанар апаның көңілі сергек. Себебі ана үшін бала бақыты бәрінен да артық.
К. МАХСҰТ 
28 маусым 2022 ж. 1 254 0