Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Толқын» – тоқсанның төрінде

«Толқын» – тоқсанның төрінде

...«Екпінді балықшы». Бұл барша аралдықтардың – сүйікті газетіне айналған «Толқынның» алғашқы атауы-тұғын. Міне, сонан бері де қанша өзен суы ағып өтті. Қанша заман-дәуір өтті. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген сөзді дәлелдегендей, негізгі бағытынан айнымаған, талай қаламгерлердің қолтаңбасы қалған ақпарат құралының «статусы» аудандық болғанымен, үні республикаға жетті. Мұны ел көрді, жұрт білді...        
Хош. ...Жыл басында «Толқын» – 90 деп газет тақырыбының тұсына арнайы эмблема орнатқанымызды аудан тұрғындары жақсы біледі. Көп нәрсе ойда бар еді. Алайда, әлемді әбігерге салған індет қаншама жобалардың жүзеге асуына қол байлау болды. Төтенше жағдай, карантиндік кезең көздеген бастамалардың жүзеге асуына айтарлықтай кедергі келтірді. Дегенмен, «толқыннан толқын туады» демекші редакция қосынындағы аға буынның аманатын арқалап, болашағын баспасөз саласымен байланыстырамын деген ұл-қыздар, қоғамдық авторлар жыл аясында тарихпен тілдескен, уақытпен үндескен басылым жайындағы тұщымды мақалаларын үзбей жариялап тұрды. Қолдан келгенше кешегі мен бүгіннен сыр суыртпақтап, оның бәрін патша көңілді оқырманның назарына ұсынып отырды.
Иә, несін жасырамыз. Көптің көкейінде 2020 жыл шымылдық түргеннен-ақ бір сауал жүрді. Ол – «Толқын» газетінің  мерейтойы қашан, қандай деңгейде атап өтіледі деген сұрақ еді. Өз кезегінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев редакция ұжымымен кездесіп, осы мәселе төңірегінде  ойымен бөліскенін, осы жыл шеңберінде басылымның 90 жылдық белесін атап өту жайын тілге тиек етіп, көңілімізді бір марқайтты. Түсінеміз. Басылымның беделін, қоғамдағы орнын ұдайы жадынан шығармаған атқарушы биліктің ел басына түскен пандемия кесірінен қазіргі таңға дейін еш шарасыз қалып отырғанын ұғынамыз. Ала жаздай адамнан адамға жұққан, талай нарқасқа тұлғаларды жұтқан індет әлі де айылын тартпай тұрғанын білеміз.
Оны неге айттым. Әлемді шарпыған індеттің кезінде жұртшылықтың басы-қасында «Толқынның» шығармашылық құрамы да жүрді. Медицина қызметкерлерінің науқаспен арпалысқан сәтін, тәртіп сақшыларының төтенше жағдай уақытындағы тынымсыз әрекетін, қайыр қомы мол азаматтардың елге деген жанашырлығын жазды. Бірін айтып, біріне кетті демеңіз. «Толқынның» жүріп өткен жолы бейнелеп айтқанда өткенге сабақ, бүгінге өнеге. Теңіз жағалауындағы жұртшылықтың шежіресіне айналған газет қаншама таланттардың қанатын қатайтты. Еңбек озаттарының көңілін марқайтты. Аймағымыздың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты, тіршілік толқынындағы түйткілдерге кеуде тосты. Жемісті жылдарымен кеуделерге рухани нұр құйды.
Заман өзгерді, буын алмасты. Ә.Қоңыратбаев, Т.Елемесов, Қ.Сәрсенов. Қ.Қарабалин, Т.Нұржанов, Ж.Жаукебаев, Ә.Жанұзақов, Т.Тәжіков, Н.Сәрсенов, С.Ермағанбетов. Е.Әбілов, Ж.Әбдіраман, Ж.Жақып, Ш.Жылмағанбетов сынды көрнекті қаламгерлердің ізін жалғау бақыты бұйырғанына, газеттің 90 жылдық санына қол қоятыныма іштей шаттанамын, және  де жауапкершілік салмағын сезінемін.
Шүкір, бағыты айқын басылымның бейнесіне ел куә. Белестерінен де, асқан асуларынан да халық құлағдар. Себебі, қазіргі таңда жергілікті тұрғындардың басым бөлігі төл газетті сенімді серігіне, айнымас сырласына балайды. Көп созбалап, жетістіктерімізді тізбелейтін кез емес. Редакцияны екінші үйі санайтын ардагерлеріміз – Ш.Дәрмағамбетов, Ж.Жақып, Ж.Кемал, Т. Абылаев, А.Өткелбаев, Қ.Дәуітова, Ж.Барбосынова, А.Жолдасова, Ш.Бекжанов, З.Рашева, Ж.Дүйсенбаева, К.Қалқаева, М.Нағашыбаев, К.Шиманова, М.Құрмановадай аға-апаларымыз құтты орынға бас сұғып тұратынын атап өтпесе болмас. Бұл да бір аға буын мен жас буынның арасындағы алтын көпір екенін есіме алсам, кеудені қуаныш кернейді.
Бір уақыттарда сол кездегі аудан әкімі Н.Мұсабаевтың қолдауымен алынып берілген баспа машинасы қазіргі күнде заманауи технологияның жетілуіне байланысты облысқа ауысты. Яғни, «Толқын» сол жақтан басылып, аптасына екі мәрте редакцияға жеткізіледі. Одан әрі редакцияда жұмыс жасайтын газет тасымалдаушылар қолымен үй-үйге табыс етіледі. Нақтысы, аз жылдар ішінде үлкен холдингке айналған құрылым басшысы «Сыр медиа» серіктестігінің Бас директоры А.Оңғарбаевтың іскерлік қабілетімен осындай оңтайлы қадам жасалып, бұл қысқа мерзімде өз тиімділігін аңғартты. Айта кету керек, редакция бас директордың қолдауымен жаңаша кейіпке енді. Мекеме газға қосылып, жылу маусымы кезіндегі қиындықтардан арылды. Сондай-ақ, ғимарат сырты жаңаша кейіпке еніп, іші де кісі қызығарлаықтай өзгерді.
Жалпы, ХХІ ғасыр –  ақпарат заманы. Бұл жолда да толымды тірліктер атқарылып, «Толқын» әлеуметтік желіде өз оқырмандарын қалыптастырды. Интернет дәуірінде алға озуды мақсат тұтқан біздер, газеттің алдыңғы бас редакторы Шымкентбай ағамыздың сөзімен айтсақ «Толқынды» әлем оқитын дәрежеге жеттік.
Газет – ел тарихы. Сондықтан аймақ шежіресі деп танылған басылым тілеулестерін, ұжым қызметкерлерін, еңбек адамдарын сүйікті газеттеріңіздің ақпарат айдынына желкен керген мерейлі күнімен құттықтаймын! Біз біргеміз.
Абай Елешов.   
   
          





30 қазан 2020 ж. 695 0