Тілектестік "Сыр Медиа"ЖШС Бас директоры А.Оңғарбаевтың құттықтауы

Қай кезде де газетке баға беретін халық. Заман ағымына бейімделген журналистика саласында бүгінгі күні тың серпін бар. Атап айтсақ, облыс әкімдігінің қолдауымен осыдан 10 жыл бұрын «Сыр медиа» құрылымы құрылды. Бұл – баспасөз саласының көкжиегін кеңейтіп, екінші тынысын ашудың алғы шарты еді. Міне, аралдықтардың сенімді серігіне, ақылшы, сырласына айналған «Толқын» газеті де осы серіктестіктегі шоқтығы биік басылымдардың бірі де, бірегейі. Редакция журналистерінің ой-танымын арттыру жолында да толымды істер атқарылып, тәжірибе алмасу мақсатында Нұр-Сұлтан, Мәскеу, Алматы қалаларына іссапарға жіберіп, оқу-сенинарларға қатысуға жан-жақты мүмкіндіктер жасалды. Бүгінде жаһандану дәуірінің талабына сәйкес жаңа медиаға бейімделу, яғни, сайт жұмысын жетілдіре түсуге басты басымдық берілді. Сол жұмыстарды жандандырып, әлеуметтік желіде өз оқырмандарын тапқан редакциялар арасында Арал ауданы халқының айнасына баланған «Толқын» да бар. Бүгінде «Сыр медиа» ЖШС-не қосылғаннан бергі уақытта редакция үшін көптеген жұмыстар қолға алынып, мекеменің материалдық базасы жақсара түсті. Атап айтсақ, «Толқын» газеті редакциясының ғимаратына жөндеу жүргізіліп, жылу жүйесі газға қосылды. Мұндай игі істер жергілікті тілшілердің жұмысқа деген құлшынысын арттырып, шығармашылық ізденістерін молайта түсті.
Толқынға қай уақытта да елдің ықыласы ерекше. «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қосылғалы газет көлемі үлкейді, мазмұны мен көркемдік сапасы да жақсара түсті. Таралымы 6500 данаға жуықтағанының өзі патша көңілді оқырмандардың көңілінен шыққанын аңғартса керек. Айдынды Аралдағы жаңалық жаршысы бола білген баспасөз құралының өміршең сөзі ғасырмен үндессін. Осы уақыттар ішінде талай толқынды тәрбиелеген «Толқынның» құны халық барда ешқашан түспейтініне сенім мол. Аймақ пен ауданның оң имиджін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұжымға шығармашылық шабыт, жақсы жетістіктер тілеймін. Айтулы шығарылым құтты болсын, «толқындықтар»!
Аманжол Оңғарбев,
«Сыр медиа» ЖШС Бас директоры