Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан айнасы тоқсанның төрінде

Аудан айнасы тоқсанның төрінде

...Тағы бір жыл артта қалды. Ғасырдың жиырмасыншы жылына да жеттік. Сынаптай сырғыған уақыт-ай десеңші. Қайталанбас дөңгеленген сан күнтізбеден ойып тұрып орын тепті...
Абай Елеш
Әр жылдың өз өрнегі бар. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп деп жыл жігінде ақжарма тілектердің тиегін ағытқан қазақстандықтармен бірге Аралдағы бұқара да келер күнге зор сеніммен көз тікті. Аудан басшысының «Жемісті жыл тағы да жалғасады» деген 2019 жылдың қорытындысына кеңінен тоқталған есепті баяндамасымен танысты. Дастарқан басында рухани серігіне баланған «Толқынды» қарады.
Ә дегеннен «Толқынды» неге тиек еттік. Бас тақырыптың өзі айтып тұрғандай аудан айнасына биыл 90 жыл толып отыр. Қос заманмен үндескен басылымды адам өмірімен өлшесек, қазыналы қарттың жасына келді. Сонау 1930 жылдың 1 қарашасында «Екпінді балықшы» деген атпен ақпарат айдынына жол тартқан газет бертін келе «Социалистік Арал» атанды. Ол кезеңдерде тамаша сөз зергері Әуелбек Қоңыратбаев басылым тізгінін қолға алды.   Артынша редактор Тойбазар Елемесов сынды білікті басшы, қарымды қаламгер газеттің өміршең бейнесін қалыптастыра білді. Міне, содан бері де қаншама жылдар алға жылжыды. Сарғыш тартқан тігінділерді ақтарған сайын, аға буынның өшпес қолтаңбаларына қаныға түсеміз. Жазу ерекшеліктеріне сүйсінеміз. Тілшілер қауымын нысанаға алып, сын садағын кезеген мақалаларына тәнті боламыз. Басылым қаншама дөкейдің мәселесін май шаммен қарағанын айқын көреміз. Бұл баспасөздің қоғамнан алар орны айрықша екенін білдірсе керек.
Журналист – мылтықсыз майдандағы жауынгер. Оғаш көріністі айтады, жөнсізді жазады. Күнгей мен көленкенің ара-жігін ажыратады. Әділдікті жақтайды. Содан да шығар, жалпы жұрт осы мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүргендерді төртінші биліктің өкілі деп таниды. Жыл алмасар шақта абыз ақсақал, «Толқын» газеті редакторының бір уақыттағы орынбасары, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шәкірат Дәрмағамбетовтің шаңырағына бардым. Мақсатым – табалдырықтан аттаған 2020 жаңа жылымен құттықтап, өзі еңбек еткен «Толқынның» тоқсан жылдығына әзірлікті бастау үшін ақ батасын алу еді.
Қария қуанды. Шара ауқымы республика көлемінде өтуі қажеттігіне тоқталды. «Айту керек болса айтамын, бару керек болса барамын» деді. Фельетонның майталманы, сала саңлағы атанған ғибратты ғұмыр иесі осылайша көңілімді марқайтты.
Облыс пен аудандардағы редакциялардың басын бір шаңырақта тоғыстырған «Сыр медиа» құрамына  кіргелі «Толқынның» екінші тынысы ашылып, өзгеше сипатқа енді. Техникалық базасы нығайып, тілшілер қосынына айналған ғимараттың іші-сырты қайта жөнделді. Қызметкерлерге жан-жақты қолайлы жағдайлар жасалып, ынталандырып отыру да ұмыт қалмады.
Мемлекет саясатын ақпараттандыратын аудандағы басты басылым журналистері бүгінде жас буынмен алмасқан. Үнемі ел арасында жүреді. Ауыл шаруашылығы саласындағы тың бастамаларды, балық өсірудегі игі істерді насихаттап, кәсіпкерліктің өркен жайғанын, аудан экономикасының алға басқанын көкірегі ояу, көзі ашық патша көңілді оқырмандарға жеткізуді өздеріне мұрат тұтады. Ауыл өмірі мен жастар саясатын да ұдайы назарда ұстайды.
Газет – ел тарихы. «Толқынның» тойы – халықтың тойы. Сан мыңдаған жан іздеп жүріп оқитын төл басылымның 90 жылдығымен аудан тұрғындарын құттықтай отырып, баршаға бақытты ғұмыр, жемісті еңбек тілеймін.
06 қаңтар 2020 ж. 827 0