Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "ТОЛҚЫН" ГАЗЕТІНЕ - 88 ЖЫЛ

"ТОЛҚЫН" ГАЗЕТІНЕ - 88 ЖЫЛ

Бүгін, 1 қараша аудандық "Толқын" газетінің ақпарат айдынына  жол тартқанына 88 жыл толып отыр. 
Аралдың сырлы шежіресі "Толқын" әу баста "Екпінді балықшы" атауымен өмірге келген еді. Бір кездері "Социалистік Арал" деп те аталды. 88 жылдық тарихы бар бұл ежелгі басылымның тұңғыш редакторы тамаша сөз зергері Әуелбек Қоңыратбаев болды. Ол "Екпінді балықшының" тәй қадамы жайында "Толқынның" 40 жылдық мерейтойында ағынан жарыла сыр ақтарған еді:
–Ол күн әлі күнге дейін дәл есімде, ұмытпаймын. 1930 жылдың октябрь айы болатын. Ол кезде Қызылордадан шығатын округтық "Сыр бойы" газетінде істейтінмін. Окружкомның бірінші секретары Оразбақиев "шақырып жатыр" деген соң бардым. Бірден Оразбақиев жолдас шақыру себебін айтты. – Аралдан аудандық газет ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, соған сізді редактор етіп жіберуді мақұлдадық. Бұған қалай қарайсың дегендей маған ойлы көзін тоқтатты. Мен келістім. Осылайша, Аралға келдім. Балық тресінің қазіргі оқу комбинаты жанынан бір үй босаттырып, баспахананы орналастырдық. Бір бөлмесіне газет қызметкерлері отырды, - деп газеттің бастапқы құрылу тарихынан сыр шертті. 

88 жылда аудан айнасына айналған басылымға әр жылдарда Ә.Қоңыратбаев, Т. Елемесов, Ә. Байтақанов, Қ. Сәрсенбаев, Қ. Қарабалин, Т. Нұржанов, Ж. Шәукебаев, Ә. Жанзақов, Е. Абилов, Т. Тәжіков, М. Сәрсенов, С. Ермағанбетов, Ж. Әбдіраман, Ж. Жақып, Ш. Жылмағанбетов басшылық жасады. Қазіргі таңда іргелі ұжымды А. Елеш басқаруда. Бұдан бөлек, әдеибеттен ойып орын алған Аралдан шыққан ақын жазушылардың (Ш. Сариев, Ж. Әдірашев, Ә. Нүрпейісов, С. Жұбатырұлы т.б) бәрінің дерлік тырнақ алды туындылары «Толқын» газетінде жарық көріп, шығармашылық қадамы басталған болатын.


Бүгінде аралдықтарға 6 мыңға жуық таралыммен ақпарат таратып отырған басылымда қоғамдағы өзекті мәселелер, саяси жаңалықтар, аудан тынысы, таным мен тәрбие жөніндегі жаңалықтар жарияланып, оқырманмен жақсы байланыс орнаған.
01 қараша 2018 ж. 1 865 0