Ойы озық, өресі биік қоғамдық тілшілер

«Үйді бұзу оңай, үй салу қиын, мақаланы оқу оңай, жазу қиын» демекші, мұнда газет бетіне материал дайындауда көптеген қиыншылықтар бар. Кей жағдайда табанасты мақала жазу керек болып қалады. Міне, осындайда журналистің жүйріктігі, оның білімділігі, тапқырлығы, табандылығы үлкен рөл атқарады. “Газет шығару оңай емес” деп, Алаш қайраткері Міржақып Дулатов айтқандай, газет шығарудың өзіне тән қиындықтары бар. Ел ішіндегі елеулі жаңалықтар, оқиғалар журналист назарынан тыс қалмай, қалың оқырманға жедел әрі шынайы хабар жеткізу де жауапкершілікті қажет етеді. Сол себепті газет бетіне мақаланы жылдам әрі мазмұнды етіп жазу – әр тілшінің міндеті. Оған оқырман өз бағасын береді.
Бүгінде оқырманнан лайықты бағасын алып жүрген газет тілшілері аптаның жеті күнінде де жаңалық жаршысы болып, халықты қажетті ақпаратпен құлақтандырып жүр. Сонымен бірге бүгінгі күннің толғақты мәселелерімен бөлісіп отыратын қоғамдық тілшілеріміздің жолдап отыратын мақалалары жұртшылықтың көңілінен шығып келеді. Басынан өткен тарихи қызықты жағдаяттарға тоқталып, яғни бүгінгі жазғаны ертеңгі күні елдің шежіресіне айналатындай етіп жазған ғибратты әңгімелерімен бөлісетін, әлі күнге қолынан қаламы түспеген, ел жанашыры, ардагер журналист Шәкірат Дәрмағамбетовті айтпай кетуге болмайды.
Иә, газетке кез келген жан қалам сілтей бермейтіні рас. Соның ішінде елдің тіршілігімен етене таныс, өмірден көрген-түйгенін қалың оқырманмен бөлісіп отыратын газет жанашырлары, штаттан тыс тілшілер Ә.Әуезов, А.Жолмағамбетов, С.Шалбаев, Ү.Қуатов, Ө.Серәлі, Ж.Төребеков, Ж.Жолдасов, Н.Жүсіпов, Ш.Балманованы мақтан тұтамыз. Себебі аталмыш тілшілердің жазбалары мән-мағынасымен құнды әрі оқырмандарға ой саларлықтай.
Баспаның жұмысына қанық, қаламы қарымды, бүгінгі күннің толғақты мәселелерімен бөлісіп, әлі күнге қаламы қолынан түспей жүрген ардагер журналистер Ж.Жақып, Ж.Кемал, Т.Абылаев, А.Өткелбаев, Қ.Дәуітованың әлі күнге қолынан қаламы түскен емес.
Талабың болғанымен, тақырыбыңды тауып, оны жүйелеп, қағазға өрнектеп түсіру – бұл да бір өзінше өнер. Себебі өзіңнің шынайы ойың халық жүрегінен орын алуы тиіс. Соған сәйкес бүгінгі күні әлеуметтік желілерді қолдану қарқынды дамып тұрған сәтте қоғамдық тілшілердің тәрбиелік мәні зор мақалалары оқырман жүрегінен орын тауып жатқаны бізді қуантады. Сіздерді мерейі биік ұстаз тұтамыз. Сондықтан мереке қарсаңында сіздерді құттықтап, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып, қаламдарыңыз мұқалмасын дегіміз келеді.
К. ЗДЕНОВА