Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Толқын» – Аралдың көзі, құлағы һәм тілі

«Толқын» – Аралдың көзі, құлағы һәм тілі

Ақпарат құралдарының өкілдеріне деген бұқара халықтың сенімі жылдан-жылға арта түспесе, кеми қойған жоқ. Халық қоғамдағы күрмеуі қиын мәселенің түйінін тарқату үшін көбіне БАҚ-тың көмегіне жүгінгенді жөн көріп жатады. Бұл баспасөздің төртінші билік тұғырынан түспегендігінің дәлелі болса керек. Газет өзінің жаратылысынан шындықтың айнасы, адамгершілік пен ізгіліктің үлгісі болып табылады. Оның айқын дәлелі – «Толқын» газеті. Қызылорда облысы Арал аудандық «Толқын» газеті Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып, аудан тарихымен бірге жасасып, халықтың мұң-мүддесін шешуге, тәрбиелі мәнімен, шығармашылық бағытымен үлес қосып келеді. Ең алғашқы саны 1930 жылы 1 қарашада жарық көрген «Толқын» қоғамдық-саяси газетіне биыл 91 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында Арал ауданының тыныс тіршілігі баяндалған «Толқында» киелі Арал өңіріндегі жетістіктер мен тарихи сәттер, кемшін тұстары мен келешегі жайында сан түрлі мақалалар жарық көрді. Дәуір айнасына айналған басылымның әр кезеңінде қаламы қарымды, ойы ұшқыр, сөзі өткір тілшілер қалам тартты. Бұл басылым аудандық, ауылдық кеңестердің рөлін көтерумен бірге бір шоғыр болашақ ақын-жазушыларды бесігінде тербетті.
Бүгінгі таңда «Толқын» газеті арқылы адам күн сайын өзін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап алады. Көп нәрседен хабардар болып, өзіне бағалы деген дүниені тауып, қорытынды жасайды. Ал өскелең ұрпақ жазылған мақалаларды ой елегінен өткізіп, жақсы адамның ісін өнеге тұтады. Демек «Толқын» адамды рухани байытып қана қоймай, өсуге, өнегелі болуға ұмтылдырады, биіктерге жетелейді деген сөз. Өзінің 91 жылында «Толқын» газеті айдын шалқар Арал өңірінің жылнамасын жасап, өзіндік бағыт-бағдары, бет-бейнесі бар басылым ретінде елге танылды. Өзге де басылымдар сияқты талай кезеңді бастан өткерді. Қай қоғамда болса да ол өз оқырмандарына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Ғасырға жуық уақыт ішінде халық пен биліктің арасына алтын көпір бола білген аудандық «Толқын» газеті тарихтан ойып тұрып орын алды десем артық айтқаным емес. Қоғамдағы маңызды мәселелерді қарапайым халық санасына көркем сөз, парасатты пайымымен жеткізе білген «Толқын» газеті ұжымының еңбектері өлшеусіз. Осы ретте, «Толқын» газетінің редакторын, журналистері мен ардагер тілшілерін 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесімен құттықтағым келеді. Шерхан Мұртаза атамыз айтқандай, «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» руханият пен қоғам тынысы бола білген сіздерге деген құрметіміз шексіз.«Толқын» газетінде жарық көрген мақалалардың сапасы және мазмұны өте жоғары деңгейде болған, бола береді. Алғашқы санынан-ақ бұрмаланбайтын, шұбарланбайтын, таза әдеби тілмен жазылды.  Бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге дейін өзіндік құндылығын жоймаған бұл басылым  келешек  ұрпаққа азық болады деп сенемін. Газет  халықшыл. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды. Сол үшін де «Толқын» көпшіліктің көзайымына айналды. Газеттің көрнекті көсемсөзшілері, талдамалық дүниелер жазудың хас шеберлері, бүгінде газет тізгінін ұстап отырған баспасөз ісінің шебер ұйымдастырушылары оқырмандар тарапынан лайықты бағасын ала білді. Бұл мен ашып отырған жаңалық емес, бұған жинақталған газет тігінділері куә. Сол тігінділердің бума-бумасы қазақ баспасөзінің қатпарлы тарихына айналған. Сол тігінділерді парақтап отыр­саңыз, газеттің мемлекеттік маңызы бар шаруаларға араласпай қалған кезі болмапты. Әсіресе Арал қаласының имиджін көтеру мақсатында жасалған еңбектер ескерусіз қалмауы керек.
Үлкен журналистикаға қадам ­баспай тұрып мектеп жасынан аудандық газет ісіне аралас­қандықтан болар, мен баспа­сөз­дің, газеттің оқырмандар арасын­дағы тар­тым­дылығын арттыру үшін бас редак­тор­дың ықпалы, ұйымдас­ты­рушылығы жоғары болуы керек екендігін сезіндім, түсіндім. Мектептен басталған «журналистикаға» деген құштарым менің әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсуіме себепші болды. Жыл сайынғы тәжірибе уақытында өзіміздің «Толқын» газетінде тәжірибе жинақтауға тырысатынмын. Биыл да сол үрдісті жалғастырып «Толқынға» келдім. Тәжірибе барысында жазу стилистикасына ерекше мән беру керектігін ұқтым. Осы ретте, алыстан орағытып, көп сөздікке салынып, құрмалас сөйлемі сүйретілген дүниелерден аулақ болуға жол нұсқаған "Толқын" қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Абай Елешов ағайға алғысым мол. Тәжірибе мерзімім басталған күннен бастап, техникалық-ақпараттық қолдау көрсетіп, материал дайындауда  бар білгенімен бөлісті. Шығармашылық тұрғыда шыңдалуыма септігін тигізді.
Бүгінгі таңда жан-жақтан ағылып жатқан ақпарат көп, оған қоса ғаламтор бар. Технологияның дамыған заманында адамдардың бір жапырақ қағаз болса да руханиятын сақтап қалу үшін газеттің көзіне зәруміз. Ескіліктің желін есіп, қағаздың құнын көрсету арқылы адамдардың робот болып кетуінен сақтайды. Мұхтар Шаханов атамыз сипаттағандай «Компьютербасты жарты адамдар» болудан арыламыз. Газет – сауаттылық пен эстетиканың жаршысы. Кез келген журналистің бірінші біліктілігін арттыруы газеттен, журналдан бастау алу керек. Мемлекет құраушы ұлттың тілі – мемлекеттің болашағы болғандықтан оның үні «Толқынмен» үндес болуы тиіс! Сөз соңында «Толқын» газетінің журналистеріне жазар көбейсін дегім келеді.
Ақтолқын Назарбайқызы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті
26 маусым 2021 ж. 627 0