Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурызбай Байқадамов: Өмірге бейімделмегеннің ісі өнбейді

Наурызбай Байқадамов: Өмірге бейімделмегеннің ісі өнбейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевт Үкіметтің кеңейтілген отырысында азаматтардың табысын арттыру мен адами капиталды дамыту жайлы маңызды тапсырмалар берді.
Бүгінгі заманның ерекшелігі, жаһандық және жергілікті, жеке проблемалар өзара тоғыса түсуде. Осындай жағдайда, еліміздің табысқа жетуінің кепілі, Отанымыздың негізгі байлығы – адам капиталының даму мәселесі болып отыр.
Әрқайсымыздың әл-ауқатымыздың сапасы табысымыздың өсуімен тығыз байланысты. Тарылмай, тарықпай өмір кешудің бір ғана жолы – еңбек ету, кәсібіңді иелену. Жаңа жұмыс орындары жобаларының да іске асуында сұрақтар жиі туындайды. Өйткені кейбір жобаларды іске асыру барысында оның жан-жақты терең зерделенбейтінін, дайындалмайтынын байқаймыз. Ал жеке кәсіп арқылы жұмыс орындарын ашудың құқықтық-нормативтік негіздері түсініксіз, адамдарды шатастырады, содан көбі кәсібін бастамай жатып тастап кетеді.
Президент қазіргі замандағы жұмысшы күшінің көші-қоны жүріп жатқанын орынды көтеріп отыр. Бізде осы үрдіске бейімделе алуымыз қажет. Бір үйде бірнеше адам жұмыссыз отырса да басқа жаққа барып тіршілік жасауға ынталы емес. Неде болса үйден кіріп-шыққанымыз дұрыс деп түсінеді. Әрбір адамның басты арманының бірі – еркіндікте болуы. Ал, еркіндік дегеніміз – өзгеруге еш кедергінің болмауы. Бізде бұл бағытта мемлекеттік қолдау бар. Адамдардың көпшілігі өмірінің толыққанды проблемасыз болғанын қалайды. Бірақ проблемалар өмірдің маңызды және мағыналы бір бөлшегі екенін мойындауымыз қажет. Өзгеруге ынталы, өмірге сенімді, бойында рухы мықтылар үшін ғана проблема қасірет емес, қайта жетістікке жетелейтін құбылыс болып саналады. Өмірге бейімделмегеннің ісі өнбейді.
Балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау, құқықтарын қамтамасыз ету, қосымша білім беру сапасы, балабақша ұйымдарының қызметін лицензиялау тәртібін енгізу, жастарды жұмыспен қамту күн тәртібінен түспей келе жатырған мәселелер. Мемлекет басшысының осы мәселелерге өзі араласып, нақты пәрмен беруі дұрыс болды. Президент өз сөзінде «Адам капиталын дамыту ісінде білім саласы негізгі рөл атқарады» деп атап өтті. Біз білім беру деген сөзді, білім алу деген сөзбен өзектендіруіміз керек. Білімге алдымен білім алушы құштар болғаны керек. ХХІ ғасырда оқи, жаза алмайтындар сауатсыз болып саналмайды, өзіне керекті білім алу мүмкіндігін тиімді пайдалана алмағандар сауатсыз болып табылады. Әрбір мұғалім, маған ата-аналар ең қымбат дүниесі – ұрпағын аманат қылып отыр деп намысқа тырысқаны абзал. Ал ата-аналар да тәрбиенің бастауы да негізі де отбасы екенін басты назарда ұстамаса болмайды. Тәрбиелі бала бағымыз болса, тәрбиесіз бала сорымызға айналуы ықтимал. Мемлекет тапсырысы бойынша жұмыс жасайтын бала бақша, спорттық және шығармашылық білім беру ұжымдарының жауапкершілігіне қатаң қарауымыз керек. Адам тәрбиесіне бөлінген қаржыны пайданың көзі деп қарау өзімізді өкіндірмесін. Ол құрылыс емес бұзып қайта салатын. Кәсіби мамандар таңдалуы тиіс. Қазір адамзат көп білімнен пайдалы білімге ұмтылуда. Яғни, мемлекет өз тарапынан сапалы білім мен тәрбие алуға тең қолжетімділік жасауға ұмтылуда. Осы бағытта президент тапсырмасын бірлесе тиімді үйлестіре алсақ, біздің биылғы балалар жылындағы қоғамға қосқан үлесіміз зор болар еді.
Мемлекет өз азаматтарының бойынан өзіне бәсекелесті және тек жатып ішер мешкейді көрмеуі тиіс. Мемлекет пен азаматтар өзара тең әріптес және экономикалық-әлеуметтік дамудың қозғаушы күші екенін көруі керек. Ал өз кезегінде біз тұрғындарда билікке міндетсіне бермей, үкіметке қоғамдық мүддені нығайту тетігі ретінде қарағанымыз жөн. Мемлекеттен шектен тыс әлеуметтік қамтамасыз етуді талап ету, адамдардың бойында енжарлық туғызады, әрекетсіздікке итермелейді. Оның аяғы мемлекеттің де өркендеуіне кері әсер етеді. Технология қанша дамығанымен табиғи, адами қатынасты ауыстыра алмайды. Біз бүкіл ақыл-ойымызбен, жүрегімізбен, рухымызбен, физикалық күшімізбен саналы, еркін түрде ұжымдаса жұмыс жасаған жағдайда дамимыз, жетіле түсеміз, табысымыз, әл-ауқатымыз арта түседі.
Наурызбай Байқадамов,
Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы

kyzylorda-news.kz
15 шілде 2022 ж. 437 0