Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Күміс жас" жобасы кімдерге арналған?

"Күміс жас" жобасы кімдерге арналған?

Елімізде 2021 жылдың қорытындысы бойынша 450 407 жұмыссыз азамат  бар. Оның 83 мыңға жуығы 45-54 жас аралығындағы азаматтар. Ал жасы 55-тен асқан 65 мыңнан астам адам жұмыс таба алмай жүр. Бұл –  Ұлттық статистика бюросы агенттігінің мәліметі.  Зейнет жасына жақындаған жандардың басым бөлігі бейресми жұмыс істеуге мәжбүр, өйткені егде жастағыларды көбі жұмысқа алғысы келмейтіні белгілі. Жыл басында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасы зейнеткерлікке таяу, уақытша жұмыссыз жүрген адамдарды жұмыспен қамту, қолғабыс ету мақсатында «Күміс жас» жобасын іске асыруды жоспарлап отырғанын мәлім еткен болатын.
         Қандай да бір себептермен жұмысынан айырылған аға буын өкілдеріне еңбекке қайта орналасу өте қиын. Жаңа жоба осындай жұмыссыздарға зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнын табуға көмектесуге арналған. Бүгінде алпыс­ты алқымдап қалған адам қауқары жететін жұмыс таба алмайды. Адам күш-қуаты барында жанын салып жұмыс істейді. Үлкейген шағында денсаулығы да сыр беріп, қажыр-қайратты қажет ететін қара жұмысқа қауқарсыз болатыны сөзсіз. Осы жастағы ағайынның бәрі бірдей «Күміс жас» жобасынан хабары бар деп айта алмаймыз. Сондықтан әрбір азамат мемлекет тара­­пынан жасалып жатқан қамқорлықты біл­іп, мүмкіндікті пайдаланса, отбасының ырыс-несібесін арттырары сөзсіз. Кім болса да жастық шағында көрген бейнетінің зейнетін көргісі келетіні шындық.
Айта кетерлігі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасы негізінде зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылып, еліміз бойынша 20 мың адамды жұмыспен қамту көзделіп отырғаны белгілі.
 «Күміс жас» жобасына қатысушылар – зейнеталды жастағы жұмыссыз адамдар. Бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалған азаматтар уақытша жұмыспен қамтылады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, жоба жыл сайын 5 мың адамды қамтиды. Жобаның басты шарты бойынша қатысушылардың жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін ескере отырып, субсидияның ең жоғары шегі – 30 АЕК (91890 теңге). Экологиялық үстемеақы бойынша төлемдер есепке алынбайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Егер де айлығы 200 мың болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді.
«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті. «Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына немесе «еnbek» электронды еңбек биржасына жүгіну қажет.
Мамандардың айтуынша, ми­нис­трлік жасы жеткен адамдар үшін ізгі бастаманы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүргізуді ұсын­ған. Жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан, жалақы бо­йынша берешегі жоқ барлық меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдар қатыса алады.
Басты тақырыпқа қайта оралсақ, мем­лекет тарапынан ең­бектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі жандарға қам­қор­лық жасалуда. Ал зейнеталды «күміс жас» – адамның ең әлеуметтік белсенді және өнімді кезеңі. Толыққанды барға қанағат етіп, мәнді-мағыналы өмір сүруге барынша мүмкіндік ашылған сәт. Сол мүмкіндікке қол жеткізу үшін мемлекет тарапынан жасалған «Күміс жас» жобасы зейнеталды адамдардың әлеуетін ашуға күш салары сөзсіз. Біз сөз етіп отырған «Күміс жас» жобасы осы ел жағдайын ойлаған шарапаты мол, игі істің бір парасы іспетті. Жоба іске асса, қаншама зейнет жасына таяған жұмыссыз жүрген жандарға үлкен қолдау болар еді.

К. МАХСҰТ 
19 шілде 2022 ж. 2 103 0