Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтар қазақстандықтарды алдаудың жаңа әдісін тапты

Алаяқтар қазақстандықтарды алдаудың жаңа әдісін тапты

Алаяқтар қазақстандықтарды алдаудың жаңа әдісін ойлап тапты. Бұрын "банктен" қоңырау шалу кең қолданылса, енді азаматтардан халықты алдап жүрген кредит менеджерлерін әшкерелеуге көмектесуді сұрайтын болған.
48 жастағы Юрий Фоминых күтпеген жерден қарызға батты. Ер адам 4 миллион теңгеге екі кредитті қалай рәсімдегенін түсінбей отыр. Енді ол ай сайын банктерге 120 000 теңге төлеуге мәжбүр. Оның мұндай төлемге шамасы келмейді, деп хабарлайды КТК.
Айтуынша, ол адамдарды аяусыз алдайтын интернет-алаяқтарды әшкерелеймін деп қарызға батқан. Бейтаныс біреулер телефон соғып, өздерін Ұлттық банктің қызметкерлеріміз деп таныстырған, сыпайы сөйлесіп, көмек сұраған. Юрий бұл әрекеттің астарында алаяқтардың арам пиғылы жатқанынан сезіктенбей, қолұшын созуға бірден келіскен.
"Олар банк қызметкерлерін тексеру керек деп түсіндірді. Олар өздерін таныстырып, аты-жөнін, жеке куәлік нөмірлерін, байланыс телефондарын айтты. Егер күмәндансам, рас-өтірігін анықтауыма болатынын жеткізді. Мен қайта хабарласқанымда, расында да мұндай адамдар жұмыс істейтінін айтты. Сондықтан сеніп қалдым", - деді Фоминых.
Алаяқтар ұялы телефонға қоңырау шалып, өздерін банктегі қауіпсіздік қызметінің мамандары немесе полиция қызметкері деп таныстырады. Кейін адамдарды алдап жүрген кредит менеджерлерін әшкерелеу үшін арнайы операцияға атсалысуды сұрайды.
Алаяқтардың айтуынша, мұндай менеджерлерді анықтау үшін кредит алып, ақшаны арнайы есепшотқа аудару керек.
Ал полицейлер халықтан бейтаныс адамдардың қоңырауына сенбеуді, оларға кредит алып бермеуді сұрайды.
"Ішкі істер органдары жүргізіп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, азаматтардың аңғалдығы таңғалдырады. Біздің облыста жұмыс істеп тұрған банктердің қызметкерлері банктен ешкім телефон соқпайтынын жақсы білсе де, өздері алаяқтардың құрбаны болған. Күдіктілердің көп жағдайда Қазақстаннан тыс жерде болуы қылмысты ашуды қиындатып отыр. Сондықтан жәбірленушілер кредитті төлеуге мәжбүр болады", - деді СҚО ПД аға жедел уәкілі Андрей Акопян.

sputnik.kz
21 шілде 2022 ж. 283 0