Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Момын шалдың мейірімі

Момын шалдың мейірімі

«Ол екі ертегі білетін. Біреуі – өзінен басқа тірі жанға белгісіз – сәби қиялынан туған. Екіншісін атасы айтып берген. Кейін екеуі де ғайып болды. Айтайын дегенім де сол еді» деп басталатын жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» атты туындысы көбімізге таныс болар. Ш.Айтматов көптеген шығармаларында адам мен қоғамдағы түйткілді мәселелерді шебер суреттеп, оқырман санасында ой сала білген жазушы.
Аталған шығарма желісі бойынша Момын шалдың жетім балаға қамқорлығы, сондай-ақ кейіпкерлердің өмірлік көзқарастарымен туынды ашыла түседі. Момын шал, бала, әжесі, Оразқұл, Бекей апай, Гүлжамал, Құлбек және Сейдахмет сынды шығарма кейіпкерлерінің өмірлік ұстанымдары мен отбасылық өмірін ерекше бейнелеген.  Сырт көзге қарағанда «Момынның ақсақал аталатындай қауқары шамалы». Көбіне жазушы Момынды аңғал, мейірімді, ақкөңіл, бала мінез адамның бейнесіне ұқсата суреттеуі басым. «Құдай бұған жарытып сақал да бермеген. Сақал емес сайқымазақ. Шыбын тайып жығылардай жылтыр иегіне үш-төрт сары қылтанақ ербиеді. Сақал дегенде, бар байлығы сол ғана» немесе «осы шемірікпейіз май мұрын, үйрек тұмсық, орта бойлы қағылез шал ертеден қара кешке дейін балаша домалайды да жүреді» деп келтіреді автор. Осы суреттеулердің ішінде ерекше айтып өтетіні Момын шалдың жігерсіздігі, өзіне деген сенімділігі мен жеке пікірінің төмендігі болып табылады. Ол шығармада былайша келтірілген: «Момын болса, о бастан Елпек Момын болып туа салған. Тек бар қасиеті өзінің беделін, өзінің жасын жұрт алдында елемеуге, мән бермеуге бойын әбден үйретін алған. «Бұлай отырма, бұл сөз сенікі емес, былай емес» өмірі естіп келе жатқаны осы» немесе «Жұрт қатарлы байсалды жүру, сес көрсету, өз орнын табу дегеннен құр алақан» деген үзінділер дәлел бола алады. Ал Оразқұлдың бейнесіне тоқталып өтер болсақ, қара торы, тоң мойын, ашуланса жан-жағын қырып жіберердей мінезі бар. Оның туындыдағы портреттік бейнесі де оқырман көңілін суытып, ізгіліктен алыстата түседі. «Оразқұлдың қалпағы желкесіне қарай жылжып кетіпті, түк басқан аласа маңдайы қызара бөрткен, күннің ыстығы әбден титығына жеткен сияқты, аттың үстінде ұйықтап келеді. Аудан әкімдерінің үлгісіне еліктеп тігілген шибарқыт китель ағытылып кеткен алқа-салқа. Ақ көйлегі умаждалып, белбеуінің астына барып орналасқан. Әрі тоқ, әрі мас. Жаңа ғана қонақта болып, майлы етке қарынды кептеп, шамасы жеткенше қымыз бен араққа басып келе жатыр екен» деп бейнеленеді.
Бала болса әкесін де, шешесін де мүлде көрмеген. Тіпті есіне түсіре алмайды. Бір білері әкесінің Ыстықкөлде матрос болғанын есте сақтап қалған. Ал анасы әкесімен ажырасқаннан кейін баласын атасына тастап, өзі қалаға кетеді. Сол кеткеннен хат та, хабар да болмайды. Бала болса Ыстықкөлдегі жүзге жуық ақ кеме ішінде әкесінің бар екеніне сеніп, оны көрген сәтте не істейтінін бала қиялымен суреттеп күн өткізеді. Иә, жеті жасар ғана баланың жанындағы үлкендердің лас әрекеттері мен қатыгездіктері шығарма барысында көркем суреттеледі. Пәк көңіліменен тек ақ кеме ғана үндесе алар еді. Өзі өмір сүріп жатқан орта – тап бір шағын қорқыныштылар үйі секілді еді. Жанындағы ағайын-туыстарының әлсізді жаншып, құлатқысы келіп тұратын әрекеттерінен жабыққан сәтте көл үстінен өз қиялындағы ақ кемесін іздейтін. Сол ақ кемесі іргеге тоқтаған кезде әкесімен табысып, айналасындағы жағымсыз тірліктен құтылуға асығатын. Тіпті қатты сағынған уақытта өзі-ақ балыққа айналып, лезде жетіп барсам деп армандайтын еді.
Туындыдағы  «Бұғы-Ана» әңгімесі де бала қиялын одан әрі шарықтатты. Өз ойларымен Бұғы-Ананы әрдайым қасымда көмекте жүреді деп сенген бала жүрегін Момын шал бір-ақ сәтте басып тастайды. Осы тұста шығармадағы Момын шалдың бейнесіне күмән келтірерлік бір жайт – ол шалдың сол өзі бас ұратын биік сенімін өз қолымен құртуы. Яғни, неге Момын шал Бұғы-Ананы өлтірді? Осы кезге дейін балаға Бұғы-Ана туралы түрлі аңыз-әңгімелер айтып, ертеде оны халық қалай қастерлегенін үлгі етіп отыратын. Өмір бойы пір тұтып келген табиғат-ананың, биік ар-ұжданның қасиетті сенім ұстамына аяқ асты бір күннің ішінде балта шабуы оқырманды ойландырмай қоймас. Мүмкін шалдың Бұғы-Ананы өлтіруіне жан-жағындағы бітпейтін күйбең тіршіліктің бірінің үстіне бірі төгілуі себеп болған шығар. Яғни, күйеу баласы Оразқұлдың шалдың қызын сабап, қуып жіберуі, Бекейдің енді бар қасіретіне өз әкесін кінәлауы, кемпірінің жүйкесін одан әрі қажай түсуі, ешкімнен демеу де, көмек те жоқ болуы... Иә, бұл әрекетке шал өз еркімен бармады, қасірет күнін кешкен қызы мен немересінің қамы үшін болған жайт.
Бүгінгі  күні қоғамда жас отбасылар арасында ажырасып, ортада баланы әке-шешеге қалдыру оқиғасы көптеп кездеседі. Өзге отбасыда әрқайсысының қас-қабағына қарап, бар мұңын жүрек түкпірінде сақтап қалатын бала психологиясында біршама өзгешеліктер болатыны анық. Мәселен, қоғамнан алыстап, үнемі өзін кінәлі сезініп, өзгелердің өзін басынуына мүмкіндік жасап беріп отыратын халге жетеді. Автор да шығарма барысында жетім баланың өз әке-шешесіне деген сағынышын, бір сәтке болсын оларды көріп қалуды арман еткенін бүгінгі қоғам мәселесімен ұштастырғандай. Ажырасу – мәселенің шешімі емес екендігін есте сақтағанымыз жөн. Сол үшін отбасыда қандай да бір қиындық болса, ақылмен ойланып, бала болашағын да назардан тыс қалдырмағанымыз дұрыс.

А.НҰРЛАНОВА
23 шілде 2022 ж. 467 0