Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гепатиттен қалай қорғануға болады? – Дәрігер кеңесі

Гепатиттен қалай қорғануға болады? – Дәрігер кеңесі

Бұл туралы Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкогепатология және гастроэнтерология секторының аға ординаторы, дәрігер Маржан Жанасбаева мәлімдеді.
Айтуынша, гепатиттен қорғанудың екі жолы бар.

Біріншіден, жеке гигиенаны сақтаңыз. Бұл А және Е вирустарынан қорғану үшін маңызды. Қан құю кезінде сақ болыңыз. Сол арқылы В және С вирустарынан қорғана аласыз. Екіншіден, вакцинациядан өту немесе вирусқа қарсы препараттарды қолдану. Әдетте, вакцина адамды А және В вирустарымен инфекциядан сенімді қорғайды, ал препараттар 95% жағдайда тиімді, - деп атап өтті дәрігер.

Гепатит, яғни бауыр тінінің қабынуының A, B, C, D және E типтері ретінде анықталған бес негізгі вирусы бар.

Гепатитті асқындырып алса, кейін циррозға немесе ракқа ұласуы мүмкін. Вирус организмге түскеннен кейін бауыр жасушаларын зақымдап, оның қызметі бұзылады. Қабынған бауыр дер кезінде емделмесе, жасушылардың орнында ешбір функция атқармайтын пайдасыз тін пайда болады. Кейін ол фиброз, циррозға немесе қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін. Гепатиттің айқын әрі көпшілікке таныс белгілерінің бірі - сарғаю. Бірақ кей жағдайда аурудың ешқандай белгісі байқалмауы да мүмкін. Сол себепті өзін жайсыз сезінген адам денсаулығы мен ағзасында болып жатқан өзгерістерге мұқият зер салғаны абзал, - деп ескертті Маржан Жанасбаева.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, гепатиттен әлемде шамамен 2 млрд адам зардап шеккен. Бұл дегеніміз жер шарының әрбір үшінші тұрғыны – 325 миллион адам В немесе С вирустық гепатитімен өмір сүреді деген сөз. Ал жыл сайын 900 мың адам В вирустық гепатитінен қайтыс болады.

Еске сала кетейік, бүгін, 28 шілдеде жыл сайын Дүниежүзілік гепатитпен күрес күні барлық елдерде аталып өтеді.

baq.kz
28 шілде 2022 ж. 470 0