Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сүйінші, көрімдік, байғазы: егіз ұғым ба?

Сүйінші, көрімдік, байғазы: егіз ұғым ба?

Қазақ халқында бала дүние есігін ашқаннан бастап жасалатын салт-дәстүрлер мен жөн-жоралғылар жетерлік. Мәселен, сәби дүниеге келгеннен соң қырқынан шығару, сондай-ақ тұсау кесер сынды дәстүрлеріміз бар. Ал сүйінші сұрап, байғазы беру деген не? Байғазы мен көрімдіктің айырмашылығы бар ма? Аталған әрекеттер біздің салт-дәстүрімізге жатады ма? Міне, осы сынды сауалдар көпті толғандырары анық.
Сүйінші дегеніміз – қуанышты хабар әкелген адамға берілетін сыйлық болып табылады. Халқымыз әрбір үлкенді-кішілі жақсы хабарды аса бір ықыласпен тосып, оны жұртшылықпен бөлісуге асығатын. Оларға мысал ретінде дүниеге сәби келуі, баланың мектепке баруы, қызметте өсу, сондай-ақ жоғары атаққа, марапаттарға ие болуы, алыстағы көптен сағынған адамның келуі, келін түсуі және жоғалған қымбат дүниелердің табылуы сынды көптеген қуаныштарды сүйінші дәмететін жаңалықтарға жатқызуға болады. Иә, бұл – дәстүрлік ғұрып. Сонымен бірге аталған қуанышты жаңалықтарды алғаш жеткізуші адам «Сүйінші! Сүйінші!» деп дауыстап келіп, көпшілікті хабардар етуінен басталады. Бұл кезде ауқатты адамдар сүйінші жеткізген адамға ат мінгізіп, шапан жапса, енді бірі «қалағаныңды ал» деп, бағалы заттар немесе ақша ұсынады. Кей кезде сүйіншінің құны айтылатын жағымды жаңалықтың маңыздылығына қарап бағаланып жатады. Оны сұрау да, бергенді алу да ешқандай ерсілікке жатпайды.
Сәби дүниеге келген сәтте ағайын-туыстары мен ата-әжесінен сүйінші сұраудың орны тіптен бөлек. Төрт қыздан кейін зарықтырып дүниеге келген, Ұлы Отан соғысының батыры, жазушы Бауыржан атамыз дүние есігін ашқанда, сүйінші хабарды жеткізуші атымен 60 шақырым жерге шауып барған екен. Бұл жайында жазушының «Ұшқан ұя» атты туындысында былайша баяндалады: «Әкем ол күні Әулиеата шаһарында екен. Мен туған соң Имаш бабам жан-жаққа кісі шаптырып, әкеме де хабаршы жіберіпті. Біздің ауылдың Байтоқ деген кісісі алпыс шақырым Әулиеатаға ат сабылтып жетіп, әкем жатқан үйге кіріп келіп, бір ауыз сөз айтуға дәрмені келмей, Момышты құшақтап жылай беріпті. Әкемнің қарындасының үй-іші үрпиісіп, бір жаманат хабар жеткен екен деп, қорқып қалады. Ақыры Байтоқты жұлмалай «не болып қалды, айтсаңшы» деп тақақтағанда ғана Байтоқ: «Жеңешем ұл тапты» депті. Үрейден үрпиіскен жұрт енді мәз-мейрам болып, қуаныштары қойындарына сыймай, Байтоққа сүйіншісін беріп аттандырыпты» делінген.
Ал байғазы дегеніміз не? Байғазы – үлкен кісі тарапынан кішілерге беретін сый-сияпаты. Яғни жас бала көбіне жаңа киім, сондай-ақ жаңа дүние алған кезде үлкендерден байғазы сұрайды. Иә, байғазы беру бала көңілін сергітіп, қуаныш сыйлайтыны анық. Енді көрімдіктің қай кезде берілетінін көрелік. Көрімдік деп шаңырақ басында орын алған аса бір қуанышты жағдайларда, сонымен бірге жоғары жетістіктерге жеткен кезде туған-туыстары мен дос-жарандарының сол адамға беретін кәделік сыйын айтады. Мәселен, қызға сырға салуға барған кезде жігіт жақ қызды көру үшін алдымен көрімдік береді. Сонымен бірге ұзатылып бара жатқан қыздың қос жеңгесі жаңа құдаларға: «Болашақ келіндеріңізді көріп, көрімдігін беріңіздер» дейді. Содан соң жігіттің анасы келіннің маңдайынан сүйіп, үлкендер ақ батасын беріп, жеңгелеріне де көрімдік береді. Бізде көбіне байғазы мен көрімдікті айыра алмай жатады. Дегенмен екеуінің түр-сипаты ұқсас болса да, айырмашылықтары баршылық. Яғни, олар орын алған қуанышты жағдайдың сипатына байланысты. Көрімдік, негізінен адам өміріндегі оқиғаларға қатысты беріліп жатса, байғазы көбінесе жаңадан алынған заттарға, жансыз дүниелерге қатысты беріледі.
Негізі қазақтың әрбір салт-дәстүрлерінің өзіндік тәрбие берер тұстары мол. Сүйінші, байғазы және көрімдіктің өзі адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, татулық пен бірлікті арттырады. Сонымен бірге адам баласын жомарттыққа, кеңпейілділікке тәрбиелейді. Адамзатқа берері мол ұлттық құндылықтарымызды келешек ұрпақ бойына дарыта білсек нұр үстіне нұр болар еді.

А.НҰРЛАНОВА
30 шілде 2022 ж. 2 706 0