Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаңыздың тұсауын кім кесті?

Балаңыздың тұсауын кім кесті?

Халқымызда балаға байланысты түрлі салт-дәстүрлер мен наным- сенімдер бар. Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетін халық бүлдіршін дүниеге келгеннен бастап, ес білген шағына дейін 20 шақты жөн-жоралғылар жасайды. Оның біріншісі әрине, сәби дүние есігін ашқанда шілдехана жасайды. Кейін 40 күн толтырып «қырқынан шығарады», одан әрі бесікке бөлейді. Сосын барып баланың алғашқы қадамы ретінде тұсау кеседі.
Тұсау кесер – бала ерте жастан жүріп кетсін деген ниетпен орындалатын салт. Бұл салт бала еңбектеп, кейін қаз-қаз басып, жүруге таяп қалғанда жасалады. Халық нанымы бойынша тұсауы кесілмеген бала болашақта сүріншек болып, жолы болмай қалады деп сенеді. Аталмыш салтты өткізу барысында жақын ағайын-туыстар жиналып, кішігірім той жасалады. Сонымен бірге баланың тұсауы ала жіппен немесе көк шөп, малдың тоқ ішегімен кестіріледі. Бұл жердегі ала жіптің мағынасы – келешекте ешкімнің ала жібін аттамай, ақ пен қараны ажырата алатындай болсын деген ниет. Ал көк шөп – шөптей болып қаулап өсіп, тез көгеріп, ұрпақты болсын деп ырымдайды. Малдың тоқ ішегі – баланың дәулетті, қалың қалталы азамат болсын деп ниеттеп кеседі екен. Содан кейін балаға «Жүйрік бол!», «Шауып кет!» деген секілді тілектерді айта отырып, екі қолынан екі адам ұстап, тұсауын таңдап алынған адам кесіп жібереді. Кейін баланы отырғызып қойып, алдына домбыра, кітап, ақша және кілт сынды дүниелерді қояды. Сол заттардың бүлдіршін қайсысын таңдайтын болса, болашақта соған жақын болады деп ырымдаған.
Ендігі кезекте «баланың тұсауын кім кеседі?» деген сұраққа келер болсақ, шаруаға икемді, іске епті, көп жасаған немесе жоғары білікті маман иесіне кестіреді. Бұл дегеніміз – болашақта баламыз осындай азамат болсын деп тілек білдіреді. «Қай кезден бастап үрдіс алғанын білмеймін, қашан көрсең жасы үлкен әжелер тұсау кесіп жатады... Сөз жоқ, көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген ұлағатты әжелер батасын беріп, ала жіпті баланың аяғына байлайды. Ал тұсауды қыз бала болса, жүрісі ширақ, істеген ісін тиянақты тындыратын қағілез, ақжарқын мінезді келіншекке, ұл баланың тұсауын жақсы аты ел аузында жүрген, қолға алған шаруасын нәтижелі атқаратын, еті тірі еңбекқор азаматқа кескізеді. Бұл жерде қалау – ата-ананың ықтиярында, көңілі түскен адамын оның қадір-қасиетіне қарай таңдап, тұсау кескізеді» деген Зейнеп Ахметова.
Тұсау кесер жайында сөз қозғалса, қайшы әлде пышақ деген сөзталас болатыны белгілі. Бірақ қазір көбісі қайшымен кесіп жатады. Бұл жөнінде Зейнеп Ахметова апамыз «Күретамыр» кітабында: «Өйткені бір-біріне кереғар, қарама-қарсы қайшының жүзі секілді баланың алдағы өмірі қайшыланып, кедергілер көп болмасын деп қазақ қайшымен кесуді жөн көрмейді. Бұл да жай емес, тіршілік тәжірибесінен алынған» дейді. Жазушы өз кітабында қазақ «жолы әлі ашылмаған» деп үйленбеген жігітке немесе тұрмысқа шықпаған қызға тұсау кескізбеген. Сондай-ақ пышақтың жүзін жоғары қаратып кесу керек деген де ырым бар екен. Мұның мағынасы баланың келешегі көкке қарай өсіп-өніп, биіктерден көрінсін деп сенеді.
Бір қызығы, корей халқында да бізге ұқсас осындай салт бар екен. Олар да баланың бір жасын тойлап, тұсаукесер рәсімін өткізеді.
Иә, қазақта салт-дәстүрлер жетерлік. Бірақ оның негізгі мағынасы мен қалай орындалу керектігіне мән беріп жатқан адам шамалы. Білгеннің де зияны жоқ. Салт-дәстүрге немқұрайлы қарап, қалай болса солай ырымын жасай салу деген дұрыс емес. Баланың  да тұсауын кесерде алдымен ол туралы ізденіп, қалай және не үшін істейтінімізді білуіміз керек. Келешек ұрпаққа да дәстүрлерімізді өнеге етіп, әрі қарай да жаңғырта бергеніміз жөн.


А.НҰРЛАНОВА
21 маусым 2022 ж. 728 0