Балалықтың қылығы мен былығы

Аналарымыз түскі уақытта үйге қуып тығып ұйықтатады. Бізде қайдағы ұйқы. Күні бойы тынымсыз жүрген анамыздың көзі ұйқыға кетті-ау деген кезде ақырын басып үйден шығып аламыз. Тракторларымызды алып шарбақтан шыққанша сыбырласып сөйлесеміз. Бірнеше үйден бір мезетте оншақты бала шығамыз. Содан ақылдасып екі ферманың арасына жүк тасымалдаймыз. Бригадир, механик, шөп тиеуші деген сияқты мамандарды сайлап аламыз. Ең таласқа түсетіні ол – тракторшы болу. Бірақ біз ұйымшыл едік. Кім қай күні қай қызметті атқаратынын келісіп аламыз. Баламыз ғой. Күн санауды дұрыс біле бермейміз. Бүгін мен ертеңді білеміз. Қалған күн санауымыз екі рет ұйықтағаннан кейін, үш рет ұйықтағаннан кейін деп есептеледі. Сол уақытта тракторшы қызметі беделді қызмет па, әлде нағыз еңбектің бағаланған заманы ма білмеймін, әйтеуір тракторшы болу бір мәртебе еді балаларға. Тракторшылар сыйлы еді.
Сонымен басқару дөңгелегі тракторшының иелігінде болады. Бірнеше трактор бар. Ал сайлап алынған қызметкерлер тракторшының қасында кабинада отырғандай соған ілесіп жүгіріп отырады. Оңға бұрылса оңға, солға бұрылса солға бұрылады, тоқтаса тоқтайды. Бұл бір өзінше тәртіп. Үйден қашып шыққандықтан үйден алыстан айналып өтіп жүреміз. Жақындауға болмайды ұсталып қалуымыз мүмкін. Қашып шыққаннан біреу ұсталса бітті қалғанымыз ойнамаймыз. Үйдің көлеңкесінде қайтып шыққанын күтеміз, шықпаса бәріміз қайта кездесетін уақытты белгілеп үйімізге тараймыз. Уақыт сол – ертеңгі түстегі қашып шығу. Бір кереметі кешкілік басқа ойын ойнаймыз. Сол уақытта түстегі болған жағдай ұмытылып кетеді де бірақ ертеңіне түсте есімізге түсіп уәдемізді орындаймыз. Кешікпейміз ғой және. Дәл уақытысында кездесеміз.
Жүк тасымалдау кезінде тіркемедегі жүгімізге бір жағдай болса, жасалған тракторлардың сымы қиылса сайлап алған бригадирге айтамыз, содан механигіміз бар бәріміз жабылып жөндеуге кірісеміз.
Екі ферманың ортасына не тасиды деп ойлап отырған шығарсыз!? Таситынымыз – адыраспан. Кәдімгі адыраспан. Адыраспан ауылға жақын маңайда өседі. Және тез жұлынады. Не тасып жүргенімізді үлкендер білмейді. Ең алдымен дәндерін алма деп теріп жинап аламыз. Дәнін бөлек тиейміз. Одан соң адыраспанның өзін жұлып тиеп байлаймыз. Тіркемелерімізді тіркеп алып екінші фермаға біріміздің ізімізден біріміз жүріп отырамыз. Бұл да бір тәртіп. Фермамыз ауылдың ана басындағы ақ топырақтың іргесі мен мына басындағы ақ топырақтың іргесі. Жоқ дегенде екі барып екі қайтамыз. Адыраспан негізі улы өсімдіктің бірі ғой. Әсіресе қурамаған кезінде. Сол адыраспанның иісінен басымыз айналып үйдің көлеңкесіндегі топырақтың үстіне құлай кетеміз. Қырық градус ыстықта салқын тамда ұйықтамай не басымызға күн туып осылай тапа-тал түсте ойнайтынымызға таңғаламын кейде.
Кейін адыраспан киелі шөп екенін, жұлуға болмайтынын білгеннен кейін жұлмайтын болдық.
Шіркін, сол балдай тәтті балалық деген алаңсыз бейқам әлемге бір сәтке барып қайтар ма еді....
Г.Махсұт