Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жіті ішек жұқпалы ауруларынан сақ болыңыз

Жіті ішек жұқпалы ауруларынан сақ болыңыз

Жіті ішек инфекциялары (ЖІИ) – әртүрлі микроорганизмдер (бактерия, вирустар) тудыратын, асқазан-ішек жолдарының бұзылуымен жүретін және ағзаның сусыздандыратын жұқпалы аурулар тобы.
ЖІИ жылдың суық мезгілінде – вирусты инфекциялар, жылы мезгілінде – бактериалды инфекциялар түрінде кездеседі. Бұл аурумен ересектер де, балалар да ауырады.
Жылы климат микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы әсер етеді, сондықтан жазғы мезгілде жіті ішек аурушаңдығының тіркелуі көбейеді.
Жылы мезгілде судың, топырақтың, тағам өнімдерінің ішек инфекциясының қоздырғыштарымен ластану деңгейі жоғарылайды.
Қорғаныш факторларының белсенділігінің және гигиеналық дағдылануларының төмендігінен балалар жіті ішек ауруларымен көп ауырады. Балалардың асқазан-ішек жолдарында иммундық қорғаныс тек 5 жасына қарай қалыптасады.
Жіті ішек жұқпалы ауруларының қоздырғыштары сыртқы ортаға өте төзімді келеді. Мысалы, іш сүзегі, паратиф қоздырғыштары сүтте 2 ай және одан да көп уақыт сақталады. Дизентерия микробтары сүтте 7 күнге дейін көбейіп, сақталады, ал өзен суында 35 күнге дейін белсенді болып қалады. Вирустар әртүрлі заттарда 10 күннен 30 күнге дейін өмір сүру қабілетін сақтайды, ал нәжісте жарты жылға дейін сақталады.
Негізгі ауру көзі – ауру адам мен бактерия тасымалдаушылар. Тасымалдаушыларда ауру жасырын түрде өтеді, оны тасымалдаушының өзі де білмеуі мүмкін.
Бактериялар тағаммен, сумен немесе кір қолмен адам ағзасына ауыз арқылы түседі. Мысалы, дизентерия құдықтың залалсыздандырылмаған суын қолданғанда, қайнатылмаған сүт ішкенде басталуы мүмкін. Сонымен қатар, ішек таяқшалары организмге сақтау мерзімі өткен сүт өнімдерін тұтынғанда түсуі мүмкін. Сальмонеллез адам ағзасына тауық етінен, жұмыртқадан немесе таза жуылмаған жеміс-жидектерден, көкөністерден беріледі.
Аурудың инкубациялық кезеңі - орташа 6 сағаттан 2 күнге дейін созылады.
Науқастарда жедел дене қызуының көтерілуімен, сұйық дәретпен, іштің ауруымен басталады. Асқазан аймағының ауырсынуы, жүрек айну пайда болып, құсу, іш өту жиілейді (нәжісі су тәріздес болады). Нәтижесінде, ағза сусызданып, әлсіздік пайда болады. Ағзаның сусыздануы – балалар үшін өте қауіпті.
Науқастарға ауруды басатын дәрі-дәрмектерді өздігінен қолдануға, дәрігердің тағайындауынсыз антибиотикті қолдануға болмайды. Себебі, ішек инфекциясында токсиндер ішекте жинақталатындықтан, дәрілік заттарды өз бетімен қолдану токсиндердің көптеп жиналуына алып келуі мүмкін. Бұл қабыну процесін одан әрі күшейтеді.
Ауру асқынған жағдайда адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Осы ретте, жіті ішек инфекциялары мен тырысқақ ауруының белгілері өте ұқсастығын атап өту керек.
Жоғарыда аталған ЖІИ белгілерінен бөлек, тырысқақ ауруында науқас денесінен көп сұйықтық жоғалтады, одан дене қызуы бірден төмендейді, денесі тырысып, буындары тартылады, жалпы әлсіздік дамиды, еріндерінің көгеруі байқалады, тынысы әлсіз және үстіртін демалады. Науқастың жағдайы нашарлап, аузы құрғап, шөлдейді. Кейде аурудың бірінші күндерінде науқас өліп кетуі мүмкін.
Тырысқақ ауруы – аса қауіпті, жедел жұқпалы ауру.
Негізінен ауа райы ыстық: Үндістан, СаудАрабиясы, Сирия, Туркия, Монғолия және тағы басқа елдерде кездеседі.
Тырысқақ вибрионы - ауру қоздырғышы суда, ашық су қоймаларында, тағамда бірнеше айға дейін сақталады.
Жіті ішек инфекциясының және тырысқақ ауруының алдын алу шаралары:
- жеке бас тазалығын қатаң сақтау.
Балаларға тағам дайындаудың және тамақтандырар алдында қолды тазалап сабындап жуу, баланың әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза ұстау;
- жеміс-жидектер мен көкөністерді ағынды су астында таза жуғаннан кейін пайдалану;
- өнімдердің жақсылап қуырылып, қайнатылуына көңіл бөлу;
- жұмыртқаны шикі немесе шала қайнатылған күйінде қолданбау;
- дайын тамақты пайдалану кезінде оның иісіне, дәміне мұқият мән беру;
- тағам және сусындарды арнайы таза барлық санитариялық талаптарды сақтаған сауда орындарынан сатып алу;
- тез бұзылатын тағам өнімдерін тоңазытқышта сақтау;
- суды тұтынар алдында міндетті түрде қайнату немесе бөтелкедегі суды ішу;
- су көздерін әртүрлі ластанулардан тазартып, сақтау;
- арнайы рұқсат етілген жерлерде шомылу;
- қоқыс салатын шелектердің, ыдыстардың бетін тығыз жабу және қоқыс жинайтын орындарды жүйелі түрде залалсыздандыру;
Ең маңыздысы, өткір ішек жұқпаларының немесе тырысқақтың жоғарыда көрсетілген белгілерінің бірі байқалса, тез арада медициналық көмекке жүгінген абзал.
Г. Әйімбетова,
Арал аудандық СЭБ басқармасының жетекші маманы
17 тамыз 2022 ж. 501 0