Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұқпалы жедел ішек ауруларының алдын алу шаралары

Жұқпалы жедел ішек ауруларының алдын алу шаралары

Жұқпалы жедел ішек аурулары әлемде кең тараған жұқпалы аурулардың қатарына жатады. Барлық аурулардың ішінде респираторлық жұқпалы аурулардан кейінгі 2-ші орынды алады.  Жедел ішек ауруымен ауырғандардың 60% -ын балалар, оның басым бөлігін 2 жасқа дейінгі сәбилер құрайды.
     Жедел ішек жұқпалары-асқазан-ішек жолдарының қабынуымен сипатталатын патогенді және шартты патогенді бактериялардан, вирустардан   болатын, диареямен  (іш өту), адам ағзасының уыттануымен және сусыздануымен сипатталатын әртүрлі жұқпалы аурулар тобы. Жедел жұқпалы ішек ауруларының тобына-дизентерия, іш сүзегі, А, В паратифтері, тағамдық токсикоинфекция, сальмонеллез, гастроэнтериттер жатады. Жоғарыда аталған жұқпалы ішек аурулары бір топқа жатқанмен, ауруларды әртүрлі қоздырғыштар тудырады және олар әрқалай өтеді. Аурудың қоздырғыштары асқазан-ішек жолдары арқылы, нәжіспен сыртқы ортаға шығарылады. Ішек жұқпаларының қоздырғыштары қоршаған сыртқы ортада жақсы сақталады. Ауру қоздырғыштары ластанған ыдыста, ылғалды іш-киімде,топырақта- 3 айға дейін, тамақ өнімдерінде, оның ішінде сүт және ет өнімдерінде, салаттарда және т.б.) бірнеше тәулік бойы, суда-5-6 күнге дейін сақталады.  Сүт және сүт өнімдері, салат пен басқа да азық-түліктерде ішек жұқпаларының қоздырғыштары тек жақсы сақталып қана қоймай, сонымен қатар тамақ өнімдерінің дәмдік қасиеттерін өзгертпей-ақ, көбеюі мүмкін. Жаз-күз мезгілдерінде жіті ішек жұқпаларымен ауыратын науқастар саны көбейе түседі, өйткені бұл мезгілдерде ауа-райының жылып, күннің ыстық болуы ауру қоздырғыштарының сақталып қана қоймай, тез бұзылатын тағам түрлері- ет, сүт, балық өнімдерінде, салаттарда, кремді, кондитерлік өнімдерде көбейе түсуіне қолайлы әсер етеді. Сонымен қатар жаз-күз мезгілдерінде  топырақпен, тыңайтқыштармен ластанған көкөніс, жеміс-жидектерді жумай жеу – аурудың көптеп тіркелуіне себепші болады. 
     Жұқпаның негізгі көзі–науқас адам, сондай-ақ ауру тасымалдаушылары. Таралу жолдары-су, тағам және тұрмыстық қарым-қатынас арқылы. Бала күтімінің нашарлығы және   сәбилерді қосымша тамақтандыру кезінде ас дайындаудағы  тиісті ережелердің сақталмауы аурушаңдықтың  сәбилер арасында тіркелуінің негізгі себептері болып отыр.
           Жұқпалы жедел ішек ауруларының алдын алу шаралары :
-Сәбилерді 1 жасқа  дейін тек қана ана сүтімен қоректендіру
-Жеке бас тазалық шараларының қарапайым қағидаларын сақтау (ас ішер алдында , әжетханадан кейін  қолды сабындап жуу
-Суды тек  қайнатылған түрде ,с үтті пісірілген күйінде  ішу
-Көкөністер мен жеміс жидектерді мұқият жуу,қайнаған сумен шаю
-Ас дайындауға ,ыдыс жуу және ауыз су үшін ашық су  көздерін- айдындардың, арықтардың   суын пайдаланбау
-Дайындалған тағамдарды ашық қалдырмау
-Исі, дәмі бұзылған азық-түліктерді  пайдаланбау. Тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышта сақтау
-Жиналып қалған лас- қоқыстарды уақытылы тазалап отыру
 -Ауру тасымалдаушысы -шыбындарға қарсы есік-терезелерді торлау,әртүрлі дәрілерді пайдалана отырып, оларды жою
-Қосымша тамақ берілетін нәрестелерге ас дайындау кезінде олардың аналарымен  тиісті ережелердің қатаң сақталып, бала емізіп отырған аналардың өз тамақтану дағдысына мұқият болу
      Жоғарыда аталған  жалпыға мәлім қарапайым ережелерді сақтай отырып, Сіз, өзіңізді, жақындарыңызды және балаларыңызды жұқпалы жедел  ішек ауруларынан қорғай алатыныңызды естен шығармаңыз.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық  бақылау басқармасының басшысы
11 шілде 2022 ж. 888 0