Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еркін күрес балуандары

Еркін күрес балуандары

Елімізде уақыт өткен сайын спорт саласы бойынша жоғары деңгейде дамып келеді. Оған дәлел жерлестеріміздің әлем чемпионаты төрінде туымызды желбіретіп, жеңімпаз атануы болып отыр. Соның ішінде спорттың еркін күрес түрінен де дүйім дүниеге танылып жүрген спортшыларымыз жетерлік. Иә, еркін күрес дегенде ойымызға бірден Қажымұқан атамыздан бастап, Әбілсейіт Айқанов, Амангелді Ғапсаттаров, Аманжол Бұғыбаев, Мәлік Нәдірбеков сынды қазақтың апайтөс балуандары келері анық. Осылардың көпшілігі өз заманында КСРО аймағында өткен байрақты жарыстарда топ жарып, еліміздің атын танытқан біртуар балуандар.
Ресми мәліметтер бойынша, еркін күрес елімізге ХХ ғасырдың бел ортасында келген екен. Тұңғыш республика біріншілігі 1951 жылы ұйымдастырылған.
Ауданымызда да еркін күреске қызығып, онымен айналысам деген әр адамға арнайы үйірме ашып, аудан абыройын асқақтатар спортшылар тәрбиелеп жүрген жандар жетерлік. Соның бірі – Әліби Болатұлы. Әліби өз саласы жөнінде:
–Шапшаңдықты, ептілікті, күштілікті және жан-жақтылықты талап ететін бұл күрес бізге ата-бабаларымыздан ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жеткен жанымызға жақын күрес түрі деуге болады. Жалпы, өзім еркін күреспен 3 сыныптан бері айналысып келемін. Бұл спорт түріне келуіме ағам себепші болды. Кейін өзімді осы саланың маманы ретінде көрген соң, аудандағы үйірмеде 2015 жылдан бастап спортшылар жаттықтырып келемін. Бүгінде үйірмедегі спортшыларымыз облыс, республика бойынша боз кілемді жағалап, әлем жұртшылығына елімізді танытып келеді. Мәселен, М.Жүсіпов есімді спортшымыз Азия чемпионатында жастар арасында қола жүлде иеленді. Сондай-ақ Р.Жуынтаев, А.Жеңісбеков, Н.Сағыбаев, Е.Әділханов, Т.Қуанышбаев, Н.Айтуғанов, А.Ибраймов және басқа да көптеген спортшы жігіттеріміз Қазақстан чемпионатында топ жарған. Қай спорт түрінің болмасын өзіндік қиындықтары болады. Еркін күресте адамның бүкіл денесі күреседі. Мәселен, грек-рим күресінде тек белден жоғары ұстап, түрегеп жүріп күрессең, ал еркін күресте барлық жерден ұстап күресуге рұқсат етілген. Яғни қарсыласың аяғыңды да, қолыңды да аңдып жүре алады. Сонымен бірге бұл спортпен айналысатын адамның барлық дене мүшелерінің ширақ болуы қажет. Сол үшін атаулы спорт түрі спортшыға көп дайындықты қажет етеді,–дейді.
–Еркін күреспен айналысып келе жатқаныма 11 жылдан астам уақыт болды. Кішкентайымда жанымда бірге жүрген достарым күреске қатысатын. Содан күнделікті кешке ойын барысында күреске барғандағы қызықты оқиғаларымен бөлісіп, түрлі жаттығуларды көрсетіп отыратын. Кейін 9 жасымда қызығып, қатыса бастадым. Ең алғаш 3-ші сыныптан бастап Бақтияр Сапаров, Жасқанат Ержанов және Әліби Болатұлы есімді ағайларым жаттықтырып, еркін күрестің қыр-сырын үйретті. 10 сыныпқа дейін дайындалып, 2018 жылы республикалық спорт колледжіне түстім. Бүгінде Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы атанып отырмын. Ағам да бокспен айналысып, Азия жүлдегері атанған. Қазір Қызылорда қаласында жаттықтырушы. Жалпы, еркін күрес әлемде жоғары деңгейде дамығанымен, біздің елде енді дамып келеді. Бұл спорттың қиын тұсы адам бойындағы талант аса рөл ойнай бермейді. Мұнда қажымас қайрат пен тынбас еңбек керек,–деді еркін күрес чемпионы Асқар Жеңісбекұлы.
Иә, еркін күресті бала кезден жанына серік етіп, сол арқылы көптеген жетістіктерге жетіп жүрген спортшыларымыз жетерлік. Аудан атын көпке танытып, Аралдың айбынды спортшылары тізімі көбеюіне тілектеспіз.

А. НҰРЛАНОВА
20 тамыз 2022 ж. 865 0