Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Егін шаруашылығы дамып келеді

Егін шаруашылығы дамып келеді

Биылғы жылы ауданда егін шаруашылығы ауыз толтырып айтарлықтай қарқынмен дамып келеді. Өткен жылы қуаңшылық пен құрғақшылықтың зардабын тартқан халық ала жаздай жер жыртып, егін егіп, қазір соның жемісін де жей бастады. Көбі мал азығы жоңышқаны егуді қолға алған. Өңірде 2021  жылы 166,7 гектар жерге егін егілсе, алдағы үш жылдықта бұл көрсеткішті бекітілген Жол картасына сәйкес 3000 гектарға дейін жеткізу жоспарда бар. Осы кезге дейін аудан бойынша барлығы 535,2 гектар жерді егіске дайындау жұмыстары жүргізілген.

Жекелей тоқталатын болсақ, 11,7 гектар жерге картоп, 169 гектарға бақша дақылдары, 54 гектарға көкөніс және 221,5 гектар жерге жаңа жоңышқа дақылдары, 73 гектарға ескі жоңышқа егіліп, суару жұмыстары жүргізілді. Барлығы 529,2 гектар жерге түрлі егістік дақылдары егілген. Алдағы күз айында 250 гектардың үстінде жаңа күзгі жоңышқа егу жоспарланып отыр.
Бүгінде егістік жерлерді суландыру мақсатында облыстан 10 дана дөңгелекті дизельді су насосын алу үшін тапсырыс беріліп, нәтижесі күтілуде.
Мұнымен қоса, суды тиімді  пайдалану мақсатында түрлі әдістер пайдаланылуда. Оның ішінде Ақирек ауылдық округінде «Асхат», «Нұр-Дана» шаруа  қожалықтары «подпленка» әдісімен 7 гектар жерге бақша өнімдерін ексе, Атанши ауылдық округінде жеке кәсіпкер Елтай Төремұратов 14 гектар жерге елді мекенде орналасқан су ұңғымасын пайдаланып, суды үнемдеу мақсатында тамшылап суару әдісімен бақша, көкөніс дақылдарын егіп, өнімдерін алуда. Сондай-ақ Аманөткел ауылдық округінде «Camel Pro»(Кэймел Про) шаруа қожалығы 80  гектардан астам жерге жаңбырлатып суаратын қондырғы арқылы жаңа жоңышқа тұқымын себуді қолға алуда.
Биылғы жылы әрбір ауданда егін егуді қолға алу, ауданды ішкі өніммен қамтамасыз ету бойынша берілген облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 70 гектар жерге егін  отырғызу межесі жүктелді. Осыған сәйкес әрбір елді мекеннің мүмкіншіліктеріне орай 2-10 гектар аралығында картоп, бау-бақша өсіру шаралары жүзеге асырылды. Атқарылған жұмыстар қорытындысымен 100,2 гектар жерге егін егіліп, 142 пайызға орындалды.
Жалпы, аудан халқын азық-түлікпен қамтамасыз етудің есебі жасалған. Соған сәйкес өз-өзімізді ішкі өніммен қамтамасыз етудің тетіктері іске асырыла бастады. Өткен жылы 167 гектарға егістік егілген болса, 2022 жылы 529 гектар жерге дән себілді. Сәйкесінше, биылғы жылы егіс көлемі жылдағыдан 3 еседен артық егілді. Соның нәтижесінде ауданда бірінші кезекте қажетті картоп өнімімен 1,7 пайызға, көкөніс (қызанақ, сәбіз, қияр, қырыққабат, асқабақ) 9,2 пайызға (қажетті көкөніс 7  мың тонна болса, алынатын өнім болжамы 636 тонна) және биылғы жылы бақша өнімдерінен 2125 тонна өнім алу жоспарлануда.
Еңбек еткен адамға Жер-Ана ырысын төгетіні белгілі. Диқандықты кәсіп етіп, берекесін көріп отырған жандар көпке үлгі болып та үлгерді. Қазірде келер жылы егін егеміз деп ниеттеніп отырған адамдарды көріп жүрміз. Өз кезегінде бұл да халықтың әлеуметтік ахуалын оң шешумен қатар, ауданның экономикалық дамуына зор ықпалын тигізбек.

Н. МАРАТҚЫЗЫ

20 тамыз 2022 ж. 887 0