Аралға араша түскен ақын
Қазақтың бүгінгі замандағы айтулы ақыны Мұхтар Шаханов сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Еліміз үшін көп еңбек сіңіріп, қоғамның арқалы дарабозы боп келе жатқан ақынның өмірі ғибратқа толы. «Ай туып келеді», «Қырандар төбеге қонбайды», «Ғашықтық», «Махаббатты қорғау», «Ғасырларды безбендеу», «Сейхундария», «Сенім патшалығы», «Күретамырды іздеу», тағы басқа керемет туындылары ұлттық поэзиямыздың алтын қорынан орын алды. Шығармалары әлемнің ондаған тілдерінде жарық көріп, есімін жаһан жұртына танытты.
Поэзияны ізгіліктің символына айналдырған дарынды ақын Мұхтар Шаханов еліміздің қоғамдық өмірінен ешқашан тыс қалып көрген емес. Халықтың шын жанашырына айналған тұлға ұлты үшін қашан да азаматтық белсенділік танытудан танбай келеді. Парламент мәжілісінің депутаты боп ел-жұрт аманатын арқалады, халықтың мұң-мұқтажын жоғарыдағыларға жеткізіп отырды. Желтоқсан көтерілісінің өз бағасын алуына, халықтық мереке Наурыздың қайта оралуына, ұлттық тіліміздің жай-күйіне, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына өлшеусіз үлес қосты. Соның ішінде республикамызда тұңғыш құрылған экологиялық қозғалыс – Арал және Балқаш проблемалары жөніндегі комитеттің төрағасы ретінде қыруар шаруа атқарды.
Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Азияның жақұты – Арал теңізінің тартылуын әлемдік экологиялық апат тудыра бастағаны белгілі. Жағалаудан су қашып, Арал теңізі өлі теңізге айнала бастады. Тіршілік көзінен айырылған балықшы ауылдың адамдары жаппай көше бастады. Теңіз емген жұрттың басына ауыр күндер келді. Ата қоныстан ауу оңайға түспеді. Кеше ғана берекесі тасыған құтты мекенде тек ата-бабалардың құм басқан бейіттері қалды. Ал суы тартылып, соры шығып қалған табандықтан ұшқан тұз тозаңы Арктика мұздықтарына дейін жетті. Климаттық ауыр өзгерістер ауру-сырқауды көбейтті.
Басына күн туғанда, ауыр шақтар келгенде, халық қай кезде де көшбастар үлкен тұлғаларға арқа сүйейді емес пе. Сөзін сөйлер, жайын түсінер дуалы ауызды, батыл қайраткерлерге сенім арту – ежелгі дағды. Халық одан парасатты пайым, ойлы сөз күтеді, жол-жоба беруін сұрайды. Міне, аралдықтар үлкен сенім артқан сондай қаһарман тұлға Мұхтар Шаханов болатын. Ел сергелдеңге түскен кезде Аралға атақты ақынның келуі әрқашан бір оқиға болатын. Көкейлерінде сөздерін, мойындарындағы ауыртпалықты айтып қалуға тырысатын.
Міне, бүгін сөзімізге арқау боп отырған сурет сол кезеңнің бір тарихи куәсі боп отырған жайы бар.
1990 жылдың 20-25 сәуірінде Арал қаласында «Аралды қалай сақтап қалуға болады?» деген тақырыпта халықаралық деңгейдегі «Дөңгелек стол» болған. Оған КСРО-ның, Жапонияның, Италияның, Францияның, Грекияның, Аустралияның, Моңғолияның, Орта Азияның, өзіміздің көрнекті ғалымдары, қоғам қайраткерлері қатысты. Иә, ол жылдары Аралды сақтап қалуымыз керек деген жұртшылықтың үні батыл шығатын. «Дөңгелек стол» сол кездегі аупарткомның залында өтіп жатқандықтан, халық оларды орталық алаңға, ел алдына шығуын талап етті. Ертеңіне халық көп жиналып, ол жұртшылықтың экологиялық митингісіне ұласты. Еңбек ардагерлері, көп балалы аналар, белсенді жастар өз талаптарын жеткізуге асықты. «Арал – экологиялық апат аймағы деп табылсын!», «Сібір өзендерінен су тартылып әкелінсін!» деген пікірлер әсіресе ақын Мұхтар Шахановқа тікелей қойылды. Осыны іске асырыңыз деп аманаттап айтты. Сол сәт туралы белгілі журналист Ж.Жақып былай деп еске алды: «Сөз алған КСРО Халық депутаты, Арал мен Балқашты қорғау жөніндегі Қазақ республикалық комитетінің төрағасы, ақын Мұхтар Шахановты аралдықтар зор ықыласпен тыңдады.
– Осыдан 3 жыл бұрын, біз алғашқы комитет құрып, Арал жөніндегі шындықты айта бастадық. Одақтық редакциялардан тілшілер шақырдық. Алайда олар бір ауыз сөз жариялаған жоқ. Арал жайлы шындықты айтқандарды экстремистер деді. Бізді әртүрлі жалаға таңды. Дегенмен біздің еңбегіміз босқа кеткен жоқ. Қазір Арал туралы шындықты бүкіл дүние жүзі білді. Шетелдің журналистерін қабылдама дегеніне қарамай, сұхбат бердік. Бүгінгі дүние жүзі ғалымдарының бас қосуы – жұмысымыздың алғашқы жемісі. КСРО Жоғары Кеңесінің экология жөніндегі қаулысы шықты. «Арал – апат аймағы» деген ұсынысымыз, өкінішке орай, өтпей қалды. Біздің қолымыздан көп нәрсе келе бермейді. Дегенмен аянып жатқан жоқпыз. Халық енді оянып келе жатыр. Сең бұзылды. Шындықты ешкім бөгей алмайды... – Жалынды ақынның сөзі халыққа дем бергендей болды.
Келесі күндері де аралдықтар Мұхтар Шахановты қайта-қайта кездесуге шақырды. Айтылмай қалған мұқтаждарын, пікірлерін жеткізуге асықты. Сондай бір кездесу – сол кездегі “Рыбник” (“Балықшылар”) клубының жанында болды. Осы кездесу тарихи суретте бейнеленіп қалған. Жерлестер өздерінің сүйікті ақынын ортаға алып, ыстық ықыластарын білдіріп жатқандай. Ақынның жанында Ресей журналистері, Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Балтабай Ақпенбетов, “Аралбалық” өндірістік бірлестігінің бас директоры Жалғасбек Сәпеев, соғыс ардагерлері Қалдыбек Қалқаманов, Әзизұлла Қаленовтер, балық мекемесінің жұмысшы-қызметкерлері К.Құлпыбаев, Қ.Төлеков, М.Сақтағановтармен бірге басқа да азаматтар тұр. Сол уақыттағы Аралда жұмысын жүргізген экологиялық ұйымдардың Хамза Қуатов бастаған жастары да кездесу куәлары. Бұл азаматтардың барлығы да Арал тағдырына алаңдап, теңіздің қайта толуы жолындағы күреске атсалысып жүрген-тін.
Қайсар ақын осылайша аралдықтардың нағыз арқа сүйер қамқоршы қайраткеріне айналған. Халық оған шексіз сенім білдірді.
Арал тағдыры – айтулы ақынды көп жыл аттан түсірмеді. Оның жүрегіндегі ауыр зіл «Арал қасіреті» атты ән-өлең боп та туған.
Кемелер жүздірген шағылтып желкенін айға,
Тау толқын тербелген төсінде ерке күн қайда?
Қайда сол дәуренің тағдырдан күш-қуат сезген,
Шағала – көктемің дүркіреп ұшты ма көзден?!
Бұл өлке қалайша болады азап түнегі,
Ежелгі мұң-зарың аз ба еді, қазақтың елі?
Қайтемін, Аралым, бүгінде қалды сүлдерің,
Төзімі еліне ұқсаған көнбісім менің...
Елдің жүгін қайыспас қара нардай көтерген ақынын аралдықтар ешқашан ұмытпайды. Туған жердің кейінгі жас түлектері оның өлеңдерін жаттап өсіп ержетіп жатыр. Олар үшін ақын Мұхтар Шахановтың Арал топырағында бірнеше мәрте болуы, қиындыққа тап болған жылдары жол көрсетіп, даралық танытқанына құрметпен бас иеді. Елге қызмет етудің ерен үлгісінен тәлім алады. Ақынның жоғары пафосты, ұлттық рухты өлең-жырларын жандарына әрдайым серік етеді. Ол туралы естеліктер – жерлестеріміз үшін құнды.
Ерғали Абдулла